Қылқұйрықтың қадірін біліп, табиғатын қапысыз ұққан...
Ағамыз Масығұт Темірбеков талай жыл жылқышы болып, еңбек етті. Әкесі жүйрік ұстаған, аттың бабын білген кісі еді. Өзі де үлкендер сөзіне құлақ түріп, қылқұйрықтар табиғатын түсінуге талпынды. Ат болатын құлынды желі басынан тануға ұмтылған маман жылқының түр-түсін де, табиғатын да бір кісідей біледі. Сөзге тартуымызға себеп болған да осы.
– Аға, атам қазақ жылқы түсін 90 түрлі атаумен атаған дейді. Мүмкіндігінше жылқының түр-түсін таратып берсеңіз.
– Жалпы, қазақ жылқыны екі түрге бөледі, баран және қылаң деп. Құлагер жырынан құлаққа сіңісті болды. «Алдыңғы ат баран болмай қылаң болды, өлмесе Құлагерім қайда деймін». Ақан осылай боздады.
Ықылым заманының ыңғай төкпесі Кемпірбай Әсет ақынмен араздасқанда айтады ғой. «Жарысса боз озбай ма бурылдан, Мен шапсам жер танабы, оу, қуырылған. Әсет-жан, осы аурудан өлем білем, Жатырмын ұшайын деп тұғырымнан». Таныс өлең ғой. Бурыл таза қанды емес деген түсінік бар біздің халықта. Шаңқан бозды қазақ қадірлейді. Ақтабан жылқы бар. Орауыз қара, торы құла. Иегінің асты, екі жағы ауыздығы сары болып келеді. Тіпті тұмсығына дейін жетеді. Өзі қап-қара болса да.
– Аттың сыны туралы не айтасыз?
– Шабатын аттың тұрқы бөлек болады. Атбегіге анадайдан әйгіленеді. Құлағы едәуір ұзын келеді. Қамыс құлақ дейміз. Шекелі келсе, тұмсығы кең тынысты болады. Көзі ала шақпақ ойнап, жынданып тұрмай, сабырлы, бірақ отты болса, алысқа шабатынын аңғартады. Еліріп тұрса, мінезі нашар, шабысы да аз ғана. Біраз шауып барып, болдырады. Алысқа сілтейтіндер тыныш келеді. Мінезі де салмақты болады. Асылы, жылқы жануары ақылды ғой. Адамның мінез-құлқын тақымынан біліп тұрады. Не істегелі тұрғаныңды сезеді, өте сезімтал келеді. Қауіп төніп тұрғанын да жақсы жылқы біледі. «Кез жарым, кесер баста кесім ет жоқ». Міне, нағыз жүйрік сыны, Қубас сондай шығар. Қабанбай батыр мінген атты айтамыз. Бір жарым кез баста кесіп алар еттің болмауы. Кеудесі кең болады. Ойма еті бөлек тұрады. Білеуленіп білінеді. Жүйріктің тұяғы қатты келеді. Дөп-дөңгелек, тасқа салсаң, мойымайды, суға салсаң, жібімейді. Жиырма жасқа шекті сынын бұзбайды. Тай тұяғындай мұқалмаған, берік келеді. Ақан айтпаушы ма еді, «тасындай шұбар ала Көкшетаудың» дегенді... Төңкерген шыны секілді. Жарық түспейді. Қалың табанынан ыстық өтпейді. Тасқа да, құмда да шабады. Жалпақ тұяқты, ошақтай келетіндері жұмсақ та шабады. Тұлпар тектес жер талғамай шапқан. Ұзақ жолға да қызбайды. Жалы қаба жал болмаған. Жал-құйрығы қолдан жасап шығарғандай, қашан көрсең, сүзіліп тұрады. Топ құйрық болмайды. Ұяланып қалмайды, табиғат өзі тарап беретіндей. Бөктерін шекті дейді қазақ. Жамбас сүйектері шығыңқы келеді. Бұты талтақ келеді. Артқы аяқ сіңірлі, арыстан аяғындай майысыңқылау келеді. Сонда серпінді болмай ма, серпін алады. Бауыры жазық, санды. Бураның қара санындай. Бел омыртқа біріне- бірі тығыз орналасқан. Белі сәл бүкіштеу, сәл көтеріңкі. Салған ертоқым алға да, артқа да кетпейді. Шоқтығы биік болады. Ерні салыңқы, салбырап түспейді де. Тісі қатты, өте мықты. Қазақ жылқысының басы қатты болады. Ауыздықты тістеп алады. «Сыңар езу» деп қазақ әрең тоқтатады. Қазіргі жылқының басы бос. Соны байқадым.
– Аттың бабы туралы да білгіміз келеді.
– Жылқының табиғатына, жайылған жеріне, орналасқан мекеніне қарай бапталады. Ортақ бір жүйе болмауы да мүмкін. Бидай мен арпа беретін кезді көрдік. Біздің жақта тек сұлы пайдаланады. Әр аттың бабы әртүрлі болады. Бір баппен жаратуға болмайды, жылқы қасиетті дедік. Үнемі мініп жүрген кісі немесе егесі ғана сырын біледі. Сырласып отырып жаратса, бәйгеден келеді. Кейбір жылқы көп суытқанды қалайды. Суытқанды мүлде суқаны сүймейтіні де кездеседі. Асылы суытқан дұрыс. Жүріп келген соң. Келе сала су бермейді. Атты таза ұстау керек. Осы күнде күн сайын шабады. Меніңше, ол дұрыс емес. Оның тері шығады. Қуаты кемиді. Бір шабарын қалдыру керек, қу жанын шығармау керек, содан кейін де көп өледі. Аттың бабын білу – үлкен өнер. Аттың бабын атбегі ғана сезінеді. Жайылыстан ұстап алған жылқының алдымен тоқ терін алады. Жөн аяңдатып қана, бусантып алады. Қара сорпасын, қанды көбігін шығармайды. Таза, көгалды жерге ауыздығын алып, шөпке аузы жетпейтіндей байлап қояды. Қыста, суық күнде үстіне жабу жабады. Бір сағат жүрсе, бір сағат суытады. Аздап шөп беріп, суғарады. Шөпті тарта беріп, сұлы мөлшерін арттырады, онда да аттың күйіне қарай. Күн өткен сайын жөн долығын шығарып, шабады. Қазақ бір айға дейін баптаған. Жарысқа онсыз қоспайды. Өкпесін соғып алмауы керек. Бір айналым шапса болады. Қазы болмасын. Қазылы жылқы топ қазы болып өліп қалады. Қазының бар-жоғы жалынан білінеді. Жал қолды керіп, шіреп тұрмауы керек. Сауырындағы сулығы білініп тұрсын. Ойым шеті ойылып, ыңғыршағы шығып кетсе тағы болмайды. Таза қанды емес, қазақы жылқының бабы бұл. Аламанда солар озады. Жылқы да аз қазір. Ат қадірін білетіндер де кеміді. Жабы ет алғыш болады. Жайылысқа мықты, тебінге жақсы, денесі кішілеу. Жабының үш шоқысы деген де тұқым бар. Төбесі, сауыры, шоқтығы биік үш шоқы. Тоғыз жасқа дейін шабады. Қазақ «тұяқты тұяқ жібермейді» дейді. Олжа салған небір жүйрік күннің күнінде бәйгеден қалады. Оның орнын басатын тағы бір тұлпар келеді. Демек, мәңгі ештеңе жоқ.
ЖЫЛҚЫ ТҮСІ
Қылаңға жататын түстер: боз, ақбоз, қылаң боз, шаңқан боз, көк, қара көк, қызыл көк, теңбіл, қызыл теңбіл, судан, ол енді су түстес, сосын тарлан, тарлан боз. Алалар түріне сары ала, қызыл ала, ала сауырлар жатады. Ағы көптері де кіреді. Ақ жирен деген түс болады. Ол да қылаңға жатады. Өте сирек кездеседі. Күміс жал, күміс жирен деген де түстері табиғатта бар. Баранға қара түстер жатады. Шимай қара, сүлік қара, мақпал қара, күрең, күреңнің өзі бірнешеу: шымқай, қызыл, қоңыр күрең дейді. Қасқаны да қосып айтады. Қоңыр қасқа, қызыл қасқа... осылай кете береді. Төбел де солай айтылады: қара төбел, маңдайындағы ақты төбел дейді. Коңыр көп кездеседі, қара қоңыр, сары бауыр қоңыр, ақтаңкер қоңыр, бауыры сары. Жотасы коңырды ақтаңкер қоңыр дейміз. Торы, тобылғы торы, шымқай торы. Құла түсі – құбақан, құлажирен, қара жал құла. Тегінде қазақ даласында болған жабайы жылқыдан қалған тарпаң құла ортасынан екі жаққа қаққа бөлер, құлақ түптен құйрығына дейін қара сызық түседі. Бұл қазақ үшін ең қадірлі түрі саналады. Түсі құла бірақ. Ақ құла ондай болмайды. Теңбіл көк, көк, көк шұбар, қызыл көк. Бес жастан кейін, шау тартқанда қара көк шаңқан болып, көгеріп кетеді. Кейін ақ бозға ауысады. Кәртейген кезде түсі өзгереді. Сары түсті болады. Ақ сары дейді, күлгін сары, күміс құйрық сары, жалы күмісше жалтырап тұрады. Бурыл көк пен ақтың араласып кетуі де өлеңге арқау.