Алматыдағы «Достық» спорт кешенінде ширек ғасырдан астам уақыт қазақ спортын басқарған көрнекті мемлекет қайраткері Аманша Ақпаевтың 75 жылдық мерейтойына орай ұлттық жекпе-жектен еліміздің үздік спортшылары арасында ашық турнир өтті.
Марқұм Аманша Сейсенұлын еске түсіруге арналған турнирді ҚР жекпе-жек федерациясы мен Алматы қаласы әкімдігі бірлесіп ұйымдастырды. Білекті де жүректі жігіттердің аталмыш айқастарына ұзын саны 100-ден астам спортшы қатысып, тоғыз салмақ дәрежесі бойынша бабы мен бағын сынады.
Турнирдің салтанатты ашылу рәсімінде сөз алған атпал азаматтар, спорт ардагерлері Аманша Сейсенұлының қазақ спортына сіңірген ерен еңбегі, кәсіби қабілеті мен біліктілігі, адамгершілігі турасында өз ойларын айтып, марқұмның рухына тағзым етті. 1971 жылы Қазақ ССР-нің Дене тәрбиесі мен спорт комитетінің төрағасы қызметіне тағайындалған 34 жастағы Аманша Ақпаев еліміз өз алдына егемендік алғанға дейін өз міндетін абыроймен атқарып, 1993-2000 жылдар аралығында Ұлттық олимпиадалық комитетті табысты басқарды.
1996 жылы АҚШ-тың Атланта қаласында алауын жаққан жазғы Олимпиада ойындарына Қазақстан спортшылары тұңғыш рет Тәуелсіз мемлекет ретінде қатысып, үш алтын, төрт күміс, төрт қола жүлдеге қол жеткізді. Ал 2000 жылғы Сидней Олимпиадасында жерлестеріміз үш алтын, төрт күміс медаль олжалады.
Осы жетістіктері үшін Аманша Сейсенұлы «Құрмет» орденімен және «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағымен марапатталды. Ел спортының өркендеп өсуіне орасан зор үлес қосқан тұғыры биік тұлғаның бұдан өзге де орден-медальдары, атақ-дәрежелері бір басына жетіп-артылады.
Өкінішке қарай, осындай ардақты азаматты еске алу турнирінде еліміздің жоғары лауазымды спорт басшылары төбе көрсетпеді. Бәлкім, олардың бұл шарадан да маңызды қауырт шаруалары болып, қолдары тимеді ме екен? Алайда осы келеңсіз жайттың өзі турнирдің жоғары деңгейде, қызықты әрі тартысты өтуіне көлеңкесін түсірген жоқ.
«Достық» спорт кешеніне жиналған қалың жанкүйер көктегі Тәңір мен көкіректегі жүрегіне ғана сенетін «көк бөрілердің» жан алысып, жан беріскен адуынды айқастарына куә болып, қошемет көрсетті. Әсіресе жекпе-жек десе ішер асын жерге қоятын көпшілік алматылық «Алаш-Прайд» клубының үздік өкілдерінің бірі, 65 келі салмақтағы Ержан Естановтың өнеріне тәнті болды. Ержан осыған дейін жекпе-жектің түрлі тұжырымдары бойынша өткен халықаралық турнирлерде 22 кездесу өткізіп, соның 20-сында жеңіске жеткен. Ал екі жеңілісінің соңғысы қыркүйек айының соңында Жапонияда атақты Казуюки Миятамен болған жекпе-жекте тіркелді. Сондықтан Аманша Ақпаевты еске түсіру турниріне «Алаш-Прайдтың» «Арланы» тек жеңіс үшін келгенін жасырған жоқ. Финалға дейінгі қарсыластарын бет қаратпай жеңген Естанов ақтық айқаста «Кинг» клубының үміті Қанат Рахымовты екінші раундта қылқындыру әдісімен жеңіп, атына заты сай екенін дәлелдеді.
«Алаш-Прайдтың» тағы бір өкілі, 70 келідегі Ермек Тлауов та жанкүйерлердің қызу қошеметіне ие болды. Ермек ережесіз жекпе-жектен әлемнің үш дүркін чемпионы Ардақ Назаровтың «Әлем-Файтерс» клубында өнер көрсететін танымал спортшы Нариман Мұсаевты 20 секундқа жеткізбей жойқын соққысымен нокаутқа жіберіп, таза жеңіске қол жеткізді.
Дәл осындай жағдай аса ауыр салмақтағы алыптардың ақтық айқасында да қайталанды. «Алашпрайдтық» Шахмарал Жепісов Жамбыл облысының спортшысы Аманжол Турабаевты небары 15 секундта оң қолының алапат соққысымен боз кілемге есінен тандыра сұлатып салды.
Ал 85 келідегі өскемендік «Антей» клубының өкілі Райхан Мәдинов пен «Алаш-Прайдтың» мүшесі Артем Резников арасындағы жекпе-жек өте тартысты өтті. Еркін күрестен спорт шеберлігіне үміткер, мығым денелі Артем 5 минуттық алғашқы раундта өскемендік тәжірибелі қарсыласын қайта-қайта астына жығып алып, сәл-пәл басымдық көрсеткендей болды. Алайда екінші раундта әккі Райхан 20 жастағы бәсекелесінің осал тұсын тауып, қылқындыру әдісімен таза жеңіске жетті.
Турнир қорытындысында жеті салмақ дәрежесінде үздік шыққан «Алаш-Прайд» клубы командалық есепте топ жарса, екі алтын олжалаған өскемендік «Антей» клубы екінші орынды иеленді. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге ұйымдастырушылар тарапынан кубок, медаль, дипломдармен қоса, қомақты сыйақылар табыс етілді. Ұлттық жекпе-жектен өтетін келесі дүбірлі дода осы айдың 26-27-сінде Талдықорған қаласында жоспарланып отырған Қазақстан кубогы болмақ.
Сабыржан Махметов, ҚР жекпе-жек федерациясының президенті:
– Халқымызда «Өлі разы болмай, тірі байымайды» деген аталы нақыл сөз бар. Бұл жалғанда ешкім мәңгі жасамайды. Сондықтан өмірден өткен ардақты ардагерлерімізді ұмытпай, еске алып тұру – бәріміздің адамдық, азаматтық парызымыз. Аманша ағамыз – қазақ спортын дамыту бағытында ұзақ жылдар бойы аянбай тер төккен тарихи тұлға. Өкінішке қарай, мұны қазіргі жастардың көпшілігі біле бермейді. Өйткені оған біз, яғни аға буын кінәліміз. Ел спортының тізгінін ұстап отырған қазіргі шенділердің барлығы дерлік сол кісінің шекпенінен шығып, шапағатын көрген. Алайда соңғы жылдары Ақпаевтың отандық спортқа сіңірген үлкен еңбегі турасында көп айтыла бермейтін болды. Сол себепті Аманша ағамыздың көзін көрген, қолдауын сезінген мен сияқты өзге де спорт саласында жүрген азаматтар өткенімізді ұмытпай, өскелең ұрпаққа жан-жақты насихаттай білуіміз қажет. Амал не, бұл еске алу турниріне жоғарыда отырған спорт басшылары келмеді. Бірақ ойланар деген үмітім бар. Ал Аманша Сейсенұлын еске түсіру турнирін, бұйыртса, болашақта халықаралық деңгейге көтеруге күш саламыз.
Аманша Ақпаев турнирінің ақтық айқастары
(жеңгендер бірінші жазылды):
55 келі: Бекжан Өтемісов («Алаш-Прайд», Алматы) – Мейір Әбілғазиев (62-гимназия, Алматы)
60 келі: Рауан Дарынбаев («Алаш-Прайд») – Айбек Молдағұлов («Еділ», Алматы)
65 келі: Ержан Естанов («Алаш-Прайд») – Қанат Рахымов («Кинг», Алматы)
70 келі: Ермек Тлауов («Алаш-Прайд») – Нариман Мұсаев («Әлем Файтерс», Алматы)
75 келі: Айбек Сәметаев («Антей», ШҚО) – Елшан Мұхтаров («Салладин», Алматы)
80 келі: Шахвалад Юсупов («Алаш-Прайд») – Руслан Рахманов («Еділ», Алматы)
85 келі: Райхан Мәдинов («Антей») – Артем Резников («Алаш-Прайд»)
90 келі: Әділ Боранбаев («Алаш-Прайд») – Дулат Әбдіраимов (Қапшағай)
+ 90 келі: Шахмарал Жепісов («Алаш-Прайд») – Аманжол Турабаев («Қордай», Жамбыл облысы)
Бақтияр ӘСІРЕНКИЕВ, арнайы «Алаш айнасы» үшін