Спорт жұлдыздарының имиджін қалыптастыру
Спорт пен шоу-бизнестегі тұлғалардың өмірі қарапайым халық үшін қашанда қызық. Сол себепті алаңда ғана емес, алаң сыртында да спортшының өз-өзін ұстай білуі – аса маңызды нәрсе. Әлем спортының жұлдыздарына «имидж» сөзі таңсық емес. Халықтың алдында жүрген соң, әр сөзге абай болып, әр қадамды ойланып жасау керектігіне кеңес беретін мамандар жетіп-артылады. Ал Қазақстанда қалай?! Отандық спортшылардың бет-бейнесін қалыптастыра алып жүрміз бе?! Танымал спорт қайраткері Сұлтанмахмұт Шоқбытовтың ойынша, бұл жүйе бізде әлі орнаған жоқ.
– Сұлтанмахмұт Ноқатұлы, қазақ спортында бұрын-соңды болмаған жаңа жобаны қолға алып, тыңнан түлен тартып жатқаныңыздан хабардармыз. Осыған тоқтала кетсеңіз.
– Өнер адамдарына қарағанда, спортшылардың сөзге сараң, мінезі ұяң болып келетіні рас. Бар уақытын жаттығу залдарында өткізіп, назарын нәтижені еселеуге ғана бөлген спортшының бұл қасиетін түсінуге болады. Алайда жетістікке жетіп, халықтың аузында жүрген соң, спортшының өзіне көп көңіл бөлуіне тура келеді. Жүз пайыз жақсы мінезден тұратын адамның болмайтыны хақ. Пенде болған соң, кемшіліктіреміз де көрініп жатады. Қарапайым адамнан гөрі танымал тұлғаның, оның ішінде спортшының кемшін тұстары тез көрініп, халық арасына тез таралып кетеді. Оның үстіне, абайсызда айтып қалған бір сөздің өзі елі алақанында ұстап отырған спортшының маңдайына таяқ болып тиюі мүмкін. Сондай келеңсіз сәттерден құтқарып, спортшының өз имиджімен жұмыс жасауына көмектесетін ұйымдар бізде жоқтың қасы. Сол себепті мен серіктестеріммен бірлесе отырып, «Спортвиплист» атты қоғамдық қорды құрдым. Қордың басты мақсаты – танымал спортшылардың бет-бейнесін қалыптастыруға үлес қосу. Әзірге әріптестерім ғылым, мәдениет тағы да басқа салалардағы атақты адамдармен жұмыс істеп көрген. Ал спортшылармен бірінші рет байланысқа шығып отыр. Енді біз спортшыға қалай көмектесіп, қандай кеңес береміз деген заңды сұрақ туындайды. Бірінші кезекте, спортшының брендін қалыптастыруға күш саламыз. Мәселен, Ермахан Ыбырайымов. Сидней Олимпиадасының чемпионы, қазақтың маңдайына біткен батыр ұлдардың бірі. Оның танымалдығында шек жоқ. Өйткені Ермаханның атын естігенде еңбектеген баладан еңкейген кәріге дейін елең ете қалады. Өз-өзін ортада қалай ұстау керек екендігін беске білетін адам. Бұл жерде біз чемпионның танымалдығын өз пайдасына жаратуға көмектесеміз. Оның қалыптасқан брендін одан әрі жандандыру – біздің басты міндеттеріміздің бірі.
– Былтырғы жылдың қорытындысы бойынша теннисші Мария Шарапова Реседегі жарнамадан ең көп табыс тапқан спортшы ретінде тарихта қалды. Түрлі әлемдік брендтерді жарнамалауға шақырту алды. Сондай-ақ Александр Овечкин, Андрей Аршавин сынды спортшылардың өзі – жарнамадан ақша ғана емес, абырой жинап алғандардың қатарында. Ал одан бір мысқал да кем түспейтін қазақтың чемпиондарын тек қана мерекелік баннерлерден көреміз. Қазақ спортшыларының жарнамада бой көрсетпеуінің себебі олардың имидж тұрғысынан артта қалуынан ба, сонда?
Қазақ спортшыларын жарнамаға тарту да біздің міндеттерімізге кіреді. Бренді қалыптасқан спортшы кейін сұранысқа ие болатыны сөзсіз. Ал сұраныстағы адам сұраныстағы тауарды жарнамаласа, екі жаққа да көп пайда келеді. Біздің қор өз жұмысын бастай сала коммерциялық мақсатты көздемейді. Бірақ уақыт өте келе, еңбек нәтижесін бере бастағанда, жарнамаға түсу секілді табыс әкелетін жақтарға мойын бұрамыз. Осы күнге дейін Ермахан Ыбырайымовпен және грек-рим күресінің шебері Әсет Мәмбетовпен бірлесе жұмыс істедік. Бірнеше фотосессия ұйымдастырып, селфбрендингке мән бердік. Селфбрендиг ағылшын тілінен аударғанда, өзін-өзі жасау деген мағына береді. Яғни халықпен үнемі байланыста болатын жан әрқашан өз-өзін толықтырып, ізденіп жүруге міндетті. Халықтың есінде мейлінше жақсы қасиеттерімен, ұтымды сөздерімен қалғаны дұрыс. Мысалы, Бейжің Олимпиадасының чемпионы Бақыт Сәрсекбаев үнемі ашу үстінде жүретін жан секілді есте қалады. Бұл оның табиғи мінезі де шығар. Бірақ бізде толып жатқан Олимпиада чемпионы жоқ. Сол себепті батыр ұлдың жарқын жеңісінен өзге, оның жағымды бейнесі де халықтың жүрегінде қалғаны жөн. Бізде спортшылар мен қарапайым жанкүйердің арасы тым алшақ. Осы ара қашықтықты жою үшін де селфбрендинг керек-ақ.
– «Спортвиплист» қоғамдық қорының кеңесіне құлақ түріп жүрген Ермахан Ыбырайымов «Нұр Отан» партиясы атынан Парламент сайлауына түскелі жатыр. Демек, депутат болуға ұмтылған жанның образын одан әрі көркемдей түсу керек. Қызмет те осыдан соң қиындай береді. Енді чемпионның ғана емес, болашақ депутаттың бейнесіне мән беру керек шығар?
– Бұл жерде біздің қызметіміз әншінің продюсерін еске түсіреді. Бірақ біз танымайтын жаннан жұлдыз жасамаймыз. Жүлдегер қатарынан көрініп, болашағынан үміттендіріп жүрген жас таланттарды, сондай-ақ халықтың мақтанышына айналған чемпиондардың өз-өзін жетілдіре түсуге септігімізді тигізіп, ел арасында өзін қалай ұстай керектігіне кеңес береміз. Біздің қормен жұмыс істеген спортшының қоғамдағы келеңсіз әрекетін де ұмыттыруға тырысамыз. Себебі жоғарыда айттым. Спортшы да адам. Ол да кемшіліксіз болмайды. Бірақ оның шектен шыққан ақылсыз әрекеттері болса, бәрін мойнымызбен көтереміз демеймін. Әнші мен продюсер секілді біздің арамызда да келісімшарт жасалады. Сол шарттарда әркім өз міндетін мойнына алып, өзінің қызметін мүлтіксіз орындауға тырысады. Спортшылар имиджін қазақ қоғамына біз енді ғана енгізіп жатырмыз. Бірден нәтиже береді деу қиын. Тіпті көл-көсір ақшаның астында қалуды да көздемейміз. Тек спортшының имиджі туралы түсінікті Қазақстанда қалыптастырып, аяулы ұл-қыздарымыздың халық алдындағы беделінің биік болғанын мақсат еттік. Жақында ғана қайта құрылған «Қазақстанның спорт журналистері одағымен» байланыс орнатудамыз. Өйткені спортшының телефонына түскен он қоңыраудың сегізі журналистерге тиесілі. Спортшыны ақтап та, қаралап та шығатын қалам ұстаған ағайын. Журналистер жазған сайын, спортшының танымалдығы артады. Ал танымалдығы артқан спортшының бренді қалыптасады. Бренді қалыптасқан спортшы коммерциялық тұрғыда өз-өзін ақтай алады. Ең бастысы, алақанда ұстап отырған санаулы чемпиондарымыз бен келешекте топ жаратын таланттардың халық алдындағы абыройы түспесе болғаны.