Нұрлан Қойжайғанов: Қазақтың бір баласын Олимпиада шыңына шығарғым келеді
Өмірдерек
Әлем кубогының иегері (2003 жылы)
Жастар арасындағы әлем чемпионатының күміс жүлдегері (1997 жылы)
Азия кубогының жеңімпазы (командалық 1997 жылы )
Азия кубогының қола жүлдегері (жекелей сында)
Шығыс Азия ойындарының күміс жүлдегері (2002 жылы)
Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы
Халықаралық дәрежедегі спорт шебері
– Нұрлан аға, сізді жанкүйерлер «жоғалтып» алды. Қазір қайда жүрсіз?
– Спорттан кеткеннен кейін көзіқарақты жанкүйерлердің жоғалтып алғаны рас. Ел алдына, боз кілемге шықпағаннан соң, үнемі іздеп жатады. Жалпы, мені іздеп-сұрап жүрген жанкүйерлерге алғысым шексіз. Қазіргі кезде күрестен Шығыс Қазақстан облысының аға бапкерімін. Шығыста күрес Өскеменге қарағанда Семейде жақсы дамыған. Көптеген даңқты балуандар осы өңірден шықты. Семей қаласында білген-түйгенімді, жинаған азды-көпті тәжірибемді шәкірттеріме үйретіп жүрген жайым бар.
– Боз кілемнен өте ерте қоштасқан балуандардың бірісіз. Мұның себебі не?
– Біріншіден, Афины Олимпиадасының қарсаңында алған аса ауыр жарақатым себеп болды. Олимпиада аяқталғаннан соң, отбасы құрып, әке атандым. Содан спорт пен отбасының біреуін таңдау қажет болды. Отбасының күйбің тіршілігі үздіксіз жаттығу жасауыма жар бермеді. Барлық уақытыңды, бар күш-жігеріңді жаттығуда сарқымасаң, жоғары жетістікке жетпейтінің тағы белгілі. Ал екі ортада ілініп-салынып жүрсең, көптің бірі болып қаласың. Осыдан кейін спорттық карьерамды аяқтауға тура келді. Ең соңғы рет 2005 жылы Қазақстан чемпионатында топ жарып, боз кілемнен біржола кеттім.
– Сіз күрескен жылдары әлем тұрмақ, ел ішіндегі бәсекелестіктің өзі шектен тыс тартысты болды. Соған қарамастан, бірнеше рет әлем чемпионатына қатыстыңыз...
–1998 жылы Евледе және 1999 жылғы Афиныда өткен әлем чемпионаттарында 69 келі салмақта күрестім. Ал мен күресіп жүрген 57 және 63 келі салмақ дәрежелерінде тісқаққан тәжірибелі Мкхитар Манукян мен Олимпиада чемпионы және әлемнің екі дүркін жеңімпазы Юрий Мельниченко болды. Сондықтан 69 келіде өнер көрсетуге тура келді. Әлем біріншілігіне бармас бұрын, осы салмақта ел чемпионы атанған болатынмын. 63 келіде күрескен Мкхитар екі жыл қатарынан өз салмағында теңдессіз атанды. Мүмкін, мен де сол кезде өз салмағымда күрескенде жүлдеге ілігіп қалар ма едім? Кім біледі?
– Ал Афины Олимпиадасында алтыншы орынға табан тіредіңіз. Жүлдеге ілігуге не жетіспеді?
– Дәл сол Олимпиаданың алдында, үш күн бұрын иығымды жарақаттап алдым. Оның алдында аяғым сынып, Беларусь астанасы Минскіде ота жасатқан едім. Бірақ толық жазылмағандықтан, ол да сыр беріп жүрді. Грекияда өзім ұтылып қалған орыстың Алексей Шевцов деген балуанын бұрын бірнеше рет жеңген болатынмын. Тіпті әлем кубогында 10:0 есебімен тас-талқан қылған едім. Ол менің қыр-сырымды толық біледі. Маған қарсы дайындық жүргізгені көрініп тұрды. Өз қателігімнің салдарынан үш ұпай алатын әдісті толығымен орындамай, бір ғана ұпай алып қалдым. Ол басында үш ұпай алып алды да, кілемді айнала қашып жүріп алды. Сөйтіп 1:3 есебімен ұтылып, Олимпиада бәсекесінен тыс қалдым. Орыс балуанының алдында Италия балуанын және Сидней Олимпиадасының қола жүлдегері Акакием Чачуа деген грузиннің жауырынын жер иіскеткен едім.
– Ширек финалда ұтылған балуандар үшінші орын үшін күресіп, қола жүлдеге қол жеткізіп жатады ғой. Сізде ондай мүмкіндік болмады ма?
– Мені жеңген Алексей Шевцов жартылай финалда кубалық Роберто Монсоннан ұтылып, ақтық сынға шыға алмады. Сондықтан қола жүлде үшін күресу мүмкіндігі маған бұйырмады. Алексей болса 3-орын үшін белдесті. Ал мен 5-орын үшін күрестім. Жалпы, жүлдеге ілінбегеннен кейін көңіл күйім болмай, мүлде селсоқ күрестім. Белдесуге зауқым соқпады. Әйтпесе бестікке ілігуге болар еді. Соған әлі күнге дейін өкінемін. Алланың қалауы солай болған шығар.
– Олимпиадаға қатысып, тәжірибе жинақтап, жіберген қателіктеріңізден сабақ алған да боларсыз. Кейіннен «боз кілемнен өз еншімді алып, бір-ақ кетейін» деп Бейжіңдегі Олимпиадаға қатысқыңыз келмеді ме?
– Әрине, ондай ой болды. Бірақ өз бетіммен жеке жасап жүрген күнделікті жаттығуларым Олимпиадаға қатысуға жеткіліксіз болды. Спорттық режимді толық сақтамадым. Салмағым 80 келіге дейін өсіп кетті. Егер жұмыс істемей, тек спортпен ғана айналыссам қатысар едім. Ол кезде жасым да соншалықты егде емес-тін. Өзіммен жасты балуандардың 2008 жылғы Олимпиадаға қатысқандарын теледидардан көрдім. Ондай жоғары деңгейлі сынға қатысу үшін залға барып, бапкердің нұсқауын тыңдап, дұрыстап дайындалу қажет.
– Биыл балуандарымыз әлем чемпионатынан бір ғана қола жүлдемен оралды. Олимпиаданың алтынын алмағанымызға 17 жыл десек, әлем біріншілігінде алтынды соңғы рет 1999 жылы Мкхитар Манукян алған екен. Біздің балуандардан неге чемпион шықпай жүр?
– Күрес ережелері жиі ауысты. Соның әсері де бар болуы мүмкін. Бүгінде қазақ балуандарының ішінде Алмат Кебісбаев пен Нұрмахан Тінәлиевтің шоқтығы биік. Алмат әлемнің күмісі мен қоласын алды. Оның өзі оңай жетістік емес. Енді оған тек алтын жетіспей тұр. Нұрмахан да үш бірдей әлем біріншілігінің жүлдегері. Біз өзіміз күреспен айналысқаннан кейін жақсы түсінеміз. Чемпион атануға бірдеңе жетіспейтін сияқты көрінеді. Сол жіберген қателіктерін бейнетаспадан қарап, жұмыс істеу қажет. Екеуі де жас, келесі Олимпиадада алтын алуларына толық мүмкіндіктері бар. Одан басқа да бірнеше жас спортшылар өсіп келеді.
– Сіздер Дәулет Тұрлыханов, Юрий Мельниченко, Мкхитар Манукян, Георгий Цурцумия секілді даңқты балуандармен бір залда жаттықтыңыздар. Мүмкін, қазіргі балуандарға сондай бәсекелестік қажет шығар?
– Дұрыс айтасыз. Юра (Юрий Мельниченко) және Мкхитармен салмағымыз шамалас болғандықтан, үнемі күресіп жүретінбіз. Осындай балуандармен алысып жүріп, біз де жетілдік. Жаттығу кезінде бірге дайындалып, бірге жаттық. Ішкі бәсекелестік жоғары болды. Солай ішкі біріншілікте бәсекелес жоғары болуы керек. Сонда ғана балуандарымыз ысылады. Елдің намысын тек сайдың тасындай іріктелген мықтылар қорғайтын болады.
– Шығыста сіздің атыңызда турнир бар екенін білеміз. Байқауымызша, жарыс грек-рим күресінен емес, еркін күрестен өтіп жүрген сияқты...
– Шығыста еркін күреске қарағанда, грек-рим күресінен өтетін турнирлер өте көп. Сондықтан еркін күрестен өткізейік деп шештік. Жалпы, екі күресті бөліп- жарудың еш қажеті жоқ. Олимпиада, әлем чемпионаттары болсын, бірге өткізіліп келеді. Негізі, мұндай турнир өткізу жайлы менде ой болмаған. Осы бастаманы көтеріп, «өткізейік» деп ұсыныс жасаған өзім оқыған колледждің ректоры Кенжеғазы Әбішұлы болатын. Ол кісінің бұл турнирді ұйымдастырудағы басты мақсаты – жастар басқа жолға түспей, денсаулықтары мықты болуы үшін спортпен айналыссын деген ой. Кенжеғазы ағаның өзі кезінде еркін күреспен айналысқан. Жастардың салауатты өмірді ұстануы үшін пайдасы тиетін болғандықтан, өз келісімімді беріп әрі жоғары деңгейде өткізілуіне атсалыстым. Биыл бесінші рет өткелі жатыр.
– Жастарды спортқа баулу құптарлық іс. Ал өзіңіз күрес залына қалай келдіңіз?
– Кеңес кезінде бапкерлер ауыл-ауылды аралап, талантты жастары іздейтін. Әбілғазы Мұхтаров деген бапкер мектепке келіп, күреске икемі бар балаларды жинады. Содан бастап күреске бет бұра бастадым. Өзіме ұнағандықтан, төртінші сыныптан бастап күресті серік еттім. Алғаш Аягөзде аудандық турнирде жеңіске жетіп, облысқа жолдама алдым. Семейде Қанат Нұртазин деген бапкер менің өнеріме қызығушылық танытып, 8-сыныптан кейін қаладағы құрылыс колледжіне түсуімді өтінді. Ол кісіге берген уәдем бойынша қалаға келіп, колледжге оқуға түстім. Спорт шебері нормативін орындадым. Одан кейін Семей мемлекеттік университетіне түсіп, Қазақстан ұлттық құрамасына шақырту алдым. Жас болсам да, ересектер құрамасына ерте іліктім. Ол кезде Орта Азия ойындары деген дода өтетін. Сол доданың финалында өзбектің әйгілі балуаны Құдайбердиевтен ұтылып, екінші орын алдым. Содан бастап ұлттық құрамада 10 жылдай өнер көрсеттім.
– Ендігі жоспарыңыз қандай?
– Өзім жетпеген Олимпиада шыңына бір қазақтың қарадомалағын тәрбиелеп, шығарсам деймін. Қазіргі мақсатым да, жоспарым да сол. Өзім патриот болғандықтан, қазақ баласының Олимпиада, әлем чемпионаттарында топ жарғанын қалаймын. Әрбір азамат еліне бір пайдасын тигізгені дұрыс қой. Менің мамандығым, кәсібім спорт болғандықтан, біз жетпеген белеске шәкірттерімнің жеткенін қалаймын.