Құрама сапы селдіреп қалды
Қытайда бокстан Азия чемпионаты басталып, алғашқы електік жекпе-жектер де аяқталды. Өкінішке қарай, Қазақстан құрамасының бес боксшысы жеңіліске ұшырап, қатардан шығып қалды...
Сенбіге дейін созылатын 2009 жылғы Азия чемпионатына Қазақстаннан, Қытайдан, Тайландтан, Өзбекстаннан, Моңғолиядан, Үндістаннан, Жапониядан, Солтүстік Кореядан, Оңтүстік Кореядан, Түрікменстаннан, Қырғызстаннан, Пәкістаннан, Тайпейден, Ираннан, Катардан, Гонконгтан, Индонезиядан, Иорданиядан, Ливаннан және Шри-Ланкадан барлығы 169 боксшы қатысқан еді. Қазір олардың бірсыпырасы жеңілістің кермек дәмін татып, чемпионаттан тыс қалды.
Қазір бұрынғыдай емес, Азия елдерінің біразында бокс өте жоғары деңгейде дамып келеді. Сондықтан алып құрлықтың шығыс бөлігінде біріншілік шектен тыс тартысты өтуде. Халықаралық әуесқой бокс қауымдастығы (АІВА) бұл тұрғыда былтырғы Бейжің Олимпиадасында Азия елдерінің 5 алтын медаль жеңіп алғандығын көлденең тартуда. Өздеріңіз білесіздер, 2008 жылғы ХХІХ жазғы Олимпиада ойындарында Қытайдың қайыс қолғапты қырандары екі алтын алып, Қазақстан, Моңғолия және Тайланд тарландары бір алтыннан еншілеген. Азия боксшыларының жүлделі орындарға іліккендері де біршама болған. Осының бәрін ескеріп, «Азия чемпионатында бәсекелестік шектен тыс шиеленісті болады» деген АІВА мамандарының пікірлерін біз де теріске шығара алмаймыз. Бұрындары Азиядағы турнир-чемпионаттарда қарсыластарына қырғидай тиетін Қазақстан былғары қолғап шеберлері бұл жолы ондай басымдық көрсете алмай жатыр. Кейбіреулері алғашқы айқастарында-ақ ұтылып, сенімді ақтай алмады.
Газетіміздің кешегі санында Азия чемпионатының алғашқы күндері рингке шыққан боксшыларымыз жайлы жаздық. Осы жерде ең ауыр салмақтағы өрімдей жас талантымыз Иван Дычконың жеребесі ауыр түсіп, алғашқы айналымда Бейжің Олимпиадасының күміс жүлдегеріне тап болғанын айта кетсек. Дычко бірден еңгерзедей Чжан Жилеймен кездеспегенде, жүлделі орындарға сына қағар ма еді?! Бірақ жыл басында Қостанайда өткен ел чемпионатында топ жарған Дычконың жолы болмады. Тіс қаққан Қытай алыбы өз жерінде жеңісті қазақтың жас талантына бере қойсын ба?! Айласын асырып, жеңіске жетті.
Азия чемпионатының үшінші күні шаршы алаңға шыққан жігіттеріміздің ішінен Біржан Жақыповтың жеңіліске ұшырауы күтпеген жағдай болды. Қытай бұл жолы Азия чемпионатына Бейжің Олимпиадасында теңдессіз танылған, екі дүркін әлем чемпионы Цзоу Шиминді емес, басқа боксшысын әкеп қосқанда «енді Біржаның бағы жанар» деп ойлап едік, бірақ...
Тәжірибелі Міржан Рақымжанов пен Ғани Жайлауов Қостанайда Қазақстан чемпионы атағын жеңіп алғандары кездейсоқтық емес екендіктерін дәлелдеп, алғашқы белестен сүрінбей өтті.
Қазақстан құрамасының серкесі, екі дүркін әлем чемпионы Серік Сәпиев алғашқы қарсыласын бірінші раундта-ақ сұлатып салды. 75 келі салмақ дәрежесіндегі ел чемпионы Әділбек Ниязымбетов те сенімді ақтай алмай, алғашқы жекпе-жегінде салы суға кетті.
Кеше газетіміздің осы саны қатталып жатқанда биылғы Азия чемпионатының екінші айналымдағы жекпе-жектері басталды. Әзірше біздің боксшылардың ішінен шаршы алаңға шықпаған – тек
51 келі салмақ дәрежесіндегі Олжас Сәттібаев қана. Ол жеребе бойынша бірінші айналымда ешкіммен жұдырықтаспай-ақ, Азия чемпионатының келесі сатысына шықты.
Бірінші күн
+91 келі:
Иван Дычко – Чжан Жилей (Қытай) – 0:9
Екінші күн
54 келі:
Міржан Рақымжанов – Таканори Сато (Жапония) – 15:0
60 келі:
Ғани Жайлауов – Баһадүр Мамоджанов (Өзбекстан) – 10:7
64 келі:
Омар Тәшенов – Санжарбек Рахманов (Өзбекстан) – 1:5
Үшінші күн
48 келі:
Біржан Жақыпов – Тугстогт Няамбайар (Моңғолия) – 4:10
57 келі:
Мақсат Оспанов – Чхоте Лай Иадав (Үндістан) – 1:15
69 келі:
Серік Сәпиев – Яагат Синг Белал (Үндістан) – нокаут (бірінші раундта)
75 келі:
Әділбек Ниязымбетов – Руслан Карипов (Қырғызстан) – айқын басымдылық
Бет қатталып жатқанда рингке төмендегі боксшыларымыз шықты:
54 келі:
Міржан Рақымжанов – Тулашбой Донияров (Өзбекстан) – 5:17
60 келі:
Ғани Жайлауов – Тарық Зиа (Пәкістан)
81 келі:
Дәурен Елеусінов – Тумуркхюаг (Моңғолия)
91 келі:
Василий Левит – Сандагсурен (Моңғолия)
Р.S.
Сондай-ақ кеше Қытайдағы бапкерлеріміздің хабарлауынша, 69 келі салмақ дәрежесіндегі Серік Сәпиев те сириялық қарсыласын жеңіп, Азия чемпионатының келесі сатысына шықты.