Қазақ боксшылары Азияда теңдессіз

Күні кеше Оңтүстік Кореяда аяқталған Азиаданы әлі талай уақыт аңыз қылып айтып жүреміз. Қазақ боксшылары алтынмен апталған сары құрлықтың додасы бұрынғылардан өзгерек. Табысты болған ХХVІІ жазғы Азия ойындарындағы жетістіктігімізді алда болатын дүбірлі додаларда қайталай алсақ, қанекей?! Бірақ біз оған күмән келтірмейміз. Себебі, соңғы 1,5-2 жыл көлемінде төрткүл дүниеде қазақ боксшыларына тең келетін құрама жоқ десек, тасығандығымыздан емес. Әрине, Куба, Ресей, Әзербайжан сынды қарымды қарсыластырымыздың жөні бір бөлек.
Былтыр Аммандағы Азия біріншілігінде сегіз боксшымыз бірдей финалда атой салғанда бөркімізді аспанға атып, қуанып едік. Артынша Алматыда кезекті рет өткен әлем чемпионатының финалында алты оғланымыз ойқастаған-ды. Бұған дейін әлем чемпионатының финалында ең көп боксшылары атой салған елдердің көшін Куба бастайтын. Соған қарай алтын медальды иеленгендері де көп еді. Кейіннен Ресей боксшылары бұл жетістікті қайталай алды. Қай бір жылдары Чикагода өткен жаһандық додада Ресейдің алты боксшысы финалға дейін сүрінбей жеткен. Оның ізін ала бере Украинаның бес боксшысы Бакуде қарсылас шақ келтірмегені кеше ғана еді... Енді міне, өзгелер боксшыларымен санасатын Қазақстанда бұл үрдісті жалғастырды. Жасыратыны жоқ, боксшыларымыз мықты болғанымен, әлем чемпиотаты мен Азия ойындарының финалына шыққан жігіттеріміздің саны үшеуден аса қоймайтын. Соңғы өткен Азия мен әлем чемпионаты, Азия ойындарынан кейін-ақ дөңгеленген дүние қазақ боксының айы онынан туғанын мойындағандай.
Біздің боксшыларымыз әлемде мықты деп қысылмай айта аламыз. Оған осыған дейінгі жарыстарда жүлдеден кенде қылмаған аты мәшһүр жігіттеріміздің өнері дәлел. Легионері жоқ жалғыз құрамамыз да осы бокс. Кешегі Инчхондағы ойындар жаңа чемпиондардың, шын мықтылардың есімін әйгіледі. Азия ойындары дегенде есімізге бірден Мұхтархан Ділдәбеков түседі. Аса ауыр салмақта дүр сілкіндірген ол төрт жылда бір рет өтетін ойындарға үш рет қатысып, барлығында финалға шықты. Оның алдында Нұржан Сманов екі рет финалда тұрды. Одан кейін, бұл додада қатарынан екі рет финалға шыққан жігіттеріміздің болмағаны өкінішті-ақ, әрине. Бертінде Галиб Жафаров, Серік Сәпиевтер Азия ойындарына екі рет қатысқанымен, тек жүлдегер атанды. Тек Сәпиев Қытайда өткен сында алтыннан алқа тағынған.
Инчхондағы ойында қазақтың бокстан шыққан екі дүркін жүлдегерлер санын тағы көбейді. Біржан Жақыпов қатарынан екі мәрте күміс жүлдегер атанған спортшы ретінде қазақ боксының тарихында қалды. Иван Дычко болса сонау Банкогте өткен ХХІІІ Азия ойындарында Мұхтархан Ділдәбековтен кейін аса ауыр салмақта қол жетпей жүрген алтынымызды қайтарды. Сонымен қатар, алып боксшы бұл ойындардың күміс жүлдегері деген атағын Инчхонда алтынға айырбастай алды. 69 келі салмақ дәрежесінде жасында жарқылдаған құрама капитаны Данияр Елеусіновтің жолы бөлек. Ол қазақ боксшылары арасында Азия Ойындарының екі дүркін чемпионы атанған алғашқы боксшы болып отыр. Шолуымыздың басында Мұхтархан Ділдәбековтің үш мәрте финалда айқасқанын айттық. Өкініштісі сол, Мұқаң алғаш қатысқан Азия ойындарында алтын алғанымен, кейінгі екі додада күміспен тоқтаған. Ал Елеусінов Азия және әлем чемпионы деген атағының қатарын құрлықтық ойындардың екі дүркін жеңімпазы деген мәртебемен толықтыра білді.
Бұл Азия Ойындарына Қазақстан құрамасы толық құрамда қатысып қана қоймай, жартылай финалға сегіз боксшының өтуі құрлық бойынша теңдессіз екенін дәлелдейді. Ал боксшылардың аяқ алысына айтар уәж жоқ. Себебі, олардың барлығы дерлік әлем, Азия чемпиондары, олимпиада жүлдегерлері. Дегенмен, ойын барысында олар қалай өнер көрсетті дегенге қысқаша тоқтала кетуді жөн көрдік.
Ең жеңіл салмақтағы Біржан Жақыпов құрамадағы өз орнын нықтап ұстағалы он жылға жуықтады. Әлем чемпионаты мен кубогының қола жүлдегері Гуанджоудағы ойындарда күміспен күптелген. Айта кетейік, Біржан ірі жарыстарға қатысып, биіктен көрініп жүрген саңлақ. Екі рет олимпиада ойындарында 5-орынға тұрақтады. Алайда ол Азия чемпионатында ешқашан жүлде алған емес. Былтыр Алматыда әлем чемпионы атанды. Жақыповтың топ жаратын жолы еді бұл жарыс. Бірақ финалда жолы түйіскен кәріс бокшысының бұған дейінгі әлем біріншілігінде күміс пен қола еншілегенін айтуымыз керек. Және тең дәрежеде өткен кездесуде жеңістің алаң иесінің еншісінде қалуы орынды. 49 келіде Азия мықтысының бірі өзбек бокшсысы Хасанбай Дусматов болатын. Алайда ол жарысты ерте аяқтады. Жақыповтың күмісі қазіргі кезеңдегі оның аяқ алысы үшін аз олжа емес.
Жеңіл салмақтағы Сүлейменовтің асығы алшысынан түспегелі біраз уақыт болды. 2011 жылы Инчхондағы Азия біріншілігінде финалға шығып тұрып, қытайлық Чанг Йонгке есе жібергелі оның жолы халықаралық жарыстарда жолы болмай жүрді. Жасырмаймыз, ол 2012 жылы азиялық іріктеу турнирі мен ҚР Президенті кубогына қатысып, алтыннан алқа тағынған. Одан кейінгі ірі жеңісін айта аласыз ба? Әрине, оның ішінде 2012 жылғы Қазақстан чемпионаты мен биылғы Галле турнирінде оза шапқаны бар. Ал былтырғы Азия мен әлем чемпионатында оның жолы болған жоқ. 52 келіде Азияда мықты боксшылар аз емес. Оның бірі әлем чемпионатының екі дүркін жүлдегері өзбек Жасурбек Латипов болса, екіншісі Азат Есенәлиев. Бірақ, өзбек боксшысы бұл сыннан тыс қалды. Ал қырғыз Азат Есенәлиев ширек финалдан жарысты тоқтатуға мәжбүр болды. Азиядағы азулы боксшыларды Сүлейменов жеңгенімен, бұл жолы кездескен болса оңайға түспейтін бе еді?!
Бас бапкер Мырзағали Айтжановтың шәкірті Қайрат Ералиев өз деңгейінде жұдырықтаса алды. Жартылай финалдан жарысты аяқтайтын жөні болған. Себебі, екі рет нокдаунға түскен оның ары қарай оза шабуы қиын болар ма еді? Дегенмен, әлем біріншілігінде қола жүлдегері саналатын жерлесіміздің жолын Нямбаярын Тугсцогт секілді моңғол боксшысы кесе ме деген қауіп болғаны рас. Алайда олимпиада және әлем чемпионатының жүлдегері моңғол шау тарта бастаған екен. Ералиевке дейінгі кездесуінде ұтылып тынды. Қайрат осындан кейін еш кедергісіз финалға шығар деген сенім болған. Бірақ Азия бойынша бұл салмақта жапон , моңғол боксшылары Олимпиада ойындарында жүлде салып жүргендіктен біздің жігіттің жолын орап кетуі онсыз да мүмкін еді. Өкініштісі сол, жартылай финалдағы отандасымыздың өнері мүлде көңілден шыққан жоқ.
Лондон олимпиадасынан кейін Ғани Жайлауовты орнынан тайдырған Берік Әбдірахмановтың қарқыны жаман емес. Азия чемпионы, әлем біріншілігінің қола жүлдегері. Бірақ біздің елде бұл салмақта бәсеке бәлендей қатты емес. Екі жылдан бері 60 келіде №1 боксшысы атанған Беріктің Иордания боксшысына есе жіберіп қойғаны қынжылтты. Иордания боксшысының Азия ойындарына ұтылу үшін келмегені белгілі. Бірақ Беріктің оған есе жіберетінін бапкерлері де ойламаған болар. Сары құрлықта бұл салмақтағы боксшылардың осалы жоқ. Тіпті, Лондон олимпиадасында кәріс боксшысы күміспен күптелген. Осы сында ол фаворитке де баланып, финалға шығады деген боксшылардың қатарында Әбдірахманов та болған-тын.
Әлем және Азия чемпионы Мерей Ақшалов бокстағы жолын аяқтағалы оның орны ойсырап тұр. Алмасбек Әлібеков пен Айдар Әмірзақов арасындағы бәсеке сондай қатты емес. Бапкерлер тарапы Әмірзақовты үкілеп жарысқа қосқанымен, обалы не керек үмітіміз желге ұшты. Және жолымызды мұрнымызды шүйіріп қарайтын қырғыз жігіті кесті. Бұдан кейін елімізде бұл салмақта бәсекенің күшейе түсетіні анық. Ақшаловпен қатар Азияда 64 келіде өзбек Фазилиддин Гаибназаров пен моңғолдың Уранчимэгийн Монх-Эрдэнэ есімді жігіті үздік саналатын. Алайда өзбектер Фазилиддинді жарысқа қосуды жөн деп таппаса керек. Жалпы, Инчхонда 64 келіде айтарлықтай бәсекені байқай алмадық.
«Қазақстан салмағы» саналатын 69 келі алтыны олимпиада және Азия ойындарында сарапқа салынғалы барлығын қазақ жігіттері еншілеп келеді. 2006 жылы Бақыт Сәрсекбаев алса, 2010 жылы Сәпиев еншілеген болатын. Енді үзілмес үрдіспен жүлдені құрама капитаны Елеусінов қанжығаға байлады. Бұл салмақта біздің ең басты бәсекелесіміз өзбек жігіттері. Қытайдағы ойындарда 69 келінің алтынына Серік Сәпиев пен өзбек боксшысы Уктамжон Рахмонов таласқан-ды. Бұл жолы да қазақ пен өзбек «таласы» орын алды. Сары құрлықта 69 келі мықтылары болып өзбек, моңғол боксшысы саналады. Бірақ, бокстасу мәнері үздік саналатын Елеусіновтің қасында олар жіп есе алмайды. Бұл мақтанғандық емес, Даниярдың деңгейі олардан әлдеқайда биік. Сондықтан, ол барлық кездесуінде «бес» деген бағаға лайық өнер көрсете алады. Бірақ... Бапкерлер тарапымен ақылдаса отырып, ширек финалдағы моңғол боксшысымен болған жекпе-жекті бір қарап шығып, талдап шығу артық етпейді.
Геннадий Головкин кеткелі 75 келіде жарқылдай алған боксшымыз жоқ. Бақтияр Артаев бұл салмақта бауырын жазып үлгермеді. Азия ойындарында сегіз жыл бұрын алған күміс мен әлем біріншілігінде еншілеген қоласынан кейін мардымды жүлде болмады. Тек 2010 жылы Данабек Сужанов 75 келіде Азия Ойындарының қоласын әперді. Азияда біздің басты бәсекелесіміз өзбектер. 2006 мен 2010 жылы біздің алтынан айырған ала шапанды ағайынның гүрзі жұдырықтары. Соңғы Азия мен әлем чемпионатында Әлімханұлына төтеп бере алатын өзбекті көргеніміз жоқ. Азия Ойындарына өзбектер әлемде мықты саналатын екі дүркін әлем чемпионы Аббос Атоевты әкелмеді. Одан бөлек, үндінің Виджендр Синг деген мықтысы бар еді. Осындай мықтылардың бокстан алыстауы Әлімханұлы Жәнібекке қатты әсер етпеген шығар. Себебі, олармен біздің чемпионның жолы шаршы алаңда түйіскен жоқ.
Жиырма жыл бұрын Василий Жиров ұлттық құрама сапында жүріп Азия Ойындарына қатысты. Хиросимада өткен додада ол жартылай финалда кәріске ұтылып қалған. Бапкерлер де оның сол жеңілісін еске ала бермейді екен. Содан бері Азия ойындарында біз мүлде жүлде алмаппыз. Барған жігіттерміз жарыстан шығып қала берген. 2006 жылы Катарда Ердос Жаңабергенов бірінші кездесуінде тәжікке ұтылса, 2010 жылы Алмат Серімов өзбекке алғашқы айналымда есе жіберді. Содан бері қазақ жанкүйерлері Азия Ойындарынан 81 келіде жүлде күтумен жүрді десек артық айтқандығымыз емес.
«Күмісбек» деген атауға ие болған Әділбек Ниязымбетовке бұл сында Иран мықтысы Эхсан да, шаршы алаң иесі, 2011 жылғы Азия чемпионы Хьен-Кью Ким де тосқауы бола алған жоқ. Ұпайды артық алып, басымдық танытты. Тек бұған дейін Азия чемпионатында өзі есе жіберген өзбек Ойбек Мамозулинов финалға жете алмады. Онымен жолы түйіскенде ұтатына шүбә келтірмес едік. «Финал синдромына» ұшырағыш Ниязымбетов үнеміз алтынға талас кезінде есе жіберетін. Бірақ, бізді оның осы жолғы кездесудегі жігері қуантты.
Ауыр салмақта Азиядағы ең басты бәсекелесіміз өзбек, Иран, Сирия боксшылары. 91 келідегі алтын медалды көбіне солар иеленіп кететін. Азия ойындарының қола жүлдегері және чемпионы ирандық Әли Мазахериден қауіп күттік. Бірақ, Азия чемпионы Пинчук алтынды ұстата салған жоқ. Үздіксіз соққы жасау, қарсылас соққысын дарытпау сынды бокстағы қағиданы Антон бойына әбден сіңірген екен. Әрі былтыр әлем біріншілігінде өзі есе жіберген өзбектің Рустам Тулағанов есімді боксшысын ойсыратып ұтты. Олардан басым түскен қостанайлық боксшы өзінің №1 боксшы екендігін толық дәлелдей алды.
Аса ауыр салмақтағы Иван Дычконың былтырғы әлем чемпионатында нокаутын жанкүйерлер әлі ұмыта қойған жоқ. Шалқалай құлап, зәремізді алып еді. Содан бері шаршы алаңға маңайламай кеткен ол бабына қайта келіпті. Соққылары нық, сақ жүреді. Осыдан 16 жыл бұрын қазақ қоржынына байлаған аса ауыр салмақтағы Азия ойындарының алтынынан кейін тек қана күміспен күптеліп келіп едік. Дычко серпіліс жасады Кореяда. Әлемде үздік саналатын ол құрлықтық ойынның алтынын қиналмай-ақ алды. Бірінші кездесуінде қарсы тұрған моңғолды ә дегенде сұлатып салды. Үнді боксшысын ойнап жүріп жеңді. Финалдағы қарсыласы иран боксшысын қиналмай жеңді. Нәтижесі алтын. Бұл Иванның алдағы ірі жеңістерінің басы болсын деп тілейміз. Ең бастысы, әзербайжан жігіті Могамедрасул Меджидовте кеткен есесін келесі жолы қайтара алса...
Осыған дейін қазақ жігіттері Азия ойындарында барлығы 10 алтын, 9 күміс, 9 қола иеленіпті. Кореяның Инчхон қаласы біздің боксшылардың он жамбасына келген жарыс болды. Нәтижесі: 6 алтын, 1 күміс, 1 қола! Әрбір ойында кемі екі алтын алатын өзбек боксшыларын қазақ жігіттері Кореяда алтынсыз қалдырды. Төрт жылда бір өтетін ойындарда оза шапқан Қазақстан құрамасы бұған дейін де үздіктер көшіп бастаған-тын. Бұл жолы сол жағдай қайталанып отыр. Демек, бокстан ірі держава саналатын құрама Азияда теңдессіз болып қала бермек.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста