Екінші жыл қатарынан өткен «Қазақстан барысы» турнирі қазақтың мерейін өсіріп, қалың елге зор қуаныш сыйлады. Қазақ күресінің дамуына нық қадам жасалып, нақты іс қолға алынды. Тамаша жоба!
Сондықтан аталмыш жобаны ұйымдастырып, ыстық-суығына шыдап жүрген азаматтарға алғыс айтамыз. Десек те, «көш жүре түзеледі» демекші, біз де өз ұсынысымызды ортаға салсақ деген ойдамыз. «Қазақстан барысының» алға қойған басты мақсаты қазақ күресінің мәртебесін арттыру болар. Сол мақсатты қолдай отырып, ұйымдастырушылар назарға алар деген оймен көкейтесті ойларыммен бөліспекпін.
Алдымен, дүниеге келген нәрестеміздің есімін қоярда соның тағдырына, ғұмырына әсері болар деген сеніммен дұрыс ныспы беруге мән берген қазақпыз ғой. Жобаның атауын қоярда сан рет толғанып, мың рет өлшеп-пішкендеріңіз сөзсіз. Дегенмен осы жобаның «барыс» деп аталуына көңілім толмайды-ақ. Бұл қазақ халқының ұлттық нышаны болатындай аң түрі емес, меніңше. Балқаштың қалың қамысынан басқа жерден, мысалы, қазақ жазирасынан бұл мысық тұқымдасты мен көрмедім. Айдаһар десе, қытайды, аю десе, орысты ойыңа аласың ғой. Ал барыс дегеніңіз қазір өте сирек кездесетін және жойылудың аз-ақ алдында тұрған аң ретінде Қызыл кітапқа енгізілген. Осыны да ескерсек, турнирдің «барыс» аталуы ырымға жаман екен. Рас, ұлт ретінде «қызыл кітапқа» еніп кете жаздаған кездеріміз болды. Ал мұндай көңілсіз ассоциациялар туындататын атау қазақ күресіне лайық емес сияқты.
Екіншіден, жарнамаға ден қою керек. Жарнама қай істің болсын алға басуының локомотиві боларын білесіздер. ХХІ ғасырда оның қоғамға деген әсері тіптен жоғары. Сонымен, біздің ой... Әр облыстан қатысатын палуандарды 2-3 минуттық роликке түсірсе. Ролик те ерекше болуы керек. Күрес залындағы дайындық емес, балуанның табиғат аясындағы дайындығы керек. Елге әсерлі болуы үшін ат үстінде тұрып, тайынша көтергені немесе таудың қара тасын басынан асырып лақтырып жатқаны, өгіз көтергені, мүйізінен ұстап, бұқа жыққаны сияқты мазмұнда роликтер түсірілсе. Біріншіден, өте тиімді жарнама, екіншіден, бір көрген адамның көкейінде балуандар бірден жатталып қалады.
Үшіншіден, «ютуб» желісіне салса, ғаламторда қазақ күресінің тегін жарнамасы жүретін еді. Шетелдегі қазақ бауырларымыздың да балуандарымызды танып-білуіне септігі тиер еді. Содан соң салмақ аралығын да қарастырса болар деген ойдамын. Қазіргі жігіттердің орташа салмағы 70-85 аралығы болатынын ескерсек, мол көрермен мен тікелей қатысушы тарту мақсатында бұл жобаны екі салмақ дәрежесінде өткізсе. Атап айтқанда, 90 келіге дейін және 90 келіден жоғары. Сонда қаншама жігіт осы дүбірлі додаға қызығып қатысар еді. Әсіресе тепсе, темір үзетін ауыл, аудан жастары. Айтпағым, 80 келі салмақтағы балуан қанша жерден айлалы, тәжірибелі болсын, салмағы 130-140 келі жігітті орнынан қозғай да алмайды. Салмағы ауыр жігіт еш тәсіл қолданбай-ақ, салмағын пайдаланып, айла-тәсіл қолданбақ болған қарсыласының үстіне әншейін құлай салып та, жеңіске жете алады. Балуандарды екі салмақ дәрежесіне бөліп, белдестірсек, қазақ күресіне қызығушылық танытушылар саны көбейе түсер еді.
Тағы ескерер бір жайт, барлық аймақтан келген балуандардың лақап есімдері де бірдей. Барлығы – көкжал, барлығы – барыс. Лақап ат балуанның табиғатына, дене бітіміне сай, түр-тұрпатына лайық болуы керек қой. Естілуі де, айтылуы да құлаққа жағымды, қазақы санаға жақын болса. Мысалы: Толағай, Қара бура, Дәуқара, Тас шайнар, Шыңтас, Зілқара, Құлжа, Тарпаң, Шолақ т.б.
Сонымен қатар залға жиылған көрермен жайы да ескерілсе екен деген тілегім бар. Сатып алған билетіңіз түкпірдегі орынның бірінен болса, күресті анық көре алмайды екенсіз. Тек күресіп жатқан екі адамның сұлбасын ғана тамашалап отырғаныңыз. Тікелей эфир болған соң, залға да экран қою керек сияқты. Мұны тырнақ астынан кір іздеу емес, көрермен тілегін жеткізу деп түсініңіздер.
Осы ой-тілектерімді ескерсеңіздер, нұр үстіне нұр болар еді. Тек қазақ күресінің шоқтығы биік болсын. «Қазақстан барысы» атты күрес додасын ұйымдастырушылардың ісіне сәттілік тілейміз.
Қызыл кітапқа енген барыс қазақ күресінің символы бола ала ма?
Последние статьи автора