Спартакиада – ел спортының бесігі
Жасөспірімдер мен жастар арасында салауатты өмір салтын орнықтыру барысында ҚР Білім және ғылым министрлігі Дене тәрбиесі ұлттық ғылыми-практикалық орталығының атқарып отырған жұмыстары ұшан-теңіз. Осындай жемісті жұмыстардың қайнар көзі мектеп пен колледж оқушыларының арасында өтетін жазғы және қысқы спартакиадалар, сондай-ақ студент жастарды қамтитын жазғы және қысқы универсиадалар болып табылады. 2000 жылдан бастап, осы орталық он жыл бойы миллиондаған оқушыларды қатыстырып, кезекпен оқушылар спартакиадасын, студенттер универсиадасын үзбей өткізіп келеді.
Биыл мектеп пен колледж оқушылары арасында V жазғы спартакиада тамыз айының басында мәреге жетті. Спартакиаданың бас төрешісі қызметін атқарған аталмыш орталықтың бас директоры, КСРО-ға, Қазақстанға еңбек сіңірген жаттықтырушы, педагогика ғылымының докторы, профессор Меркіжан Қошаев мырзамен сұхбаттасудың сәті түскен еді.
– Меркіжан Нағашыбекұлы, биылғы спартакиаданың барысы, өту деңгейі қандай дәрежеде болғанын өзіңізден естісек.
– ҚР Білім және ғылым министрлігінің 2010 жылдың 6 қаңтарындағы бұйрығы бойынша мектеп пен колледж оқушылары арасында V жазғы спартакиаданы өткізу міндеті біздің орталыққа жүктелген болатын. Халқымызда «Біткен іске сыншы көп, піскен асқа жеуші көп» деген мақал бар. Бүгін кешенді жарыс өз мәресіне жеткеннен кейін, «осындай дода ойдағыдай өтті, бітті» деп айта салу оңай. Оны министрлік алға қойған биік деңгейде ұйымдастырып, өткізу біздің орталыққа үлкен сын болғаны айтпаса да түсінікті. Бұл орайда, ұйымдастыру алқасы тиянақты дайындалып, бағдарламалар қабылдадық. Сонау сәуір айының басында жалауы көтерілген спартакиаданың финалдық айқастарына еліміздің барлық аймағынан 7834 спортшы қатысып, олар аса тартысты өткен спорттық сында 801 түрлі медальдар жиынтығын сарапқа салды. Спартакиада спорттың 47 түрін қамтып, 60-тан астам жарыс (сайыс) бойынша өтті. Атап айтар болсақ, суға жүзу, волейбол, жеңіл атлетика, дзюдо, баскетбол, бадминтон, тоғызқұмалақ, шахмат, грек-рим, еркін, қазақша күрес түрлері, садақ тарту, мылтық ату, үлкен теннис, стол теннисі, президенттік көп сайыс, су добы, гандбол, семсерлесу, бокс, регби, жағажай волейболы сияқты түрлері бар. Спартакиаданың финалдық айқастары еліміздің 14 қаласында өткізіліп, қала тұрғындарының, спорт сүюші жас ұрпақтың өнеге тұтар қозғалысына айналды.
– Мәке, енді қандай көрсеткіштерге қол жеткізілгеніне, бұқаралық сипаты қалай болғанына баға бере кетсеңіз.
–Спартакиаданың финалдық бәсекелері өткен облыс аймақтарының барлығы дерлік, жарысқа қатысушыларға жоғары деңгейде қызмет көрсетіп, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі тапсырманы мүлтіксіз атқара білді. Бірде-бір аймақта оқыс оқиғалар орын алып, тәртіп бұзу болған жоқ. Спартакиада додаларына 42 халықаралық дәрежедегі, 637 ұлттық дәрежедегі төреші әділқазылық етті. Спорттың әр түрлері бойынша еліміздің ұлттық құрамаларына мүше спортшылардың спартакиаданың финалдық додаларына (айқастарына) қатыса алу мүмкіндігі алдын ала ойластырылып, ақтық сындар олардың бос уақыттағы мерзімдері кезінде өткізілді. Бұл дегеніңіз – спартакиада сынында бәсекелестік арта түсті деген сөз. Жалпы, мектепаралық, ауданаралық, облыс көлеміндегі өткен әртүрлі жарыстарға 1 миллион 200 мыңдай жасөспірім қатысты. Спартакиада барысында 2 халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 67 спорт шебері, 1100 спорт шеберлігіне кандидат дайындалды.
– Бес айға жуық уақытқа созылған бесінші спартакиаданы қортындылай кетсеңіз.
– Ең алдымен спартакиаданың финалдық айқастары Сингапурде өткен жасөспірімдердің олимпиадалық ойындарына жолдама алу жолындағы нағыз іріктеу сыны болғанын атап өткім келеді. Қорытындысына келсек, Алматы қаласы өткен ІV спартакиадағыдай, ең көп алтын медальға қол жеткізді. Алматылықтар жарыстың 50 түріне қатысып, 15 спорт түрінен бірінші орынды иеленсе, олардың негізгі қарсыластары, Оңтүстік Қазақстан спортшылары жарыстың 47 түрі бойынша сынға түсіп, 10 түрінен бірінші орын алды. Бұрынғы спартакиада ойындарында бірде-бір рет жүлдегерлер қатарына ілініп көрмеген Жамбыл облысы спортшыларының жүлделі үшінші сатыға көтерілулері нағыз спорттық ерлік деп айтуға тұрарлық. Төртінші орынды Павлодар облысы мен Астана қаласы бөлісті. Бұдан кейінгі орындарда – Алматы және Қостанай облыстары, алғашқы алтылық осындай.
– Қолдарында бар мүмкіндікті толық пайдалана алмай отырған немесе үлкен спорттың ертеңгі болашағы, таусылмас қоры болып табылатын жасөспірімдер спортына мән бере бермейтін облыстарды қадап-қадап атап өтсеңіз.
– V спартакиада барысында ұпай жинай алмаған үш облысты қинала отырып атауға мәжбүрмін. Олар – Батыс Қазақстан мен Атырау, Ақмола облыстары. Батысқазақстандықтар жарыстың 17 түрі бойынша, ал атыраулықтар 10 түрі, ақмолалықтар 16 түрі бойынша ғана жарыс жолына шықты. Мұндай келеңсіз жағдайды облыстардағы тиісті орындардың басшылары немен түсіндірерін білмейміз. Қазақстан спортының тарихынан жақсы білетініміз, Қарағанды облысы үнемі спортта алда жүретін аймақтың бірі еді. Әлеуметтік экономикалық мүмкіндігі зор облыста Теміртау, Жезқазған, Балқаш, Сәтбаев сияқты ірі өндірістік қалалары да бар. Әйтсе де, осы облыс спортшыларының 9-орыннан көрінуі олардың мүмкіндіктеріне сай емес, әрине.