Қазақстан спортшыларының Олимпиада ойындарынан алған медальдары

Қазақстан спортшылары Олимпиаданың 18 спорт түріне қатысып, соның 11 түрінен жүлде алған

Лондон олимпиадасынан бері үш жыл өтсе де сол кездегі Қазақстан спортшыларының жарқын жеңісі әлі көз алдымызда. Тарихымызда бұрын соңды болмаған жетістікке жеткен еліміздің спортшылары 200 мемлекеттің арасында 12-орын алғанда бөркін аспанға атпаған жанкүйер жоқ шығар, сірә?! Содан бері біраз уақыт өтті. Лондонда бүкіл әлемді таң қалдырған спортшыларымызға жаңа тапсырма жүктелді. Енді сол Тұманды Альбионда жеткен жетістігімізден төмендемей, келесі жылы өтетін Рио олимпиадасында табысымызды еселей түсу қажет.
Бразилия жерінде ұйымдастырылатын Олимпиадаға биылдан бастап жолдама таратылады. Әлемдік және құрлықтық деңгейінде өтетін жарыстарда әр ел өздеріне тиесілі «сыбағаларын» алып, жолдама үшін тер төгеді. Қазақстан спортшылары бұған дейінгі Олимпиада ойындарына тоқсан спортшыдан кем апарған жоқ. Жолдама саны да едәуір. Қуанарлығы, әр төрт жыл сайын спортшылар мен жолдамалардың саны да өсіп келеді. Мәселен, Қазақстан егемендігін алып, жеке ел болғаннан кейінгі алғашқы қатысқан Олимпиадасында спорттың 15 түрінен 94 спортшы апарса, Сидней олимпиадасында 18 спорт түрінен 130 спортшы қатысты. Соңғы Лондон олимпиадасы кезінде ел намысын спорттың 20 түрінен 115 спортшы қорғады. Дегенмен бұл жерде басты назар аударатыны бізге спортшылардың санынан бұрын сапасы маңызды.
Біз бүгін Қазақстан спортшыларының Олимпиада ойындарындағы жетістіктерін саралай өтіп, спорт тарихымызға сәл шегініс жасамаймыз. Сондағы мақсатымыз – «Қазақстан спортшылары қай Олимпиадада сапалы өнер көрсетті?», «Еліміздің спортшылары қандай спорт түрлерінде мықты?» деген сұрақтарға жауап іздеп көреміз. Яғни, бүгінгі айтпағымыз сан мен сапа жайлы болмақ.

Атланта олимпиадасы

Спортшы саны – 94. Спорт түрі – 15.
Медаль саны – 11. Командалық есеп – 24.

Алтын: Василий Жиров (бокс, 81 келі), Александр Парыгин (бессайыс), Юрий Мельниченко (грек-рим күресі, 57 келі);
Күміс: Болат Жұмаділов (бокс, 51 келі), Анатолий Храпатый (ауыр атлетика, 99 келі), Сергей Беляеев (нысана көздеу, 2 дүркін);
Қола: Болат Ниязымбетов (бокс, 63,5 келі), Ермахан Ибрайымов (бокс, 71 келі), Мәулен Мамыров (еркін күрес, 52 келі), Владимир Вохмянин (нысана көздеу).

Еліміз егемендік алғаннан кейін тұңғыш қатысқан жазғы Олимпиада ойындарына барлығы 94 спортшы аттанды (1-кесте). Бұлардың арасында жеңіл атлетикадан ел намысын қорғаған спортшылардың саны басым болды – 17 спортшы. Дегенмен, атлеттеріміздің саны көп болғанымен сапа жағанына ауыз толтырып айтарлықтай еш нәтиже көрсете алмады. Ең жоғары жетістікке жеткен сырықпен секіруші жалғыз Игорь Потапович. Оның нәтижесі 4-орын. Бұл ретте боксшыларымыздың жетістігін жоғары бағалауға болады. Он екі салмақтың сегізінде жолдама алған марқұм Әбдісалан Нұрмахановтың шәкірттері елімізге төрт медальмен оралды. Яғни, боксшыларымыз жеңіл атлеттерге қарағанда сапалырақ жұмыс істеп, ел қоржынын толтыруға айтарлықтай үлес қосты. Олимпиадаға барған сегіз боксшының төртеуі тұғыр биігінен көрінуі - нағыз сапалылықтың үлгісі деуге болады.
Атланта олимпиадасында жеңіп алған үш алтын медальдің екеуі Александр Парыгин (бессайыс) мен Юрий Мельниченконың (грек-рим күресі) еншісінде. Грек-рим күресінің шеберлері Олимпиадаға бес балуан апарғанын ескерсек, бұл да жаман нәтиже емес. Ал, бессайысқа келсек, бұл спорт түрінде айдарымыздан жел есті десек болады. Жалғыз алтын медальді сарапқа салған бессайысшылар арасында Олимпиада чемпионы деген атақты отандасымыз Александр Парыгин жеңіп алды. Бессайыста барлығы 22 елден 32 спортшы қатысқанын да айта кетейік.

Атланта олимпиадасына қатысқан спортшылар мен жеңіп
алған медальдар саны туралы мәлімет

(1-кесте)

 

 

Сидней олимпиадасы

Спортшы саны – 130. Спорт түрі – 18.
Медаль саны – 7. Командалық есеп – 22.

Алтын: Бекзат Саттарханов (бокс, 57 келі), Ермахан Ибрайымов (бокс, 71 келі), Ольга Шишигина (жеңіл атлетика);
Күміс: Болат Жұмаділов (бокс, 51 келі), Мұхтархан Ділдәбеков (бокс, +91 келі), Ислам Байрамуков (еркін күрес, 97 келі), Александр Винокуров (велоспорт).

Сидней олимпиадасының спорт тарихымызда алар орны ерекше. Өйткені, сонау Австралия төрінде өткен дүбірлі додада тұңғыш рет қазақтың екі бірдей спортшысы Олимп шыңына көтерілді. Тұрсынғали Еділов бастаған бокстан Қазақстан құрамасының сапында жеті бірдей қазақ боксшысы жұдырықтасып, жетеуі де Олимпиада ойындарының ширек финалына шықты. Оның төртеуі финалда өнер көрсетті. Мұндай бас айналдырар табыс әлі күнге дейін бірде-бір спорт түрінде қайталанған емес. Сидней олимпиадасының қарсаңында 11 салмақтың 7 жолдамасын ғана жеңіп алған кезде жолдама санын азсынғандар да болып еді. Бірақ, Еділовтің жігіттері саннан гөрі сапаға жұмыс істеді. Австралия құрлығында қоржынымызға түскен жеті жүлденің төртеуі былғары қолғап шеберлеріне тиесілі болды. Жалпы Қазақстанның жазғы Олимпиада ойындарының тарихында ең көп спортшымен барып, ең аз жүлде алғанымыз осы Сидней олимпиадасында екен (2-кесте). Бірақ, әлі күнге дейін ешкім де Сидней олимпиадасында сағымыз сынды деп айта алмайды. Өйткені, мұнда спортшылардың санына қарағанда, медальдардың сапасы жоғары болды.

Сидней олимпиадасына қатысқан спортшылар мен жеңіп
алған медальдар саны туралы мәлімет

(2-кесте)

 


Афины олимпиадасы

Спортшы саны – 114. Спорт түрі – 18.
Медаль саны – 8. Командалық есеп – 40.

Алтын: Бақтияр Артаев (бокс, 69 келі);
Күміс: Геннадий Головкин (бокс, 75 келі), Георгий Цурцумия (грек-рим күрес, 120 келі), Геннадий Лалиев (еркін күрес, 74 келі), Сергей Филимонов (ауыр атлетика, 77 келі);
Қола: Серік Елеуов (бокс, 60 келі), Мкхитар Манукян (грек-рим күрес, 66 келі), Дмитрий Карпов (жеңіл атлетика).

Қазақстан спорт тарихында Афины олимпиадасы ең сәтсіз өткен Олимпиадалардың бірі саналады. Олимп шыңында алауы жағылып, алғаш рет Олимпиада өткен елде Қазақстан спортшылары бар-жоғы 1 алтын медальмен оралды. Командалық есепте де жоғары шыға алмадық – 40-орын. Егер боксшы Бақтияр Артаев болмағанда алғашқы алпыс мемлекеттің қатарында жүрер ме едік, кім білсін?!
Эллиндер еліне Қазақстанның 114 спортшы аттанған (3-кесте). Бұл көрсеткіш сол кезде Сиднейден кейінгі үлкен көрсеткіш болатын. Бірақ, санымыз көп болғанымен сапасын көре алмадық.

 

 

Афины олимпиадасына қатысқан спортшылар мен жеңіп
алған медальдар саны туралы мәлімет

(3-кесте)


Бейжің олимпиадасы

Спортшы саны – 129. Спорт түрі – 20.
Медаль саны – 13. Командалық есеп – 29.

Алтын: Бақыт Сәрсекбаев (бокс, 69 келі), Илья Ильин (ауыр атлетика, 94 келі);
Күміс: Асқат Жіткеев (дзюдо, 100 келі), Таймураз Тигиев (еркін күрес, 96 келі), Ирина Некрасова (ауыр атлетика, 63 келі), Анна Важенина (ауыр атлетика, 75 келі);
Қола: Еркебұлан Шыналиев (бокс, 81 келі), Нұрбақыт Теңізбаев (грек-рим күресі, 60 келі), Әсет Мәмбетов (грек-рим күресі, 96 келі), Арман Шылманов (таэквондо, 80 келі), Марид Муталимов (еркін күрес, 120 келі), Елена Шалыгина (әйелдер күрес, 63 келі), Мария Грабавецкая (ауыр атлетика, +75 келі),

Қытай жерінде өткен Олимпиада ойындарына елімізден 129 спортшы барды. Бұлардың арасында гандболшыларымыз бен волейболшыларымыз тұңғыш рет Олимпиада ойындарына қатысты. Командалық спорт болғаннан кейін спортшылардың саны көбейгені де сондықтан. Егер су добы шеберлері Олимпиадаға жолдама алғанда спортшылар саны бұдан да артар еді. Бірақ, одан бізге нәтиже бола ма? Төрт жыл бұрын Афиныда 1 алтын медальмен қайтқан спортшыларымыз бұл жолы әупірімдеп жүріп екі алтын медаль алды. Дегенмен, Бейжіңде алтын медаль саны аз болғанымен жалпы жүлде саны көбірек болғанын да айта кетейік (4-кесте).

Бейжің олимпиадасына қатысқан спортшылар мен жеңіп
алған медальдар саны туралы мәлімет

(4-кесте)

Лондон олимпиадасы 

Спортшы саны – 115. Спорт түрі – 20.
Медаль саны – 13. Командалық есеп – 12.

Алтын: Серік Сәпиев (бокс, 69 келі), Илья Ильин (ауыр атлетика, 94 келі), Александр Винокуров (велоспорт), Ольга Рыпакова (жеңіл атлетика), Зүлфия Чиншанло (ауыр атлетика, 53 келі), Майя Манеза (ауыр атлетика, 63 келі), Светлана Подобедова (ауыр атлетика, 75 келі);
Күміс: Әділбек Ниязымбетов (бокс, 81 келі);
Қола: Ақжүрек Таңатаров (еркін күрес, 66 келі), Иван Дычко (бокс, +91 келі), Марина Вольнова (әйелдер боксы, 75 келі), Гүзель Манюрова (әйелдер күресі, 72 келі), Даниял Гаджиев (грек-рим күресі, 84 келі).

Осыдан үш жыл бұрын өткен Олимпиада ойындары қазақ спортының тарихына алтын әріппен жазылды десек болады. Тұңғыш рет жеті бірдей алтын медаль жеңіп алған Қазақстан спортшылары командалық есепте 12-орыннан бір-ақ шықты. Бұл дегеніміз бұрын соңды болмаған табыс. Әсіресе, Лондон төрінде зілтемір көтерген қыз-жігіттеріміз ерледі. Олимпиада ойындарына сегіз спортшы апарып, оның төртеуі бас жүлде алуын нағыз ерлік десек болады. Бұл Олимпиадада ең сапалы өнер көрсеткен де осы ауыр атлеттеріміз болды.


Лондон олимпиадасына қатысқан спортшылар мен жеңіп
алған медальдар саны туралы мәлімет

(5-кесте)

***
Қазақстан спортшылары егемендік алғалы бері жазғы Олимпиада ойындарына бес рет қатысып, барлығы 52 медаль жеңіп алды. Оның басым бөлігі былғары қолғап шеберлеріміздің еншісінде (6-кесте). Яғни, боксшылар осыған дейінгі Олимпиада ойындарынан 6 алтын, 5 күміс, 6 қола медальға ие болған. Одан кейінгі орын ауыр атлеттеріміз тиесілі. Зілбатпан темірді төбесінде ойнатқан зітлеміршілерімізде бес Олимпиададан жеңіп алған 10 медаль бар.
Тағы бір айта кетерлігі, қазақстандықтар Олимпиада ойындарына 18 спорт түрінен барған екен. Соның 11-інде біздің спортшылар жүлде алған. Өкінішке қарай, жүзу, садақ ату, байдарка мен каноэда есу спорт түрлерінен топырлатып спортшы апарсақ та, Олимпиаданың медаліне ие бола алмадық.

 

 

Қазақстан спортшыларының Олимпиада ойындарынан алған медальдары.
Спорт түрлері бойынша. 1996-2012 ж.ж.

(6-кесте)

«Қазақ спорты» газеті
Тақырыбы өзгертілді

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста