«Қазақстан барысы»: қай балуанның бағы жанады?
22 қыркүйек күні Астанадағы «Сарыарқа» велотрегінде «Қазақстан барысы» республикалық турнирінің ақтық айқастары өтеді. Іріктеу сыны наурыз айында басталған доданың финалына апайтөс үздіктер ғана жолдама алды.
Бас жүлде – 150 мың доллар
Былтыр әр облыстың намысын төрт балуан қорғаса, биыл балуандар саны екіге қысқарды. Яғни финалда белдесетін шын мықтыларды ғана ұйымдастырушылар сүзгіден өткізіп алды.
Қазақ күресінің екінші тынысын ашқан дүбірлі доданың іріктеу сынына жалпы есебі 749 мың балуан қатысыпты. Былтыр қазақ күресінен республикалық турнирге қатысуға ниет білдіргендер қарасы 744 мыңның айналасында болған екен. Әр облыстан қара үзіп шыққан екі балуаннан бөлек, 2011 жылы өткен «Қазақстан барысы» турнирінің жеңімпазы Ұлан Рысқұл мен Лондондағы жазғы Олимпиада ойындарының қатысушысы Ержан Шынкеев те биыл бақ сынайды. Ержан Шынкеев дзюдодан аса ауыр салмақта ел намысын қорғаған спортшы. Ол «Қазақстан барысы» турнирінің ақтық сынына ешқандай іріктеу сынына қатыспай-ақ, жолдама алды. Себебі турнир ұйымдастырушылары Лондон Олимпиадасына қатысқан спортшыларды іріктеусіз қабылдайтынын хабарлаған болатын.
«Қазақстан барысы» турнирінің жеңімпазы 150 мың АҚШ доллары көлеміндегі сыйақымен бірге, «Алтын белбеу» және «тайтұяқ» алады. Күміс және қола жүлдегерлерді де қомақты сыйлықтар күтіп тұр.
Биылғы турнирдің тағы бір ерекшелігі — көрермендер арасында жүлде ойнатылатындығында. 2011 жылы алғаш рет шымылдығын түрген турнирдің финалын тамашалау тегін болған. Көзі қарақты жанкүйер былтыр «Дәулет» кешенінде ине шаншар орын қалмағанын жақсы біледі. Жанкүйерлер қарасының көптігін ескерген ұйымдастырушылар биылғы доданы кең көлемді «Сарыарқа» кешенінде өткізуді дұрыс деп тауыпты. Бүгінде билеттер сатылымға түсті. Бағасы 1000-3000 теңге аралығында. Билетпен кірген жанкүйерлердің жарыстан көлік мініп кететін мүмкіндігі бар. Себебі жанкүйерлер арасында ойнатылатын лотереяның бас жүлдесіне автокөлік тігілген.
Ақтөбе сенген қос балуан
Сонымен әр аймақ, әрбір балуан елорда төрінде өтетін бозкілем белдесулерінің финалына дайындықты барынша жүргізуде. Мәселен, Ақтөбе облысында қарсыластарының барлығын жыққан қос балуан Бақтыбай Қисықов пен Нұрсұлтан Иманғазинов жерлестерін жерге қаратпаймыз деп отыр. Екеуі де былтырғы турнирде белдескен. Бақтыбай үшінші кездесуінде Бейбіт Ыстыбаевтан ұтылған еді. Өзінің командалас әріптесіне қарағанда Бақтыбай – өте тәжірибелі балуан. Бозкілемде тер төгіп жүргеніне 15 жылға жуықтады. Қазақ күресінен елімізде екі дүркін әлем чемпионы атанған үш балуан ғана бар болса, соның бірі – Қисықов. Сарықұрлық бәсекесінде де бірнеше мәрте топжарған тарлан. Салмағы 90 келі тартса да «Шөмекей аюы» деген лақап атпен бозкілемге шығатын Бақтыбай алды 140 келі тартатын алып балуандармен алысудың өзіндік тәсілі бар деп отыр.
Бақтыбай Қисықов, Қазақ күресінен екі дүркін әлем чемпионы:
– Ауыр салмақтағы балуандармен белдескенде соңғы сәтке дейін аяғыңда тұра білсең, олар шаршаған тұста, әдіс қолданып ұтып кетуің мүмкін.
Бақтыбай – төл күресімізге шын берілген балуан. Басқа спортшылар секілді дзюдо немесе самбомен белдескен емес. Тек төл өнерімізді серік етіп келеді. Ал Нұрсұлтан болса, қазақ күресінен бөлек, өзге күрес түрлерін де қатар алып келеді. Дегенмен де шәкірттерінің топ жармаса да, жүлдегерлер қатарынан көрініп қалатындығына бапкері Орынбасар Жұлмағанбетов кәміл сенеді.
Батыс Қазақстанның да балуандары бабында
Батыс Қазақстан облысының атынан «Қазақстан барысы» екінші республикалық турнирінде Арман Әбеуов пен Еділ Үсенов сынға түседі. Екеуі де – әккі балуан. Салмақтары 100 келіден асады. Аймақтық іріктеу турнирінде облыстық спорт басқармасы Орал өңірінде қазақ күресінің беделін арттыру үшін бас жүлдеге темір тұлпар тіккен. Сол кезде бірінші орынды Арман Әбеуов жеңіп алған болатын. Биыл ғана төл күресімізден ел чемпионы атанған Арман жеке дайындықтан өтуде.
Ал Еділ болса, күніне екі уақыт жаттығу жиындарын өткізуде. Балуанның бабы – басты назарда. Облыс атынан сынға түсетіндіктен, оған жерлестері де ерекше қолдау көрсетуде. Аймақ спортының басшысы, білікті маман Мүсілім Оңдағанұлы да өз білгенін балуанға үйретуден жалыққан емес. Мұндағы мақсат – жерлестерінің тұғыр биігінен көрінуіне өзіндік септігін тигізу. Еділ Қазақстан барысында белдесетін балуандардың басым көпшілігімен бұған дейін де бозкілемде кездескен. Тәжірибесі де толысқан жігіт. Сондықтан да егер бағы мен бабы қатар шапса, жүлдегерлер қатарынан көрінуі әбден мүмкін.
Еділ жастайынан самбомен шұғылданған. Еліміздің бірнеше дүркін чемпионы. Әлемдік аренада да жүлдеге ілінген. «Қазақстан барысында» «Бура» деген лақап атпен өнер көрсетеді. Астана сапары алдында Еділге аймақ спортының ардагерлері келіп, ақ батасын беріп, ақ жол тілеп шығарып салды.
Қарағандылықтар да қамдануда
Қарағанды облысынан Қазақстан барысына үш балуан қатысады. Олар халықаралық дәрежедегі спорт шебері Асыл Барменов, дзюдодан ұлттық құрама сапында өнер көрсетіп жүрген Александр Косачев пен Ержан Шынкеевтер бақ сынамақ. Асыл мен Сашаның салмағы – 100-дің ар жақ, бер жағы. Дегенмен де Асыл осы додаға түскен бірнеше түйе балуанды елішілік додаларда ұтып, көзге түскен болатын. Білікті бапкер Диқанбай Биткөзовтің үміт артып отырған балуандарының бірі. Ал Ержан Шынкеев болса, «Қазақстан барысына» іріктеусіз қатысқалы отыр. Әзірге дзюдодан ұлттық құрама сапынан тек Ержан ғана «барыста белдесемін» деп белсеніп отыр. Былтырғы «Қазақстан барысы» Францияда өткен әлем чемпионатымен тұспа-тұс келгендіктен, Шынкеев өткен жылғы Астанадағы сынға қатыса алған жоқ болатын. Биыл 27 жастағы балуан сол олқылықтың орнын толтырсам деп желпініп жүр.
Ұлан Рысқұл атағын қорғай ала ма?
Биыл «Қазақстан барысында» Қызылорда облысының атынан үш балуан сынға түседі. Ол – былтырғы «Қазақстан барысы» Ұлан Рысқұл, сол секілді іріктеуден сүрінбей өткен – Ерболат Юсупов пен Руслан Әбдіразақов. Биыл «Сыр барысы» атанған Ерболат Юсупов – самбо мен дзюдодан халықаралық дәрежедегі спорт шебері. 2009 жылы өткен универсиаданың қола жүлдегері. Талай темір тұлпарды тізгіндеген түйе балуан. Бапкері – Садық Мұстафаев. Қазіргі уақытта күніне екі мәрте жаттығу жасап жүрген Ерболат алдына биік мақсат қойып отыр. Ерболат биыл іріктеуден іркілмей, әр аймақтың сайыпқырандарының басым көпшілігімен бозкілемде белдескен.
22 қыркүйек күні өтетін ғаламат финалды «Қазақстан» ұлттық телеарнасы тікелей эфирде көрсетеді. Белдесулер түскі сағат 15.00-де басталады.