Тоғызқұмалақ – зияткерлік ақыл-ой ойыны
Тоғызқұмалақ – ата-бабаларымыздан мирас болып қалған басты құндылықтарымыздың бірі. Бүгінгі таңда осы өнеріміздің әлемдік деңгейде танылуына атсалысып жүрген алаш азаматтары аз емес. Осы орайда ұлттық спортымыздың дамуына өзіндік үлес қосып жүрген, тоғызқұмалақтан ҚР мемлекеттік жаттықтырушысы, филология ғылымының кандидаты Мақсат Шотаевты әңгімеге тартқан едік.
– Мемлекеттік жаттықтырушы ретінде тоғызқұмалақтың республика өңірлеріндегі атқарылып жатқан жұмыстарына қандай баға бересіз?
– Облыстардағы туризм, дене тәрбиесі және спорт басқармалары өз өңірлеріндегі спортшыларға қандай да бір турнирлерге қатысып келу үшін қаржы берумен ғана шектеліп отыр. Оның өзінде Солтүстік Қазақстан, Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Атырау облыстарында тоғызқұмалаққа бөлінетін қаржылар жетім қыздың жасауына да жетпейді. Бұл өңірлер республикалық күнтізбелік жоспардағы алты доданың бір-екеуіне ғана қатысады. Онда да әр турнирге екі-үш адам келеді. Ал кейбір облыстарда тоғызқұмалақ кадрларымен қамтамасыз ету мәселесі әлі шешімін таппай отыр. Мәселен, Солтүстік Қазақстанда жаттықтырушылардың біліктілік көрсеткіші төмен болса, Жамбыл облысының орталығы Тараз қаласында Мейрам Ноғайбаев дейтін бір ғана жаттықтырушы бар. Елімізге көптеген танымал спортшылар мен жаттықтырушылар берген бұл облыстың спорт басшылары қайда қарап отыр? Ең болмағанда, Жаңатаста жасөспірімдерді тәрбиелеп жүрген Қазақстанға еңбек сіңірген жаттықтырушы С.Тілеубаевты Таразға алдыруға болмас па екен? Осылай күрмеулі мәселе шешілер еді... Мәселен, 2009 жылы Алматы қаласында бір ғана жаттықтырушы болса, ұлттық мұраның болашағын ойлаған қала спортының басшылары 2010 жылы алты штаттық бірлік ашып, бұрынғы астананың зияткерлік деңгейін көтеруге өз үлестерін қосты. Сондай-ақ бірқатар облыстардың спорт басшылары өз өңірлерінде тоғызқұмалақ қауымдастығын ашуға көңіл бөлмей отыр. Нақтырақ айтқанда, Алматы қаласы, Атырау, Ақмола, Маңғыстау, Қарағанды, Қызылорда және Солтүстік Қазақстан облыстарында аймақтық қауымдастықтар жоқтың қасы. Үздік облыстардың алғашқы үштігіне Павлодар, Қызылорда, Ақтөбе өңірлері кіреді. Керекудің спортшылары республиканың командалық чемпионатын үш рет қатарынан ұтса, Қызылорданың жас зияткерлері өз жас мөлшеріндегі біріншілікте топ жарып жүр. Астана қаласы, Батыс және Оңтүстік Қазақстан облыстарында тоғызқұмалақшыларды демалу-сауықтыру орындарына апару мәселелері жақсы жолға қойылған.
– Тоғызқұмалақтан алғашқы әлем чемпионатын егеменді ел болғалы 19 жылдан кейін ғана, 2010 жылы қараша айында ұйымдастыра алдыңыздар...
– Тоғызқұмалақтан әлем чемпионатының кешеуіл өткізілуінің өзіндік себептері бар. Біріншіден, ұлттық ойынымыз республикамыздың өзінде танымал болмады. Екіншіден, халықаралық аренада бұл ойынды ешкім білмеді. Сондықтан осы олқылықтардың орнын толтыру үшін республикалық қауымдастық Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары Моңғолиядағы қазақтарға семинар ұйымдастырып, бірнеше рет Орта Азия және Қазақстан фестивалін өткізді. Бұл шаралардың прогрессивті сипаты болғанымен, тоғызқұмалақ халықаралық аренада қанатын бірден жайып кете алмады. Сонымен қатар халықаралық додаларды жиі-жиі өткізуге ел қауымдастығының да қаржысы жетіспеді. Осылай жүргенде 15 жыл зулап өте шықты. Содан тоғызқұмалақты ТМД-дан бөлек, Еуропа елдерінде кеңінен насихаттау керек болды. Сол мақсатпен 2006 жылы Лондонда тоғызқұмалақ тұңғыш рет зияткерлік Олимпиаданың бағдарламасына енгізілді. Міне, осы Олимпиада ұлттық ойынымыздың бағын ашты. Ендігі кезекте тоғызқұмалақты көптеген халықаралық зияткерлік Олимпиадалар мен додалардың бағдарламасына енгізу тұр. 2007 жылы Македонияның Охрид қаласында өткен түркі тілдес халықтардың Жастар құрылтайында 40 елден келген 240 делегатқа ұлттық ойыннан семинар өткізілді. 2008 және 2009 жылдары Чехияда дүниежүзілік зияткерлік Олимпиаданың бағдарламасына енді. Шетелдегі тоғызқұмалақ насихатшылары үшін Англияда (2009 ж.), Францияда (2010 ж.), Швейцарияда (2009 ж.), Колумбияда (2009 ж.), Қытайда (2008 ж.), Түркияда (2007, 2008, 2009 жж.), Ресейде (2007, 2008, 2010 жж.), Өзбекстанда (2009, 2010 жж.) бірнеше таныстыру шаралары мен турнирлер ұйымдастырылды. Осылардан кейін ғана, 2010 жылы 1-7 қараша аралығында Астана қаласында тоғызқұмалақтан І Әлем чемпионаты өтті. Чемпионатқа төрт құрлықтың 16 елінен барлығы 43 ойыншы қатысты. Әлем чемпионатына Моңғолия, Өзбекстан, Қытайдан қандастарымыз қатысты. Еуропа елдерінен негізінен жергілікті жерлердегі ойын жанашырлары келді. Біздің міндетіміз — шетелдегі қандастарымыз арасында тоғызқұмалақты кеңінен насихаттау. Бірақ бұл біржақты атқарылатын іс емес, бір жағынан Еуропада тұратын қазақтардың тарапынан да қызығушылық болу керек. Мәселен, 2009 жылы Лондонда өткен кіші Еуропа қазақтарының Құрылтайында тоғызқұмалақтан семинар өткіздік. Сол елдердегі 10-нан аса қазақ мәдени ұйымдарының басшыларымен кездесулер өткіздік, ұлттық ойынымызды таныстырып әртүрлі іс-шаралар ұйымдастырдық. Ең өкініштісі, семинардан кейін солардың бірде-біреуі хабарласқан жоқ. Тек Түркияда тұратын профессор ағамыз Әбдіуақап Қара ғана тоғызқұмалақтың дамуына мүдделі болып отыр. Десек те, еуропалық ойынды қалай үйренуге болатынын айтып, тақта, кітап сұрап хат жазып тұрады. Негізінен, шетелдерде болсын, Еуропада болсын тоғызқұмалақты үйренуге мүдделі болып отырған жастар көп-ақ. Бірақ жергілікті жерлердегі қазақ мәдени орталығының басшылары жүйелі жұмыстар жасай алмай отыр.
– 2007 жылдан бастап ҚР Туризм және спорт министрлігінің Спорт комитеті назар аударып, тоғызқұмалақ ойынына бөлінетін қаржы еселенді. Сол қаржы жеткілікті ме, әлде демеушілер де көмектесе ме?
– 10 миллион теңге... Бұл қаржы 2007 жылы Спорт комитеті тарапынан тоғызқұмалақты дамытуға бөлінді. Қазіргі кезде қаржы 7 миллионға дейін қысқарды. Яғни бөлінген қаржы жеткіліксіз. Неге десеңіз, шетелдің барлығы тоғызқұмалақтың отанын Қазақстан деп біледі. Өздерінде өткізіп отырған жарыстарға біздің келгенімізді қалайды. Өйткені оларда жарысты өткізу құралдары, сауатты төрешілер жеткіліксіз. Олардың бізден үйренгісі келеді. Мәселен, өткен жылы Испанияда, Португалияда, Чехияда мектеп оқушылары мен ересектер арасында турнирлер ұйымдастырылды. Біз қаржы тапшылығынан сол елдерге бара алмадық. Ал ондай додалар жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақ сияқты көбейіп келеді. Мәселен, Чехия мен Испанияда тақта жеткілікті. Оларға біз жеткізіп бергенбіз. Португалияда бір тақта жоқ. Олар жарысты қалай өткізеді? Еуропадағы елдер тақта тапшылығын компьютерлік бағдарламалар арқылы шешіп отыр. Сондықтан бізге Спорт комитеті тарапынан да, демеушілер тарапынан да үлкен қолдау керек. Қазіргі бөлініп отырған қаржы шетелде өтетін үш-төрт турнирге барып келу мен Қазақстандағы ресми чемпионаттарды өткізуге ғана жетеді. Сондықтан қазақтың зияткерлік ойынын, рухани деңгейін енді танып келе жатқан шетелдерге тоғызқұмалақты сіңіре беру үшін демеушілер көмегі қажет.
– Әр халық ұлттық ойын ережелерін өз дүниетанымына сәйкестендірген. Ал тоғызқұмалақтың ерекшелігі неде?
– Тоғызқұмалақ ойынынан ата-бабаларымыздың өмір сүру салтын көреміз. Тоғызқұмалақ – феномен ойын. Бір қызығы, тоғызқұмалақ ережелерін саралап, талдаған сайын, ертедегі бабаларымыздың танымына таңғаласың. Кім қарсыласынан артық жинаса, сол ұтады. Егер екі ойыншы бірдей жинаса, тең нәтиже тіркеледі. Бұл ережелерден көнедегі адамдардың ойлау деңгейі мен әлемді тану түсінігі көрінеді. Бүгінгі күні жеті ата дәстүрін тек қазақ халқы сақтағаны секілді, тоғызқұмалақ тектес басқа ойындарда – «тұздық» ережесі кездеспейді. Тұздық – ойында қолданылатын амал-тәсілдердің көбеюіне әкелетін ереже.
– Қазақстаннан басқа қай елдерде тоғызқұмалақ қауымдастықтары бар?
– Бүгінгі күні Қазақстанда, Қырғызстанда, Өзбекстанда, Ресейде (Таулы Алтай Республикасы), Моңғолияда қауымдастықтар бар. Ал Испанияда, Чехияда, Португалияда, Түркияда тоғызқұмалақ үйірмелері жұмыс істейді. Еуропада алғаш рет Прагада (Чехия) тоғызқұмалақ қауымдастығы тіркелген. Тоғызқұмалақты дамытуға осы қауымдастықтар мен үйірмелер де өз үлесін қосады деп ойлаймын. Тоғызқұмалақты дамыту арқылы Қазақстанды зияткерлік орталыққа да, туристік орталыққа да айналдыруға болады. Мәселен, Еуропада «зияткерлік туризм» деген термин кеңінен таралған. Ол бізде әлі қалыптаспаған. Өздерінің зияткерлік деңгейін арттыру үшін еуропалықтар зияткерлік Олимпиадалар мен фестивальдерге қатысады және ұйымдастырады. Осы зияткерлік туризм арқылы Чехия жыл сайын қыруар қаржы тауып отыр. Яғни Қазақстан тоғызқұмалақ пен мангаланы дамыту арқылы оның орталығына айналса, зияткерлік туризм өздігінен дамитын еді.