Кеше редакциямызға елімізге белгілі демограф-ғалым Мақаш Тәтімов хабарласып, «Алаш айнасы» газетінің жұрт «Солдатское ущелье» атап кеткен жерді «Азиада шатқалы» деп өзгерту туралы ұсынысына өз пікірін айтты. Шынын айтсақ, ғалымның әлгі жердің тарихи атауы туралы біз білмеген тосын да, құнды мәліметі таңғалдырып, біраз нәрседен хабардар етті.
Шынында да, «Алаш айнасы» газетінің «Азиада шатқалы» жөніндегі ұсынысы оқырмандарымыздың арасында үлкен резонанс туғызды. Редакциямызға хабарласып, өз пікірін білдірген оқырмандарымыз өте көп. Бірі «жұрт «Солдасткое ущелье» атап кеткен жерді «Азиада шатқалы» деп өзгерту дұрыс» десе, екіншілері ұсынысымызға қарсы болып, мұның мүмкін еместігін де айтып жатты. Әлбетте, оқырмандардың өз пікірі болғаны, көзқарастардың сан алуандығы бізді де қуантты. Алаш мәселесіне бей-жай қарамайтын азаматтарымыздың көп екеніне осы жолы тағы бір мәрте көз жеткіздік.
Естеріңізде болса, Астана мен Алматы қалаларында өткен VII қысқы Азия ойындарынан кейін «Солдатское ущелье» дегенді «Азиада шатқалы» деп өзгертсек қайтеді?» (№25. 12 ақпан) деген ұсыныс-мақала жариялаған болатынбыз. Оқырмандар тарапынан хабарласушылар көп болып, аяқсыз қалдырмаңыздар деп тілек білдіргеннен кейін бұл жолы депутаты бар, бапкер, спортшы, шенеунігі бар, әр қызмет өкілдерінің пікірлерін білген едік (Солдатсайды «Азиада шатқалы» деп атауға қалай қарайсыз? (№32. 23 ақпан). Көпшілігі ұсынысты құп көріп жатты. Енді бұл жолы редакциямызға өз пікірін білдіру үшін Мақаш ағамыз хабарласты.
– Диктофоныңды қос. Мен сіздердің ұсыныстарыңыз жайлы тарихи деректерді айтып берейін, – деп бірден әңгімеге көшкен ағамыз ары қарай былай деп жалғастырды. – Жұрт мені негізінен демограф ретінде біледі. Негізі, өзім Талғарда туғанмын. Туу туралы куәлігім бұған куә бола алады. Ол кезде Талғар қала емес, бекет болатын. Енді ұсыныстарыңызға келейік. Оқып отырып, тыныш отыра алмадым. Негізі, «Солдатское ущелье» деген атау мүлдем дұрыс емес. Бұрын олай аталмаған да. Ол жердің бастапқы атауы – «Салт атты сай». Біздің бала кезімізде солай аталатын. Кейін Кеңес Үкіметі кезінде жер-су атаулары келіссін-келіспесін орысшаланып, өзгеріп кеткен. Газеттеріңізде Республикалық география институтының аға қызметкері Сламқұл Әбдірахманұлы, «ол жер бұрындары кеңес әскерінің демалатын орны болған болуы керек. Сондықтан шығар «Солдатское ущелье» аталып кеткені» депті. Бірақ ол жерде ешқандай да кеңес әскерінің демалатын орны болмаған. Бұл – аңыз. Қашанғы айтамыз, аңызға сүйеніңдер, бірақ сене бермеңдер. Мен бала кезімнен білем, кеңес әскерлері тұрса, Панфиловка ауылы жағында тұрған. Ал енді әлгі жерді «Салт атты сай» аталуының тарихын айтып берейін. Бұл жайлы білетін қариялар да азайып бара жатыр. Сонымен бала кезімізде өзгелер «Солдатское ущелье», сіздер «Сарбаз сай» атап кеткен жаққа жиі баратынбыз. Бірақ онда жаяу бара алмайсың. Өте ауыр жол. Салт атпен ғана қатынайсың. Сондықтан адамдардың барлығы ол жаққа тек атпен ғана көтерілетін. Салт атпен ары-бері қатынайтындар көп болды. Әлі есімде, сол жақта Ормақай, Қотырбұлақ деген жайлаулар болатын. Сонда сиыр фермасы бар-ды. Әкем сол ферманың меңгерушісі қызметін атқарды. Сөйтіп, сиыр сүтін қалаға өткізу үшін үлкен құтыларға сүтті құйып, иін ағаштың екі жағына артып, төменге салт атпен түсетін. Міне, біздің кезімізде «Салт атты сай» деп аталатын. Кейін орыстар келіп, оп-оңай «Солдат сайға» айналдырып жіберді. Енді «Сарбазсай» деп жүрміз. Бүйтіп жер-су атауларын бей-берекет етіп тілімізге ыңғайлап, аудара бермейік.
– Сонда VII қысқы Азия ойындары өткен сол жерді «Азиада шатқалы» деп атауға келіспейсіз ғой...
– Келісемін. Өте керемет ұсыныс айтыпсыздар. Бірақ жер-су атауын Азиадаға байланысты ауыстырмай-ақ қойған дұрыс. Ол жерде шаңғы-биатлон стадионы салынды ғой. Міне, соны Азиаданың құрметімен атағанымыз орынды. Ал, жалпы сол жер бұрынғы атауымен «Салт атты сай» болып қалуы керек.
Мінеки, Мақаш ағамыздың пікірі осындай. Жер-су атауын Азиадаға қимаса да, стадионды VII қысқы Азия ойындарының құрметімен атағанды дұрыс көріп отыр. Қарап отырсақ, көпшіліктің пікірі бір арнадан тоғысып отырған сияқты. Әлбетте, біздің миссиямыз – ұсыныс айту. Енді көпшілік қолдап отырған ұсынысты атқамінерлеріміз қолға алса дейміз.