Қысы қысқа өңірде қыстық ойындарды дамыту тиімді ме?

Қысы қысқа, жазы ұзақ, шілдедегі шіліңгір ыстығы қара қарғаның миын қайнатар Шымкентте қысқы спорт түрлерін қолға алады дегенді кім ойлаған? Қаланың қақ ортасынан орын алған мұз сарайының да салыну тарихы сорақылықтарға толы. Әуелі спорт сарайы ретінде салынған нысанды алаулатып-жалаулатып ашқан едік. Оның лентасын салтанатты түрде Елбасының өзі қиған болатын. Алайда бұл жобаның ғұмыры тым қысқа болып, су жаңа ғимараттың мақсатын өзгертіп, ол үшін ортақ қазынадан қыруар қаржы бөлінді. Осылайша салынуына — бір, қайта жасақталуына бір қаржы қаралып жүріп, әйтеуір, мұз сарайы бой көтерді. Осы жұмсалған қаражатқа қабырғасы қоламен құйылған, шаңырағы алтынмен апталған ғимарат тұрғызуға болатындай еді. Қойшы, әйтеуір, ұлардай шулап жүріп, бір мұз сарайын салып алдық.
Республикадағы күні ең ыстық өңір Шымкентте мұзайдынды бірқалыпты ұс­тап отырудың өзі қыруар қаржыны қажет етеді екен. Бұл — мұзайдын пайдалануға берілгеннен кейін пайда болған проблема. Алайда мұны айналып өту мүмкін емес еді. Бұл проблеманы мұзайдынды бастамас бұрын ойлануымыз керек еді. Енді барлығы да кеш. Не болса да қаржының бетіне қарамай, қысқы спорт түрлерін дамытуымыз керек. Қайда кетпеген қаржы дейсіз?!
Ал, жақсы, қысқы спорт түрлерін дамытайық делік, бірақ оған дайындайтын мамандарды қайдан табуға болады? Кейбір қыста мандытып қар да түспейтін өңірде спорттың бұл түрінің мамандары үшін иті адасып па? Мамандарды солтүстік өңірлерден алдырту тағы да бірқатар шығынды талап етеді. Басқа амал жоқ. Солай болды да. Кезінде КСРО деңгейінде хоккей ойнаған Ильмир Каримов пен Олег Левиков деген жаттықтырушылар жұмыс істеп жатыр. Шорт-трек бойынша келісімшарт арқылы Орал қаласының мамандары шақы­рыл­ды. Мәнерлеп сырғанаудан Таш­кент­тің ма­ман­дарымен бірлесіп жұмыс істеп, енді Алматымен арада байланыс орна­тыла бастады. Осылайша оңтүстіктің ше­неу­ніктері ұялса да, намыстанса да, бас­таған ісін орта жолда қалдырмас үшін барын салып жатыр. Шымкентте тұңғыш рет қалалық №8 қысқы спорт түрле­рінен мамандандырылған балалар мен жас­өспірімдер спорт мектебі ашылды. Сөйтіп, алдағы уақытта оңтүстікте осы күнге дейін болмаған хоккей, шорт-трек, мәнерлеп сырғанау, фристайл, шаңғымен сырғанау секілді спорт түрлерінен де спортшылар даярланатын болды. Бұл, әрине, елді елең еткізген жаңалық болды.
Әрине, Шымкенттен қысқы спорт түр­лерінен қандай мықты мамандар шы­ғарын уақыт көрсетер. Әзірге, жаңа мек­тептің директоры Намазбай Әбді­құлов­тың сөзіне сенуден басқа амалымыз жоқ.
– Мектептің құрылғанына көп уақыт болмаса да, тілге тиек етер табыстарға қол жеткізе алғанымызды мақтан тұта­мын. Таяуда Шымкентте хоккейден жасөс­пі­рімдер арасындағы халықаралық біріншілік өтуі — осының айғағы. Біздің ұжым әлі жас, былтыр қыркүйек айында ғана ашылған. Хоккейшілеріміздің жаттығып жүргеніне әрі кетсе жарты жыл толды. Десек те, жас­өспірімдеріміз өнерімен мамандарды тәнті етті. Бұл жарысқа Шымкенттің на­мысын қорғаған екі командамен қатар Өс­кемен және Бішкектің командалары қатысты. Өскемен еліміздегі хоккей орталығы болып саналады. КСРО заманын­да қалыптасқан мықты хоккей мектебі талай талантты ойын­шыларды тәрбиелеп шығарған. Бішкекте де соңғы жылдарда хоккейге деген алабөтен қызығушылық бар. Шымкент­ке осындай тәжірибелі ұжымдардың келуі — жергілікті хоккейшілер үшін айтулы оқиға. Алғашқы күні бір командамыз өскемендіктерден ойсырай ұтылғанымен, турнирдің екінші күні нағыз тартысты ойын өтті. Екі кезеңнен соң 4:1 есебімен жеңіп келе жаттық. Қарсылас команданың жаттықтырушылары мұндайды мүлдем күтпеген болатын. Тек соңғы, шешуші кезеңде «Устинка» командасы 6-5 есебімен жеңіп кетті. Жалпы, республикалық федерация Шымкентте қысқы спорт түрлерінің қолға алынуын қатты қолдап отыр. Себебі қысқы спорт түрлерін дамытып отырған облыстар елімізде шектеулі. Көп өңірлерде мүлдем дамымаған, – дейді спорт мектебінің директоры Намазбай Әбдіқұлов.
«Жуырда Астанада жастар арасында қысқы спорт түрлерінен спартакиада өтті. Біз шорт-трек федерациясына арнайы хабарласып, жарысқа қатысуды өтіндік. Олар келісімін беріп, нәтижесінде біздің 11-12 жасар шәкірттеріміз спартакиа­дада өзінен 4-5 жас үлкен спортшылар­мен бәсекеге түсті. Алайда шымкенттік жас­өспірімдер күтпеген жерден екі күміс, екі қола медальды олжалап, айды аспанға шығарды. Қысқы спорт түрле­ріне бейімделген өңірден келген әрі жасы әлдеқайда үлкен спортшылармен бәсе­кеге түсіп, жүлделі орындарға ілігу – біз үшін үлкен абырой. Шорт-трек феде­рациясының мемлекеттік жаттық­тыру­шысы ризашылығын білдіріп, басын шай­қады», – дейді директор тағы бір сөзінде.
Дұрыс-ақ делік, бірақ Намазбай Әб­ді­құловтың айтуынша, спорттың бұл тү­рінде өнер көрсетіп жүрген қандас­тары­мыз тым аз екен. Жаңа мектептің алдағы мақсаты да — осы олқылықтың орнын тол­тыру. Бүгінде хоккеймен жаттығып жүр­гендердің де басым бөлігін жергілікті ұлт өкілдері құрайды. Спорттың бұл түрімен айналысатын қыздар командасы да құры­лыпты. Жалпы алғанда, қазір мектепте 870 бала жаттығуда.
– Бір көңілім толмайтын сала – шаңғы спорты. Не база жоқ, не маман жоқ. Алғашында «осы секцияны бекер аштық-ау» деп те ойландық. Рас, Төле би ауданында Алатау шаңғы базасы бар. Бірақ онда тек қыс айларында жаттығуға мүмкіндік бар. Азия ойындарында фристайлдан екі жүлде сыйлаған Жібек пен Русланды оқу-жаттығу жиындарына Фин­ляндияға жібердік. Кейін бір ай бойы Та­бағанда жаттығып жүрді. Алдымыздағы үлкен мақсат – Сочиге дайындық, – дейді тағы бір сөзінде Намазбай Әбдіқұлов.
Әрине, бұл қыруар қаржыны талап ететіні сөзсіз. Құрамында 25-30 адамы бар хоккей командасын турнирге аттандырудың өзі оңай емес. Сонда ортақ қазынадан осынша қаржы шығындап, оңтүстікте қысқы спорт түрлерін дамыту алдағы уақытта қаншалықты тиімді. Үміт ақталып, оңтүстіктің аты қысқы спорт түрлерінен де дүркіреп шығып жатса, өкініш жоқ. Ал керісінше болса ше? Аса көп шығынды қажет ете қоймайтын футболдың өзіне ақшаны аямай шашып, жағдай жасалғанымен, жақсы көрсеткіштерге қол жеткізе алмай жатқанда, қысқы спорт түрлерінен көш бастау — қиын мәселе. Не болса да, барлығына уақыт — төреші. Ақырын күтелік.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста