Мамырдың 9-ы күні басталған Кеңес Одағының Батыры, Халық қаһарманы Сағадат Нұрмағамбетовтің атындағы халықаралық турнир мәресіне жетті. Осымен 16-рет ұйымдастырылып отырған турнирдің кеше жартылай финалдық жекпе-жектері өтті. Бүгін финалдық айқастардың куәсі боламыз.
Әлқисса ретінде айта кетейік, бұл жолғы дүбірлі додаға 12 елдің 170 боксшысы қатысуда. Оның 30-ы – нәзік жандылар. Қазақстаннан бөлек турнирге Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Моңғолия, Сирия, Ресей, Белоруссия, Украина және Сирия елдері де өз мықтыларын жіберіпті. Әсіресе, украиндарға басымызды идік. Турнир мәртебесінің қаншалықты биік екендігін сезінген украиндар Қазақстанға ылғи халықаралық дәрежедегі спорт шеберлері мен еңбек сіңірген спорт шеберлерін жіберген.
Сонымен кешегі жартылай финалдық жекпе-жектердің нәтижелеріне тоқталып өтсек. Алдымен 60 келі салмақта қыздардан қызылордалық спорт шебері Шахноза Исаханова мен Қырғызстан өкілі Ксения Филистеева жұдырықтасып, 13:10 есебімен Сыр елінің сұлуы жеңді. Келесі жекпе-жекте астаналық спорт шеберлігінен үміткер Сәния Сұлтанқызы халықаралық дәрежедегі спорт шебері әзірбайжандық Айзанат Гаджиевадан басым түсті. Есеп – 11:8. Бұдан кейін кезек ерлерге беріліп, шаршы алаңға ұлттық құрама мүшесі Біржан Жақыпов көтерілді. Біржанның қарсыласы оралдық 18 жасар жігіт Мейрамбек Мәжитов еді. Мейрамбектің шаршы алаңға қорқа көтерілгені бірден белгілі болды. Рас, басында шабуылды өзі бірінші бастады. Бірақ жұрт оралдықтың бұл ұмтылысын «қорыққан жұдырықты бірінші жұмсайдыға» балап аса мән берген жоқ. Артынша нокдаун алып та үлгерді. Екінші раундта тізгінді қолына алғысы келген. Алайда әккі Біржан тасбақаша басын бұғып, денесіне жұдырық дарытқан жоқ. Үшінші раундта қарсыласын тағы да нокдаунға жіберді. Ақыры айқас аяқталып, таблода 25:7 есебі тіркелді.
Енді финалда Біржанның қарсыласы алматылық Анвар Мұзапаров болмақ. 18 жасар бұл боксшы өзінен жеті жас үлкен, әлдеқайда тәжірибелі Әділет Қапезовті 18:9 есебімен жеңді. Ал 56 келіде ақтық сында тараздық Алмас Жақыповқа шымкенттік Темірбек Диханбаев қарсылас атанады. Темірбек жартылай финалда астаналық Мейірболат Тойытовтан 10:4 есебімен басым түссе, бірінші раундтың нәтижесі бойынша үндістандық Житендер Кумардан 1:3 есебімен ұтылып жатқан Алмас екінші және үшінші раундта белсенділік танытып, 12:7 есебімен жеңіске жетті. 64 келі салмақта финалда алматылық Батыржан Жүкембаев пен шығысқазақстандық Әділет Егізековтің жекпе-жегінің куәсі боламыз. Ал 75 келіде оралдық 19 жасар Ерік Алжанов жартылай финалда техникалық нокаутпен жеңілді. Бірақ айта кету керек, қарсыласы украиналық Евгений Хитров айбарлы боксшы екен. Украина чемпионы, Еуропа кубогының иегері Евгений жерлесімізді бұрыштан бұрышқа тығып, үш мәрте нокдаунға жіберді. Енді ол финалда грузин жігіті Джаба Хоситашвилимен жұдырықтасады. Жерлесіміз Данабек Сужановтың шрингке көтерілмеуіне байланысты Джаба жартылай финалды ұрыссыз жеңді. Сондай-ақ 69 келідегі Серік Сәпиев пен 81 келідегі Антон Пинчук та дәл осылай финалға шықты.
Ең тартысты жекпе-жектің бірі ЦСКА-ның қос мүшесі 91 келідегі Қамшыбек Қоңқабаев пен Хамзат Гелісханов арасында өтті. Бірден шабуылға көшкен Қамшыбек Хамзаттың мұрнын қанатып, нокдаунға түсірді. Бірақ соққысы белден төмен кеткендіктен, төрешілерден өзі ескерту алды. Ал айқас аяқталғанда жеңілісіне риза болмады ма, әлде 19 жасар боксшының жеңіп кеткеніне намыстанды ма, әйтеуір Гелісханов жеңімпаздың қолын алмады. Енді финалда Қоңқабаев украиналық мықты Александр Усикпен жұдырықтасады. Усик жартылай финалда сириялық Мохаммад Госсунмен айқасып, таблода 15:15 есебі тіркелген. Төреші жеңісті киевтік саңлаққа берді.
P.S. Жартылай финалдың қалған айқастары бет қатталып жатқанда аяқталды.
Н’Жикам енді қашып құтылмайды
Бұған дейін жерлесіміз Геннадий Головкинмен жұдырықтасудан тайсақтап жүрген WBA тұжырымының уақытша чемпионы Хассан Н’Дам Н’Жикам енді ешқайда қаша алмайтын болды.
Олай дейтініміз, Дүниежүзілік бокс қауымдастығы жақында Н’Жикамға ескерту хат жіберді. Хатта 26 жасар камерундықтың келесі жекпе-жегі міндетті түрде қазақстандық Головкинмен болуы керек екендігі жазылған. Алайда WBA тұжырымының толық чемпионы болып саналатын жерлесіміз көктемнің басында Н’Жикаммен келісе алмаған соң, келесі жекпе-жегін 17 маусымға угандалық Кассим Оумаға қарсы белгілеп қойған болатын. Сондықтан Головкин – Н’Жикам жекпе-жегі күзге қалдырылып отыр. Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Генаның промоутері Олег Германн Хасан Н’Дам Н’Жикаммен де, осы тұжырымның супер чемпионы Феликс Штурммен де жекпе-жек жайында келісе алмай келген болатын. Тіпті ашынған Германн неміс баспасөзінің бірінде: «Штурм жақсы қашады. Әлі қашып келеді. Мен оған бокстан гөрі, жеңіл атлетикамен айналысуға кеңес берер едім. Сондай-ақ Н’Жикамның да қолынан қашу жақсы келеді. Екеуінің қайсысы жылдамырақ екенін білмеймін. Бірақ қаша-қаша Головкиннің алдына бәрібір келетініне сенімдімін», – деп ренжіген болатын.