Қазақтың қайсар жігіттеріне қызыққан тарлан
Нижегородск облысының Арзамас-16 деген кішкентай ғана елді мекенінде дүниеге келген Олег Тактаров кішкентайында самбомен айналыса бастаған. Турнирлерге қатысып, нәтижелі өнер көрсетіп жүрді. Кейін есейе келе, джиу-джитсуға бет бұрып, Еуразияның төрт дүркін чемпионы атанды. Ал 1993 жылдан бастап Тактаров ережесіз жекпе-жекке бағын сынай бастады. Қарапайым «деревнядан» шыққан батыр мұнда да тайсалған жоқ. Қарсыласын шетінен жапырды. Алайда бертін келе Олег Тактаров өзін басқа қырынан тексеріп көргісі келіп, «актер болсам» деген арманмен Голливудқа аттанып кетті. Бүгінде бұл саңлақты дүниежүзі таниды. Көріп қалса, қолтаңба сұрап, бірге суретке түсуін өтінеді. Міне, осындай мансапқа жеткен тұлға Алматыға келді. Оның бұл жолғы сапары белгілі спортшымыз Ардақ Назаровтың ұйымдастыруымен өткен ережесіз жекпе-жекке байланысты еді. Мұндай тұлғаның елімізге күнде келе бермейтінін біліп, Олег Тактаровпен ебін тауып сөйлескен едік.
– Олег Николайұлы, алғашқы сұрағымызды Қазақстанға сапарыңыздан бастасақ. Алматыға тек ережесіз жекпе-жек үшін келдіңіз бе? Әлде тағы басқа шаруаларыңыз бар ма?
– Ойымның үстінен дөп түстіңіз. Ардақ Назаровтың ұйымдастыруымен өтетін жекпе-жек кешінен бөлек, Алматыға тағы бір шаруамен келгенім рас. Нақтырақ айтсам, Қазақстанда шоу-бағдарлама түсірсем деп едім.
– Қызық екен. Толығырақ айтып берсеңіз. Сценарийі қалай өрбімек?
– Сценарийі жазылып, өңделу үстінде. Мазмұнына келер болсам, негізі, қазақтың ауылдарында мықты жігіттер жеткілікті. Қиын-қыстау кезеңде дүниеге келген олардың көпшілігі кезінде спортпен айналысқан. Алайда, шыны керек, тағдырдың соқпағына ұшырап, спортты тастап кеткен. Кейбіреуі құрылыста жалдамалы қызметкер болып жүрсе, кейбірі қиындыққа шыдамай, ішімдікке салынған. Бірақ бойларында күш-қуаттары әлі де бар. Егер спортпен қайта шұғылданса, биік белестерді бағындыруы әбден мүмкін. Міне, сондай жігіттерді жинап, оларды жаттығу залына алып келіп, жаттықтырамыз. Жағдай жасаймыз. Сөйтіп, сегіз бұрышты тордың ішіне дайын қылып кіргіземіз. Осының барлығы таспаға түсіріліп, олардың өткен өмірі мен қазіргі кезін түсіреміз. Кім біледі, бәлкім, арасынан екі-үшеуі ережесіз жекпе-жектен әлем чемпионы атанатын да шығар. Ал жалпы, бұл реалити-шоу болмақ.
– Айтыңызшы, осы уақыттың ішінде қазақтың жігіттерінен қандай ерекшеліктер байқадыңыз?
– Сіздерге қызығатыным, өте шыдамдысыздар. Рингте де солай. Асықпай жүріп, қарсыласының әбден ығырын шығарып алады да, ақырында жерге алып ұрады. Иә, айқас басында жеңіліп жатқандай көрінеді. Бірақ соңына таман қарсыласының көкесін танытады. Сондай-ақ қазақ жігіттері өте жан-жақты. Спорттың кез келген түрін болса да, алып кете алады. Аяқпен де, қолмен де бірдей қимылдайды. Бойларының аласалығына қарамастан, бойшаң алыптардың біразын естерінен тандыртқандарын көргенмін. Мұндай спортшылар маған өте қатты ұнайды.
– Ал ережесіз жекпе-жекте жүрген спортшыларымызға қандай ақыл айтар едіңіз?
– Сіздерде барлық жағдай жасалған. Спорттың керек екенін түсінетін адамдар да өте көп. Бір ғана айтарым, шетелдіктермен жиі тәжірибе алмасып тұруларыңыз керек.
– Сонда бізде бұл жағы әлсіреп тұр ма?
– Иә, дәл солай. Сіздерде шетелдің рингтеріне шығып, көзге көрініп жүрген төрт-бес жігіт қана бар. Тәжірибе алмасу жағы жетіспей тұр. Айта кетейін, спортшы басқа елдің спортшысымен тәжірибе алмасқан сайын шыңдала түседі.
– Жалпы, сіз Қазақстанға Ардақ Назаровтың шақыртуымен келгеніңіз ақиқат. Ал онымен ең алғаш танысқаныңыз есіңізде ме?
– Оны бұрыннан танимын. Ресми түрде таныспай тұрып, сыртынан байқап жүретінмін. Батыл әрі шыдамды жігіт. Жаны қысылып тұрса да, «жеңілдім» деген белгі бермейді. Соңына дейін шыдап бағады. Ұмытпасам, 2004 жылы ғой деймін, Ресейдің Хабаровск қаласында ережесіз жекпе-жектен әлем кубогы өткен. Сол додада әлемнің бес дүркін чемпионы «Киллер» деген лақап есімімен танымал Артур Умахановқа лайықты қарсылас таба алмай, біраз сандалдық. Ақырында таңдауымыз қазақ жігіті Ардақ Назаровқа түсті. Шыны керек, басында Ардақтың «Киллерге» шамасы жетеріне күмәндандық. Өйткені Артур бұған дейін қарсыластарының барлығын есінен тандыра құлататын еді. «Киллер» деген лақап есімді иеленгені де сондықтан. Сонымен не керек, Ардақ Артурдың өзін сұлатып тастады.
– Яғни таныстықтарыңыз сол кезден басталды ғой. Ол туралы алғашқы ойыңыз қалай болды?
– Таныса сала құшақтастық. Жейделерімізбен алмастық (күліп). Жай, қалжың ғой. Ал шындығына келер болсам, оның болашағы зор екенін сол кезде-ақ байқадым.
– Алдағы күзде Назаров өзінің чемпиондық атағын төртінші мәрте қорғау үшін АҚШ-қа аттанады. Қалай ойлайсыз, әлемнің төрт дүркін чемпионы атану Ардақтың қолынан келе ме?
– Оның жеңісіне 100 пайызға сенімдімін. Ардақтың болашағы зор. Бірақ естідім, бір-екі жылдан кейін спортпен қоштаспақшы екен. Дегенмен өз басым, оның «спортпен қоштасамын» дегенін «бос сөз» деп есептеймін. Назаровтың әлі біраз жыл айқасуға күші жетеді.
– Енді өзіңізге келсек, бүгінде сіздің актер екеніңізді білеміз. Өзіңізге қайсысы қиын: киноға түскен бе, әлде рингте төбелескен бе?
– Екеуі де оңай. Меніңше, адам егер өзі ұмтылып тұрса, кез келген жұмысты іліп әкете алады.
– Қазір қайда тұрып жатырсыз? Ресейде ме, әлде Голливудта ма?
– Үйлерім бар, бірақ тұрақты мекенім жоқ. Қайда тұрғым келеді, сонда тұрамын.
– Соңғы сұрақ, сізді бұрын рингте қатал, сұсты адам ретінде таныдық. Жалпы, шынайы өмірде қандайсыз?
– Байсалдымын дейін десем, артықтау. Тым көңілдімін деуге тағы келмейді. Негізі, әр кезде әрқалай. Ортаға байланысты өзгере беремін.
– Әңгімеңізге көп рақмет!
Олег Николайұлы Тактаров
Туған жылы: 26.08.1967 ж.
Туған жері: Ресей Федерациясы Нижегородск облысы Арзамас-16 елді мекені
Мамандығы: актер және спортшы
Лақап есімі: «Орыс аюы», «Сәнқой жауынгер»