Шаршы алаңның төресі — төрешілер

Мансұр ХАМИТ (фото)

Әуесқой бокстағы төрешілер мәселесі күрмеуі күрделі түйінге айналғалы қашан?! Әлі күнге дейін шешімін табар емес. Баз-базында шаршы алаңдағы жекпе-жек тағдырына да төрешілер ықпал етіп отыратындай. Сан рет өз боксшыларымыздың есе жібермесе де, тіпті басым түскендей әсер қалдырса да, жігері құм болып, «жеңіліп» шыққандарын көзімізбен көрдік. «Жүлде әкеледі» де үкілеп қосқан жігіттеріміздің осылай көңілімізді түсіріп, күдігімізді өршітіп, асуда ауып қалғанының да куәсі болдық. Осы бір кеселге қатысты еліміздегі кейбір мамандар ағынан жарылып, өз ойларын ортаға салды. Енді соған көз жүгіртсек.

Ерлік ЖАРБОЛОВ, республикалық дәрежедегі төреші, Олимпиада ізбасарлары мектебінің директоры:
– Халықаралық аренадағы дүбірлі додаларға (Олимпиада ойындары, әлем чемпионаты және т.б.) бір төрешіміздің барып, қазылық етуіне қол жеткізуіміз керек. Міндетті түрде! Өйткені мұндай додаларда олардың бастарының қарайып жүргені маңызды, атқарар рөлдері орасан зор. Әйтпесе, боксшыларымыз сәл ғана басымдықпен жеңіп тұрған жекпе-жектерінің өзінде «жеңіліп», өздерінің де тауы шағылып, жанкүйерлері де жасып қалатын болады. Мысалы, Миланда өткен әлем чемпионатын алайық. Қанат Әбутәліпов (54 келі салмақ дәрежесі) пен Рустам Сыбаев (64 келі) жеңіліске ұшырап, жүлдесіз қалды. Негізі, екеуі де ұтылған жоқ еді. Әбутәліпов кубалық Леон Аларконмен, ал Сыбаев венгр Гуила Кейтпен айқасқанда екеуінің де бірнеше соққылары есепке алынбады. Екеуі де төрешілер әділетсіздіктерінің салдарынан чемпионаттан тыс қалды. Міне, осындай өзекті өртеген жеңілістерге жол бермес үшін төрешілер арасында біздің де бір өкіліміздің (төрешіміздің) жүргені абзал. Төрешілер бір-бірімен күніне бірнеше рет кездеседі. Кешке бірге жүреді, бірге тамақтанады. Осындайда олар өзара келісе алады. Мәселен, ертең біздің бір боксшымыз шаршы алаңға шығуы тиіс дейік. Шаршы алаңдағы қазылардың біреуі ресейлік төреші делік. Осы кезде біздің төреші одан әділетті болуын, жазықсыз біздің жігіттің обалына қалмауын өтінеді. Ол келіседі, әрине. Өтінішін жерге тастамайды. Себебі біздің төрешінің оның елінің боксшыларының бірінің жекпе-жегіне қазылық етуі әбден мүмкін ғой. Сонда ол да дәл осындай өтінішпен біздің төрешіге жүгінетін болады. Дүние кезек. Әділеттікке осылай қол жеткізуге болады. «Төрешілермен жұмыс» дегеніміз осы, міне.

Жалпы, халықаралық турнирлерде төрешілер арасында бармақ басты, көз қысты «келісім жүйесі» де қалыптасқан-ды. Егер бір төреші оң қолының бас бармағын жоғары көтерсе, бұл – қызыл бұрыштағы боксшы жеңіске жетуі керек деген белгі. Ал егер оң қолдың бас бармағы төмен нұсқалса, онда қызыл бұрыштағы боксшы жеңілуі керек. Басқа да бет әлпетті қимылдата отырып, берілетін белгілер бар. Бірақ қазір шаршы алаңда бұл белгілер қолданылмайды. Себебі айнала бейнекамералар қойылып тасталған.

Шаршы алаңдағы айқас кезінде төрешілердің біреуі жазықты болып танылса, онда ол, яғни әділетсіздік танытқан төреші қазылық ету құқығынан айырылады. Болды. Төрешілерге қолданылатын жазаның ең бастысы – осы. Жекпе-жек нәтижесі өзгертілмейді, сол күйінде қала береді. Ешкім жауапқа тартылмайды, Италия футболындағыдай қылмыстық іс қозғалмайды.

Рахат НҰРПЕЙІС, АІВА-ның халықаралық дәрежедегі төрешісі, КСРО спорт шебері:
– Бір төрешіміздің халықаралық аренадағы дүбірлі додаларда қазылық етуіне қол жеткізбесек, күніміз қараң. Лондон Олимпиадасына дейін осы мәселені құнттау керек. Әйтпесе ХХХ жазғы Олимпиада ойындарында алтын тұрмақ, мүлде жүлдесіз қалуымыз да ғажап емес. Сондықтан іске кірісу керек. Сонымен қатар, Халықаралық бокс қауымдастығының (АІВА) Атқару комитеті құрамына бір өкілімізді итермелеу қажет. Ол Тимур Құлыбаев бола ма, жоқ әлде Серік Қонақбаев па, әлде Амалбек Тшанов бола ма – әйтеуір біреуі болуы керек. Бұлардың біреуі – беделді тұлға, енді біреуі – даңқты боксшы, ал үшіншісі – мемлекет қайраткері. Міне, осындай қолынан іс келетін беделді адам керек.

Ендігі бір өзекті мәселе, өзіміздегі төрешілікті түзеу қажет. Төрешілер алқасының төрағалық тізгіні білікті, әділетті адамға ұстатылуы керек. Негізі, бұл лауазымды қызметті боксшы болған адамның басқарғаны дұрыс. Өйткені біз бәріміз де боксшы болдық. Жеңісіңді қарсыласыңа беріп жіберген әділетсіздікті басымыздан өткердік. Жаныңа қаншалықты бататындығын білеміз. Сондықтан боксшылардың көз жасына қала алмаймыз. Ал боксшы болмай төрешілер алқасына басшы болған адам мұны түсінбейді. Желкілдеп өсіп келе жатқан жас боксшыларды жылатып, обалына қала береді. Сағын сындырады. Ең бастысы, біз нағыз мықты боксшылардың ел чемпионы атағын өз күшімен жеңіп алуына жол беруіміз керек. Аяқтан шалу болмау керек. Сонда халықаралық аренада ұятқа қалмаймыз.

Бір көңіл аударарлық жайт, біздегі төрешілердің 80-90%-ы негізінен жаттықтырушы болып жұмыс істейді. Шәкірттері бар. Сонда да қазылық етеді. Ал төрешінің бейтарап болғаны дұрыс емес пе?!

Дамир БУДАНБЕКОВ, бокстан Қазақстан ұлттық құрамасының бұрынғы бас бапкері:
– Ел намысы таразыға тартылар дүбірлі додаларда бұрынғыдай жоғары жетістікке қол жеткізу үшін халықаралық турнирлерде біздің төрешілеріміздің қазылық етуіне қол жеткізуіміз керек. Сондай-ақ Халықаралық бокс қауымдастығының (АІВА) Атқару комитеті құрамында бір өкіліміз болғаны абзал.

Ермахан ИБРАИМОВ, ҚР еңбек сіңірген спорт шебері, ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы, Олимпиада даярлығы орталығының директоры:
– Бізде АІВА-ның халықаралық дәрежедегі, дәл қазір қызмет етіп жүрген бес төрешісі бар. Олар Қазақстанда және халықаралық турнирлерде қазылық ете алады. Бірақ олардың төртеуі әртүрлі қателіктері үшін Олимпиада ойындарында, әлем чемпионаттарында және халықаралық турнирлерде төрелік етуден аластатылған. Атап айтқанда, біреуі Мәскеудегі әлем кубогы кезінде, екіншісі Ереванда өткен кадеттер арасындағы әлем чемпионатында, үшіншісі Мехикода өткен жастар арасындағы әлем чемпионатында, ал енді біреуі Бейжің Олимпиадасында қазылық етуден әртүрлі мерзімге шеттетілген. Бесіншісі – Рахат Нұрпейіс. Бірақ ол түсініксіз жағдайларға байланысты Миландағы әлем чемпионатына бара алмай қалды. Негізі, Рахат Нұрпейіс те соңғы жылдардағы әлемдегі тәжірибелі төрешілердің бірі еді.

Тұздық
«Ел боламын десең, бесігіңді түзе» демекші, бірінші кезекте өзіміздегі төрешілікті түзеп алған дұрыс сияқты. Мысалы, футболымызды алайықшы. Бұрын біздің футболдағы төрешілік сын көтермейтін. Міне, екі маусым болды, Қазақстан футбол федерациясының Төрешілер және нұсқаушылар департаментін ресейлік білікті маман Николай Левников басқарып келеді. ФИФА мен УЕФА-ның беделді тұлғасы келгелі, футболдағы төрешілік біршама түзелді. Бұрынғыдай жершілдік пен жоғарыдан нұсқау келетіндігі жөніндегі дәйексіз, алыпқашпа әңгімелер сап тыйылды. Басқасы басқа, бірақ ел чемпионы атағын бүгінгі таңдағы нақты азулы команда жеңіп алды. Оның айғағы, чемпионымыз Достастық кубогы мен мәртебесі жоғары Еурододада намысты қолдан бермей, өрнекті ойын үлгісін көрсетті. Көңілге қонымды нәтиже көрсетіп, жанкүйерлерді ырза қылды. Мүмкін, ел боксындағы төрешілер алқасының тізгінін де бейтарап, принципшіл адамға ұстатқан дұрыс шығар. Ойланайық. Облыс-облыс болып, ары тарт та, бері тарттың кебін кигенді қояйық.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста