Түркістан кешендері қашан бітеді?
Бұқаралық спортты дамыту арқылы салауатты өмір салтын қалыптастыру – Елбасы Жолдауындағы басым бағыттардың бірі.
Осы орайда Түркістан қаласында да бұқаралық спортты дамытуға бағытталған нақты қадамдар жасалуда.
Қала әкімі Қайрат Молдасейітовтің бастамасымен қасиетті шаһардағы қос бірдей стадионды жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Осы атқарылып жатқан шаруаның барысымен танысып қайтқан өңір басшысы мердігерлерге кесте бойынша белгіленген уақытта және сапалы жұмыс жүргізілуі керектігін ескертті. Тарқатып айтқанда, бір кездері жанкүйерлердің дүбірі үзілмейтін Октябрь Жарылғапов стадионын жаңғырту мақсатында басталған қарқынды құрылыстың қарқыны бәсеңсіп, соңғы жеті-сегіз жылда басталған іс аяқсыз қалған болатын. Осы мәселені шешуді қолға алған қала басшылығы биыл бұл мақсатта облыс басшылығына ұсыныс жасай отырып, бюджет қоржынынан қаржы бөлуге қол жеткізген болатын. Нәтижесінде аталмыш стадионға облыстық бюджет есебінен 55 млн теңге қаржы бөлініп, қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Сонымен бірге Балуан Шолақ атындағы орталық стадионда жабық спорт кешені құрылысы жүргізілуде. Оған жергілікті бюджет есебінен 109 млн теңге бөлініп, құрылыс жұмыстары өз мерзімінде жүргізіліп келеді.
Міне, осы нысандарда атқарылып жатқан тірліктердің барысымен танысып қайтқан қала әкімі Қ.Молдасейітов БАҚ өкілдеріне қос нысандағы жұмыстар осы жылы бітіп, пайдалануға берілетіндігін жеткізді. Сонымен қатар бұл жұмыстардан бөлек, бұқаралық спортты дамыту мақсатында демеушілер есебінен өңірімізде жыл соңына дейін 33 жазық спорт алаңы салынып, барлығын 322-ге жеткізу жоспарланса, бүгінде соның 20-сы салынып, іске қосылғанын тілге тиек етті.
Аталған екі нысанның құрылыс мердігері «Керуен сарай» ЖШС басшысы Б.Ирисметов: «О.Жарылқапов атындағы стадион – Қала күні мерекесі қарсаңында, ал Балуан Шолақ стадионындағы спорт кешені Тәуелсіздік күнінің қарсаңында пайдалануға беріледі», – деп отыр. Әрі осы спорт кешендерінің саны таяуда Ескі Иқан ауылында жаңадан бой көтерген спорт сарайымен толықты.
Жалпы, соңғы кездері Түркістанда даңқты спортшыларға ескерткіш орнату мәселесі де жүйелі жолға қойылып келеді. Мәселен, өткен жылы Сидней Олимпиадасының жеңімпазы Б.Саттархановқа арналған ескерткіш бой көтерсе, осы жылы демеушілер есебінен Түркістан топырағынан шыққан Ә.Нұрмаханов, Х.Аққалиев сынды нар тұлғалы азаматтардың ескерткіштерін орнату қолға алынды.