Сый қылсаң, сыпыра қыл

Сый қылсаң, сыпыра қыл

Абай ОМАРОВ (коллаж)

Әр Олимпиада ойындарынан кейін жүлдегерлерді ұлықтап, ат мінгізіп, шапан жауып, қала берді, басына баспана беру үрдісі барлық елде бар шығар. Біз де мұндай дәстүрден ешқашан қалыс қалған емеспіз. Мүмкін, сыйақы үлестіруден тіпті алдымызға жан салмайтын да шығармыз. Әр аймақ батырларын шама-шар­қынша ұлықтап, төбелеріне көтеріп жатады. Бірақ Алматы қаласына келгенде, әйтеуір, бір түсініспеушіліктің орын алып жататыны жасырын емес. 2008 жылғы Бейжің Олимпиадасынан кейін «алтын» ұлымыз Бақыт Сәрсекбаевты сергелдеңге салған мегаполис басшылары енді, міне, Лондон Олимпиадасының қола жүлдегерін жылатып барып, жұбатты. Осы орайда Алматы қаласы батырларының қадірін біліп жүр ме деген заңды сұрақтың туындайтыны да рас.

Жылатты да, жұбатты
Жүлдегерлерін ұлықтау әр аймақтың жазылмаған дәстүрі емес пе?! Олим­пиадаға оңтүстік астананың атынан қаты­сып, қола жүлдеге қол жеткізген Гүзел Манюроваға да Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов «Ақсай-3» ықшамау­данынан екі бөлмелі пәтердің кілтін салтанатты түрде табыстаған болатын. Бірақ артынан белгілі болғандай, Ман­юрова әлгі пәтерге келсе, есік құлпына кілті сәйкес келмейтін болып шығады. Тіпті есіктің ар жағынан бір кішкентай қыз үйде әке-шешесі жоқтығын айтса, көршілері бұл үйде бұрыннан адамдар тұратынын білдіріп, Гүзелдің өзіне дүрсе қоя берген. Кейін БАҚ арқылы көпшілікке тарап, арты дауға айналып бара жатқан соң ғана Ал­маты әкімшілігі бұл түсініспеушілікті жуып-шаюға кіріседі. Алдымен әкімнің баспасөз қызметінің жетекшісі Сергей Куянов: «Үй 2009 жылы салынған. Ал пәтер  – әкімшілік резервінде тұрған бас­паналардың бірі. Онда ешкім тұрған жоқ. Үш жыл бойы бос тұрғандықтан, пәтерге арнайы адамдарды жіберіп, аздаған жөндеу жүргізу тап­сы­рылған. Манюрова ол үйге сәл ертелеу барып қойды», – деп мәлімдеме жасады. Одан кейін Алматы қаласының әкімшілігі Тұрғын үй бас­қармасы басшысының бі­рінші орынбасары Тұрысбек Ізмағанбетов БАҚ-қа сұхбат беріп, ол жақта, шынымен де, ешкімнің тұрмайтынын, түсінгенінше, Манюроваға әлгі ауданның аса ұна­май­тынын айтып, тіпті «ол үйде өзім де тұруға қарсы болмас едім» деп ағынан жарылды. Ал одан кейін Алматы әкімінің бірінші орынбасары Серік Сейдумановтың өзі бастап барып, журналистердің көзінше Манюроваға әлгі пәтерді көрсетеді. Қы­зық, шынымен де, пәтерде жөндеу жүріп жатыр екен. Дуалы әктеліп, едендері сыр­ланып жатқанының үстінен түскен жур­налистер де бұған аң-таң болысты. Ал әкім орынбасары Гүзелге кілт­тің түп­нұс­қасы емес, символдық көшірмесінің бе­ріл­гендігін айтып өтті. Тіпті кезінде өзі де осындай жағдайға тап болғанын еске ала кетті.
– Негізі, спортшыны құттықтап, пәтер кілтін табыстау шарасы кезінде оған кілттің түпнұсқасы емес, символдық көшірмесі берілген болатын. Кезінде мен де осындай жағдайға тап болғанмын. Пәтер кілтін қолыма алып, жетіп барсам, құлыпқа сәйкес келмейді. Мен де сол кезде аздап ренжіген едім. Сондықтан Гүзелді түсінуге болады, – деген еді Серік Сейдуманов сол кезде.
Әлбетте, біз Манюрованы ақтағалы отырған жоқпыз. Оған онсыз да керемет құрмет көрсетіліп, қола жүлдесі үшін Үкі­мет тағайындаған 75 мың АҚШ дол­ларын алды. Осы қаржыға-ақ Алматыдан пәтер сатып алуына болады. Сондықтан қо­сым­ша сыйақы талап етуінің жөні жоқ. Оның үстіне «ол – легионер. Кез келген сәтте пә­терін сатып, өз еліне кетіп қалуы мүмкін» деушілерге де қарсы уәж айта алмаймыз. Яғни Қазақстанда мәңгі қа­ларына кепіл жоқ. Дегенмен Манюрова ешкімнің ал­дына барып, «маған пәтер беріңіздерші» деп сұранып барған жоқ қой. Олимпиадаға оңтүстік астананың атынан қатысқан­дықтан, Алматы қаласы әкімшілігінің өзі жүлдегерге екі бөлмелі пәтер беруді шешкен болатын. Мұны бізге шағын сұх­батында Гүзелдің өзі айтты.
– Рас, Олимпиададан кейін бір газеттің журналисі келіп, мен тұрған жатақханада сұхбат алған. Сол кезде пәтерсіз екенімді айтқанмын. Бірақ ешкімнен баспана сұраған емеспін. Ал Алматы қаласының әкімі екі бөлмелі пәтердің кілтін ұстатқанда қуанышымда шек болған жоқ. Алып-ұшып көрсетілген мекенжайға келсем, кілтім құлыпқа сәйкес келмеді. Есіктің ар жағынан кішкентай қыздың «үйде әке-шешем жоқ» деген дауысын естіп, төбемнен біреу су құйып жібергендей болды. Өзге біреудің үйін бізге бергені ме? Артынан анықтасам, мен ол үйге ертерек барып қойыппын. Кейін маған әлгі отбасыны басқа жаққа қоныс аудартқанын айтты. Бәрі де оңды шешілді. Бірақ дауға жол берілгені өкінішті, – деді бізге Гүзел Манюрова.
Сәрсекбаев та сергелдеңге түскен еді
Жалпы, Алматы қаласының әкімшілігі бірінші рет мұндай дауға қалып отырған жоқ. 2008 жылғы Бейжің Олимпиадасынан кейін «алтын» ұлымыз Бақыт Сәрсекбаев та әбден сергелдеңге түскен. Олимпиа­дадан кейін Алматы қаласының әкімі тарту еткен үш бөлмелі пәтерін арада екі жылдан кейін өз атына аударып алғысы келген боксшы күтпеген жерден тығырыққа тіреледі. Сөйт­се, оған коммуналдық қор­дағы пә­терді беріпті. Ал мұндай баспананы тек бес санаттағы адамдар ғана жеке­шелендіре алады. Олимпиада чемпион­дары мұндай санатқа жатпайды екен. Әділдік іздеп, аһ ұрған Бақытқа сол кезде қала әкімі Ах­метжан Есімовтің өзі көмектескен бола­тын.

Марат Мәзімбаев, кәсіпқой бокстан әлемнің экс-чемпионы:
– 2005 жылы кәсіпқой бокстан әлем чемпионы атанғанымнан кейін Ал­маты қаласының бұрынғы әкімі пәтер кілтін сыйлаған. Бірақ артынан белгілі болғандай, мен бұл баспананы өз атыма жекешелендіре алмайды екенмін. Жүгірмеген жерім, кірмеген кабинетім қалмады. Бірақ ешкім де көмектесе алған жоқ. Анығына үңілсем, бұл үйді өз атыма аудара да алмаймын, бірақ ешкім менен тартып ала да алмайтын болып шықты. Ал өз атыма аударуым үшін сатып алуым керек екен. Сонда өзіме сыйлаған сыйлықты өзім сатып алмақпын ба?! Бүгінде сол үйде әлі тұрып жатырмын. Жалпы, меніңше, осы мәселеде заңға өзгерістер қажет-ақ. Халықаралық аренада зор табысқа кенелген спортшы үйдің толыққанды иесі бола алатындай өзгеріс енгізілсе...

Тұрысбек Ізмағанбетов, Алматы қаласының әкімшілігі Тұрғын үй басқармасы басшысының бірінші орынбасары:
– Манюрованың мәселесіне нүкте қойылды. Аздаған түсініс­пеушіліктің орын алғаны рас. Бірақ мұның барлығы реттелді. Бүгінде пәтер кілті қолында, көңілі тоқ. «Ризамын» деп сұхбат та беріп жатыр. Сондықтан оған алдағы уақытта тек сәттілік тілейміз. Енді келесі Олимпиадада уәдесінде тұрып, алтын алады деген үміттеміз. Негізі, түсініс­пеушілік туғаны рас. Бірақ ол пәтерде бұрын-соңды ешкім тұрмаған. Гүзелге сол баспана берілетін болғандықтан, «Ақсай-3» ықшам­ауданының №85 үйінің төртінші қаба­тындағы әлгі пә­терге алдын ала жөндеу бригадасын жіберіп, қарайған дуалдарды әктеуді, басқа дүниелерін сырлауды тап­сырғанбыз. Қазір жөндеу бітті. Егер шақырса, өздеріңіз де үйінде қонақта болуларыңызға болады. Ал жеке­шелендіріп алу мәселесі болашақта шешімін табуы тиіс. Бұл – аса проблема емес. Алдымен Гүзел сол үйге тіркеуге тұрып алып, құ­жаттарын реттестіруі керек. 

Түйін
Иә, бұл – көптеген фактінің ішіндегі тек екі мысалы ғана. Бір қызығы, мұндай дау басқа емес, әрдайым Алматы қаласының әкімшілігінен ғана шығуда. Мәселен, Манюрованың жағдайынан бөлек, Сәрсекбаев секілді  сыйға пәтер алып, оны өз атына аудара алмай жүрген спортшыларымыз Алматыда баршылық. Олардың арасында кәсіпқой бокстан әлем чемпионы Марат Мәзімбаев та бар. Әлбетте, Алматы қаласының әкімшілігі әу баста еш нәрсе бермесе де, ешкім назар аудармас еді. Ал ақыры құрмет көрсеткен екен, артын дауға ұластырмауға да болар еді ғой. Оның үстіне көңілдерін қалдыра беретіндей қазақта Олимпиада жүлдегерлері де аса көп емес. Барды бағалап, спортшыларға қандай жағдай жасасақ, сондай құрметке ие болу үшін өзге спортшыларымыз да биіктерге талпынарын ұмытпағанымыз жөн. Әлде спортшы тек Олимпиада кезінде ғана керек те, одан кейін қажет емес пе?

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста