Қажымұқан Мұңайтпасұлы – ғаламат күш иесі. Қазақтың атын тұңғыш рет әлем жұртына танытқан осы бір таудай құбылыс баба тарихынан бізге жеткен алып баһадүрлер туралы әңгімені растай түсуі үшін арнайы жіберілгендей көрінеді, кейде. Шындығын да, ежелгі қазақ батырларының тау тұлғалық алып қасиеті туралы кейбір аңыз боп жеткен әңгімеге сеніңкіремей «қазекемнің асырып жіберетіні бар» дейміз. Алайда күні кеше, яғни 1948 жылы ғана өмірден өткен Қажымұқанның алып тұлғасы ондай аңыз әңгіменің ешқайсысы да ақиқаттан алыс еместігін айғақтай түседі.
Өмірдегі Қажымұқан қандай еді?
Жақында Астананың батыс беткейіндегі Қажымұқан ауылында даңқты балуанға арналып, ас берілген еді. Асқа алыстан арнайы ат терлетіп, солтүстік өңірден келген, ұлты татар жігіт ағасының әңгімесі Қажымұқанның батырлығы, балуандығынан бөлек, азаматтық игілікті істерін, жомарттығын да паш ететін шежіре болып шықты. «Ағайынымыз Сейфулла атты татар осы өңірде кішкене күнінде Қажымұқанмен тел өскен достарының бірі болған екен. Өзі де Қажымұқан секілді жастайынан жетім қалып, тіпті кейбір шақтарда байға бірге жалға жүрген көрінеді. Содан Қажымұқан балуан болып, шетел асып кеткеннен кейін бірер заман өткен соң, қайтадан осы Қызылжар жәрмеңкесінде көріссе керек-ті. Сонда атағы дардай Қажымұқан өзінің татар досын бірден танып, жөн сұрасыпты. Досының үй-күйі жоқ, жалшылықпен күн кешіп жүргенін естіген Қажымұқан қалтасынан санап, ақшасын түгел төлеп, қаланың қақ ортасынан бір үлкен үй сатып әперген екен. Мұндай жомарттықты қалай ұмытуға болады?» – дейді әңгімешіл ағамыз. Ол үй әлі де Қызылжарда тұрған болуы керек.
Кинодағы Қажымұқан
Кезінде «Қажымұқан» фильмі арқылы жұртшылыққа танымал болған балуанның рөлін сомдаған, бүгінде «Қажымұқан» қоғамдық қорының төрағасы Леухан Бекболат ағамызды да осы астан кездестірдік. Әңгімеге де тарттық. «1983 жылы Лениншіл жас газетіне «Қажымұқан кім болады?» деген мақала шыққан болатын. Сол мақалада балуан бабамыздың рөлін сомдауға қатысты конкурс жарияланғаны жазылыпты. Жас шамасы, бойы, түр әлпеті туралы біршама талаптар көрсетіліпті. Мен ол кезде Оңтүстік Қазақстан облысының Шардара ауданындағы Достық совхозында механизатор болып істейтінмін. Жасым – 30-да. Газеттен конкурсты оқып, соған ниеттендім. Конкурс талабы бойынша салмағы мен бойы көрсетіліпті, сосын күрестен хабары бар жігіттер шақырылатындығы жазылыпты», – дейді «кинодағы Қажымұқан». Сөйтіп, «Қажымұқан кім боладының?» арқасында газеттен жауап алып, ауылда жүрген механизатор Алматыда өтетін үлкен конкурстың ортасына топ ете түседі. Республика бойынша 210 жігіт қатысқан конкурстың іріктеуі 3,5 ай шамасында өткен екен. «Спортшылардың арасында Еуропа чемпиондары, еліміздің біріншіліктерін бермей жүрген жігіттер де баршылық болатын. Әйткенмен, комиссия ойда-жоқта мені таңдады. Сосын 1984 жылы кино толық түсіп бітіп, 1985 жылы бүкіләлемдік студенттердің фестивалінде Мәскеуде алғаш рет тұсауы кесілді. Одан кейінгі жылдары шетелдерде өткен фестивальдардың барлығына қатыстым», – дейді Л. Бекболат. Оның айтуынша, іріктеу комиссиясы балуанның жас кезіндегі, яғни алғаш чемпион атанған кезіндегі дене бітімнің Қажымұқанға ұқсаған сымбаттылығымен қоса, «күш атасының» бет-әлпетіне көбірек назар аударылған екен. Сөйтіп, конкурсты жариялаушы қазақтың дарынды кинорежиссерлерінің бірі Сұлтанахмет Қожықов, өзінің «Қыз Жібек» фильмінен кейін араға 12 жыл салып, осы «Қажымұқанға» кіріседі. Осы тұста Қажымұқанның да тұлғалық сипаты есімізге түседі. Кейбір деректерге қарасақ, Қажымұқанның 75 жасындағы дене бітімі, тұлғасы: таза салмағы – 174 кг, бойы – 195 сантиметр (өз айтуы бойынша күресіп жүргендегі салмағы – 215 кг, бойы 200 сантиметр болған). Бұл турасында газетіміздің алдыңғы сандарында толық жазылған еді. Осыны ойға алып: «Балуанмен тұлғалық ұқсастығыңыз қаншалықты сәйкесті?» деп сұраймыз. «Әрине, 30 жас – нағыз орда бұзар кезім. Десе де мен актер емеспін, Қажымұқандай алпауыт тұлғалы да емеспін. Бойым, салмағым өз қатарластарымның алдында болғанымен, Қажыатаға жету қайда?! Дегенмен кино түсіруге таңдағанда 85 пайыз портреттік сәйкестікке алдымен көңіл бөлінді. Яғни бет-әлпетімнің 85 пайызы Қажымұқанға ұқсастығына назар аударылды. Негізі, ол кезде бойым – 185, салмағым 85 келі болған-ды», – дейді ол. Леухан ағамыз да спорттан алшақ туған жан емес екен. Қазақша күрестен республика чемпионатын екі дүркін жеңіп алған, еркін күрестен спорт шебері. Бұл киноға түскенге дейінгі дәрежесі. «Қажымұқаннан» басқа киноға түскен емеспін. Шешем егде тартқан еді, бала-шаға да жас болды. Айтпақшы, сол киноға түскен жылы ұлды болып, атын Қажымұқан қойғанмын. Ал киноға келсем, біршама шақыртулар алғаныммен, бас тарттым. Бір жағынан, мал-жан, бала-шағаны бағу міндет болса, екінші жағынан, Қажымұқаннан кейін одан төмен рөлді ойнауға зауқым болмады», – дейді Л. Бекболат.
Қалай десек те, Қажымұқан – қазақ балуандарының рухани бренді. Ендеше балуанның толық тұлғасын, бейнесін, өмірін жете зерттеп білу – ұрпаққа керек өнеге.