Тайлақ көтеріп жұртты таңғалдырған жігіт
Бірер күннен соң қазақ күресі жанкүйерлерінің назары Астанаға ауады. Себебі «Сарыарқа» велотрегінде «Қазақстан Барысының» ақтық сыны өтеді. Осындай дүбірлі додаға іріктеу сындарынан іркілмей өткенімен, оқу-жаттығу жиындарында жарақат алып, қатыса алмай жүрген талантты жастар да баршылық. Солардың бірі – Алматы қаласындағы Спорт және туризм академиясының ІІІ-курс студенті Олжас Қайратұлы. Жақында осы талантты жігітпен тілдесіп қайтқан едік.
Балуан жігіт Алматы облысы Алакөл ауданы Жоңғар қақпасы деген жерде туыпты. Балуандық өнер ата-бабаларынан дарыған секілді. Әкесі ат құлағында ойнаған, өз өңіріне танымал, белгілі шабандоз болған. Негізі, балуандық қасиет нағашыларынан да дарыған секілді. Нағашы атасы кезінде күрестен ересектер арасында СССР спартакиадасын жеңіп алған екен. Аты-жөні – Қалиасқар Әбиев.
Күреске келуіне алғашқы бапкері Бағлан Айтақынұлы Ақташев себепкер болыпты. Мектепте оқып жүрген кезінде ауыл бапкерінің көзі осы жігітке түседі. Дене бітімі мығым, күреске де икемді екенін байқайды. Содан Олжасты күреске баули бастайды. Жас балуан сол кезден бастап осы бапкердің қол астында жаттығып келген.
Қазіргі таңда Сидней Олимпиадасының қола жүлдегері Айдын Смағұловтың қол астында жаттығып, үлкен спорттың дәмін татып жүр. Олжас: «Айдын ағамның сенімін ақтап, биік шыңдарды бағындырсам, өз өнеріммен бапкер ағама еңбегінің жемісін көрсетсем», – дейді.
Өздеріңіз білесіздер, Олжас түйе көтеріп, бүкіл елді таңғалдырған. «Күш атасын танымайды» деген осы болса керек. Студенттер күнде өздері көріп жүретін осы жігіт «түйе көтеріпті» дегенді естігенде сенбеген де. Қайдан сенсін, екі иығына екі кісі мінгендей алып емес, өздерімен бірге жүрген жігіт емес пе...
Өзі болса күнделікті қарапайым кейпінен арылмай:
– Киелі жануарды көтеріп қана қоймай, арқалап алып, 16 қадам жүру менің түсіме де кіріп шықпаған. Бұл сайыс – қазақтың қанында ежелден келе жатқан дәстүрлі спорт ойындарының бірегейі. Ал мен төрт түлікті бағып, қарап өстім. Бірақ оларды ешқашан көтеріп көрмеген екенмін. Сол бір Талдықорған қаласындағы ұйымдастырылған шараға бапкерлердің ұсынысы бойынша барған болатынмын. Бапкерлерім маған сенімді болған болулары керек. Олардың ұсыныстарынан бас тарта алмадым. Тәуекелге бел буып, ортаға шықтым. Сайысқа жеті жігіт қатыстық. Алғашқы шыққан алты балуан тайлақты орнынан қозғай алмады. Ең соңынан мен шықтым. Алғашқы екі мүмкіндігімде ыңғайсыздық жағдайларға байланысты тайлақты құлатып алдым. «Ер кезегі үшке дейін» демекші, үшінші мүмкіндігімде тайлақты мойныма салып алып, 16 қадам жүрдім. Осы еңбегімді бағалаған қала басшылары көтерген түйені маған сыйға тартты.
Олжас – жыл сайын өткізіле бастаған «Қазақстан Барысы» жобасын қуана қолдайтындардың бірі. Қазақ күресін дамытып, жетілдіре түсудің бірден-бір жолы осы жоба деп есептейді. Аталған бүкілхалықтық жобада бақ сынап, жүлде алу әрбір балуанның арманы ғой. Олжас былтыр «Қазақстан Барысының» іріктеу сындарынан іркілмей өтіп, «Жетісу Барысы» атанған болатын. Алайда жаттығу барысында белін жарақаттап алып, боз кілемнен екі айға жуық қоштасуға тура келіпті. Ал биылғы жылғы іріктеу сынында бағы жанбай, дарынды Олжас «Қазақстан Барысының» ақтық сынына қатысу құқығына қол жеткізе алмаған. Тіпті беделді бір бапкердің шәкіртімен белдескенінде, төрешілер қақпайлай бергендей. Бірақ өзі бәріне өзін кінәлайды:
– Бар кінәні төрешілерге арта беруге болмайды. Кінә өзімнен. «Шын мықтыға тұсау жоқ» демекші, қарсыластарымның апшысын қуырып, бәрін де айқын басымдылықпен жеңу керек еді. Ал олай таза жеңе алмаған соң, қысыр сөз айтып қажеті не? – деп қауесет сөздерге нүкте қойған.
Олжас «Қазақстан Барысының» биылғы ақтық сынына шыққандардың бәрін сайдың тасындай іріктелген талантты балуандар деп санайды екен. «Ұлан Рысқұл мен Бейбіт Ыстыбаев салған сара жолды былтырғы жылғы қола жүлдегер, қазақ күресінен ел чемпионы Айбек Нұғымаров жалғастырып, топ жарады» деп ойлайды екен.
Қоштасарда алға қойған мақсаттарының өте көп екенін тілге тиек етті:
– «Армансыз адам қанатсыз құспен тең» демекші, Алла сәтін салса, «Жетісу Барысы» атанып, «Қазақстан Барысында» жүлдеге іліксем деймін. Амандық болса, Спорт және туризм академиясын ойдағыдай бітіріп, күрес саласында өзімнің ізімді қалдырып, күреске икемі бар ауыл балаларын қазақ күресіне баулысам деймін. «Өзім жете алмаған шыңдарды шәкірттерім бағындырса» деген арман әлден мазалайды – дейді.
Біз де тайлақ көтеріп жұртты таңғалдырған шымыр жігітке «арманыңа жетіп, үлкен спортта өз ізіңді қалдыруыңа тілектеспіз» деп қош айтыстық.