12 мамыр күні қазақ футболының көрнекті тұлғасы Тимур Сегізбаев ағамыз 73-ке толды. Ардагер аяқдопшыны отандық басылымдар жапа-тармағай құттықтап мақала жазбаса да, ел есіне салғандары болды, деп жазады «Алаш айнасы» газеті.
Тимур Сегізбаев 1941 жылы 12 мамырда қазақ футболының арна тартқан қайнар көзі саналатын Семей топырағында туған. Тимур аға – қазақ футболының мақтанышы, дастаны һәм жарық жұлдызы. Алаш аяқдобының ақсақалы, сақ елінің сайын даласынан шыққан теңдессіз теңбіл доп шебері. Қазақтың да теңбіл допты ұршықша үйіріп, түзу тебе алатындығын дәлелдеген талантты тұлға.
Бір ғана мысал. 1964 жылы 26 тамызда «Қайрат» орыс халқының мақтанышы болған «Спартакты» Мәскеуде 2:0 есебімен тізерлетеді. Сонда екі голды да асқан шеберлікпен Тимур Сегізбаев соғып, мамандар мен жанкүйерлерді таң қалдырған. Ертеңінде Мәскеудегі орталық газеттерде Кеңес футболының аузы дуалы маманы Николай Старостиннің пікірімен, «Тимур и его команда» деген көлемді мақалалар жарыққа шығады. Содан, көпке дейін «Қайрат» тура осылай, «Тимур и его команда» деп аталған. Қазір ондай бар ма?..
Бірақ бүгінгі біздің айпағымыз бұл емес. Мүлде басқа. Тимур ағаның туған күнінде орыс тілді отандық басылымдар көлемді мақалалар берді. Кейбіреуінің ішінде бірер шумақ өлең жолдары да жүр. Жалпы, Тимур аға туралы жазылған орысша мақалалар мен кітаптардың ішінен өлең-жырды жиі кездестіруге болады. Ал қазақ тілінде Тимур Сегізбаев туралы жазылған тақпақ, өлең, жыр – ештеңе кездестірмедім...
Бәлкім, мен аз оқитын шығармын деп, үлкен буын ағаларыммен хабарласа бастадым. Несіп Жүнісбайұлы дөп басып айтып бермеді. Сайын Тұрсынов ағамыз біраз ойланып, есіне ештеңе түсіре алмады. «Өзі ән жазып жүруші еді, өлең-жырға жақын ғой» деп, Сұлтанғали Қаратайұлымен де хабарластым. Сұлтекең де қуантпады...
Мүмкін емес қой! Қазақ тілінде Тимур Сенгізбаев туралы бір шумақ өлең шығарылмауы мүмкін емес қой.
«Қайратым деп біз жүрміз, қайрат қылмай сен жүрсің» деп жырлаған арқалы ақынымыз Әбілдә Тәжібаев, қайда барса да, жыр-шашуын қойнына салып баратын, сыршыл лирик ағамыз Тұманбай Молдағалиев және қазақтың басқа да ақиық ақындары «Тимур Сегізбаев туралы бір шумақ өлең шығармады» дегенге сене алар емеспін.
Бәлкім, бізге жетпей жатқан шығар. Мүмкін, жарыққа шықпай немесе қолжазбалардың ішінде көзге ілінбей, байқаусыз жатқан да шығар...
Солар табылғанша деп, солар бізге жеткенше деп, Сарыарқада спорт саласына қалам тартып жүрген Қайрат Абдолла замандасыма қолқа салып, екі шумақ өлең шығартып алдым:
Тимурсыз «Қайрат» шіркін оза алдың ба?
Бұл шындық - түсе алмайтын сөз алдына.
Қазағым футбол десе, «Қайрат» десе,
Қасқайып сен тұрасың көз алдымда!
Дауыл ең, дода десе ойнақ салған,
Алаңда басқан ізің сайрап қалған.
«Қайраттың» найзасының ұшы едің,
Намысы ең қазағымның қайрап салған!