Қазір еліміздегі спорт федерацияларының қай-қайсысында да мемлекеттік қызметкерлер отыр. Футболды Ә.Жақсыбеков, волейболды Н.Әбіқаев басқарып жүр. Біреулер федерацияларды олардың басқарғаны дұрыс дейді. Ал біреулер федерация тізгінін шенділер емес, сол спорттың ыстық-суығын көрген кәнігі мамандар ұстағанын жөн көреді. «Алаш айнасы» осы мәселе төңірегінде ой қозғайды.
Бүгінде Үміт Шаяхметова көркем гимнастиканы, Григорий Марченко у-шуды, композитор Төлеген Мұхамеджанов каратэні басқарып жүр. Бұл дұрыс па, бұрыс па?
Мойындау керек, шенділердің арасында өзі басқарып жүрген спортты шеніне дейін жеткізіп жатқандарда бар. Мәселен, Тимур Құлыбаев. Боксқа қаржы аяп жатқан жоқ ол. Қазақстанның ғана емес, әлемдік бокс федерациясында вице-президент деген атағы тағы бар. Соңғы Олимпиаданың үш жүлдесі – Құлыбаев жұмысының жемісі.
Әу баста Рахат Әлиев басқарған футболымызға осы күні қыруар ақша төгілсе де алға түсе қойған жоқпыз. Ара-кідік Андорра мен Фарер аралдарын ұтып тұрамыз. Азулы қарсыластарға әлі де тісіміз батпайды. Кезінде Қорғаныс министрі, бүгінде мемлекеттік хатшы Әділбек Жақсыбеков басқаратын футболымыздың қорғанысы дұрыс болмай тұр. Соны дұрыстаймын деп Жақсыбеков ресейден Юрий Красножанды алдырды. Ол аз дегендей қасына «Шахтердің» бапкері Виктор Кумыковты қосып берді.
Дәулет Тұрлыханов көп жылдар бойы күрес федерациясын басқарып келеді. Қазір құрметті президенті. Федерация басшысы С.Сұлтанғали демесеңіз, барлық мәселені осы кісі шешеді. ФИЛА-ның, халықаралық күрес федерациясының мүшесі.
Атақты балуанның ағасы Қайрат Тұрлыханов бірнеше жылдар бойы ауыр атлетика федерациясына басшылық етіп келген еді. Бірақ биылдан бастап бұл міндетті «Rompetrol Group» компаниясының бас директоры Жанат Түсіпбеков алды. Негізі бұл спорттағы толағай қыз-жігіттердің жетістігі де толағай. Азия, Әлем чемпионаттарын айтпағанда, Олимпиада да топ жарып жүр.
Ал Дәулет мырзаның жұбайы Гүлмира Тұрлыханова гандболдың басында отыр. Қазақстанның премьер-министрі Кәрім Мәсімов болса Қазақстан муай тай федерациясының президенті, Азия муай тай федерациясының төрағасы, әлемдік муай тай федерациясының вице-президенті. Мәсімов «федерацияны жақсы басқарғаны үшін» 2006 жылы муай тайдан «Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы» атағына ие болды.
Теннисімізді біз кәсіпкер Болат Өтемұратовқа сеніп тапсырдық. Болат мырза сенімді ақтады. Дені легионерлерден құралған демесеңіз, Қазақстанның көк туын көптеген байрақты бәсекелерде желбіретіп жүр теннисшілеріміз. Елімізде теннис академиялары ашылып, жастар арасында бұл спортқа деген қызығушылық арта түсуде.
Бұрынғы сенатор Шамсат Исабеков басқарып тұрған кезде таеквондошыларымыз бірде-бірі ірі халықаралық турнирлерден топ жара алмаған еді. Ал ол қызметке “Kaspi Bank” АҚ директорлар кеңесі төрағасы Вячеслав Ким келгелі таеквондомызда да ілгерілеу байқалады. Жаңа президент спортшылардан қаржыны еш аяп жатқан жоқ. Тіпті бұл спорттың дамуы үшін ол кореялық бапкерді де алдыртты.
Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов бес жылдан бері нысана көздеу федерациясын басқарып келеді. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Нұртай Әбіқаев – волейбол федерациясының құрметті президенті. «Волейболдан Қазақстан президенті кубогын» өткізу идеясының авторы Әбіқаев волейбол қауымдастығын 2007 жылдан бері басқарады. Оның ұлы Марат Әбіқаев – Қазақстанның автомотоспорт федерациясының жетекшісі.
Қайрат Келімбетов – 2007 жылдан бері Қазақстан велоспорт федерациясының басында. Келімбетовке дейін бұл федерацияны Қазақстанның алтыншы премьер-министрі Даниал Ахметов басқарып келген. Келімбетов келгелі А.Винокуров Олимпиада чемпионы атанды, «Астана» велокомандасы асқақтап тұр.
2012 жылдың қыркүйек айында Қазақстан шайбалы хоккей федерациясының төрағасы болып «Қазақстан темір жолы» АҚ президенті Асқар Мәмин екінші рет сайланды. Енді ол бұл федерацияны 2015 жылға дейін басқарады. Хоккей дамып келеді дегенмен, ҚХЛ-да «Барыс» тағы да плей-оффтың екінші сатысынан өте алмаса, еліміздің ерлер құрамасы әлем чемпионатын өте нашар ойнады. Енді бұл мәселені шешу үшін Мәмин Ари-Пекка Селинді орнынан алып, Андрей Назаровқа тізгінді ұстатты.
Болат Жәмішев былтыр Қазақстан коньки федерациясының құрметті президенті қызметіне кірісті. Жәмішев келе сала өз еңбегінің жемісін көрсетті. Өткен жылы бірінші рет конькимен жүгіру тарихында қазақстандық спортшы әлем чемпионы атанды. Денис Кузин 1000 метрге жүгіруден алтынмен апталды. Одан бөлек биылдан бастап біздің конькимен жүгіретін спортшыларды голландиялық мамандар дайындайтын болды. Себебі, Сочи Олимпиада ойындарынан кейін Болат мырза Нидерланды конькимен жүгіру федерациясымен мемарандумға қол қойды.
Берік Имашев – қазіргі бессайыс, СерікҮмбетов – көгалдағы хоккей, «Жетісу» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының басшысы Асқар Сманқұлов – баскетбол, Ұлан Байжанов бадминтон федерациясын басқарады.
Бақтықожа Ізмұхамбетов – Қазақстан үстел теннисі федерациясының президенті. Ол бұл қызметті мәжілістің вице-спикері болып жүргенде-ақ атқарған. Ал Әлихан Бәйменов бүгінде тоғызқұмалақ ойнап жүр. Бірақ бұл айтқан шенділердің жұмысына ешқандай баға бере алмайсың. Өйткені бұл спорт түрлерінде ілгерілеу байқалмайды.
Қанат БАЗЫЛХАН, «Хабар» телеарнасының спорт редакторы:
– Спорт федерациясын кім басқарса да ол сол спорт түрін жаксы білуі керек. Кезінде боксты Бекет Махмұдов басқарды. Қандай жетістікке жеттік! Бокссүйер қауым оны жақсы біледі. Негізі спорттың ыстығына күйген, сол саланы жақсы білетін адам басқарғаны дұрыс. Шенеунік ақшасын берсін, жағдайын жасасын. Ал өзі вице-президент, құрметті президент деген қызметте отырсын. Негізі федерациялардың тізгінін шенеуніктерге ұстату амалсыздықтан. Қазір заманды ақша, дәуірді қаражат «билеп» тұр. Спорт федерациялары қаржыдан қиыншылық көрмес үшін шенеуніктеге жүгінуге мәжбүр боламыз.
Спорт федерацияларын кімдер басқарып жүр?
Последние статьи автора