Комментатор ойынды түсінуі тиіс
Амангелді Сейтханов:
Ертең «Қарақұрлықта» кезекті мундиаль басталатыны белгілі. Дүбірлі додадан отандық телеарналар да тікелей репортаж таратпақшы. Сол додадан әңгіме шертуді көздеп отырған телекомментатор Амангелді Сейтхановқа бірнеше сауал қойған едік...
– «Хабар» мен «Еларна» әлем чемпионатынан тікелей репортаж таратпақ. Дайындықтарыңыз қалай? Кімдер комментатор болады? Бұл жолы да кезектесіп жүргізесіздер ғой.
– Қазақ «жаман» деп айтпайды. Демек, берілер жауап түсінікті шығар. Өз басым Азияда өткен әлем чемпионатынан кейін комментаторлықтан сырт жүрдім. Оның өзіндік себептері де болды. Мысалы, Германиядағы доп додасы біздің назардан тыс қалды. Африкада домалайтын доп додасынан әңгіме шертуге жіберілетін секілдіміз. Әйтеуір басшылар солай деген сияқты. Ал тағы кімдердің болатыны бізге де беймәлім. Мүмкін, Жандос Айтбай, Қанат Базылхан, Асқат Сағынаев...
– Қазіргі телекомментаторлар интернеттен алған мәліметтерді оқып, мезі қылады. Сөздері алаңдағы ойынмен ұштаспай да жатады. Осы дұрыс па?
– Әрине, дұрыс емес. Комментатор матчты жүргізу дегенмен мәндес емес пе? Демек, доданы қыздыру үшін, доданы қыздырғанда да көрермендерге қызық болу үшін айташы тартылады. Әлгінің біріншіден, футболды білуі шарт. Ең бастысы, ойынды түсінуі тиіс, кейде талдауға барған да дұрыс шығар. Бірақ біліп барып барғаны жөн сияқты. Реті келгенде деректерді де пайдалансын. Мынадай да ұғым жүр: «Орыс комментаторының аузы дуалы». Ресей арналарынан футболды көп көреміз. Солар да ала-құла. Өткенде біреуі Қазақстанға келді. Орташа ғана комментатор. Бірақ біздікілер «өлді». Оны Несіп ағам он орап алады. Алайда Жүнісбаевты футбол білгірі деп біздер мойындай алмаймыз. Неге? Оны мен түсінбеймін. Қазаққа жағу қиын. Небір мықтылар жаға алмаған. Түсінігі өте терең халық болған соң, талабы, талабы болғанда да өз баласына деген талабы өте қатаң болған соң да жаға алмайсың. Сосын ортада біреулер жүреді. Өте пысық. Пысықтар қазақ пен қазақтың түсінісе алмай жүруіне өте мүдделі.
– Футбол терминдерін сол күйінде қолданған дұрыс па, мысалы «аут», «фаворит», «оффсайд»...
– Дұрыс емес. Аут сыртқа кетті дегенді білдіреді. Фаворит мықты, азулы дегенді аңғартады. Кез келген тілде жүргізілетін футболыңа қазақ тілі тіпті бапандай. 1997 жылы Қазақстан құрамасы әлем чемпионатының іріктеу матчтарын өткізді. «Хабар» арнасында талқылау жүріп жатты. Арғы жағы – мундиаль. Егер тарату құқын сатып алсақ, екеуіне де ақша бірден төленуі тиіс. Қомақты қаржы жұмсап, іріктеу матчтарын ғана алсақ, арна ұтылады. Франциядағы доп додасын жүргізуге мамандар жоқ. Не істеу керек? Көбісі «Ресейден маман тартсақ қалай боладының» жалынан ұстады. Бір адам ғана өзгеше пікірде еді. «Егер қазақша жүргізе алмасақ, ақша шығындаудың қажеті жоқ» деді сол кісі. «Қазақ тілі футбол жүргізе ала ма?», – деп күлді қырық маман. «Қалай ойлайсың?» – деп бізге бұрылды, көпшілікке қосыла алмаған әлгі кісі. Ол – Дариға болатын. Шындық биіктен орын сайлауы тиіс қой. Дариға: «Қазақша жүргізілмейтін футболдың арна үшін қажеті шамалы, орысша немесе немісше беретін арналар жетіп-артылады. Біздің ерекшелік – қазақ тілін әлем чемпионатында жұмыс істейтін тілдер қатарына қосу, өзге ұсыныс жоқ болар», – деп шешім шығарды. Демек, сол кездегі арна басшысы табандап тұрып алмағанда, біздің футбол репортаждарында қазақ тілінің болмауы да мүмкін еді.
– Кейбір комментаторлар өздерінің қай команда жанкүйерлері екенін анық байқатып алады. Сол команданы мақтай береді. Оларға тоқтау бола ма?
– Біріншіден, Қазақстан құрамасы немесе қазақ елінің командалары алаңға шықса, бәріміз де жанкүйерміз. Жанкүйерің не, әлі қарсыластың қолында өлуге бармыз. Екіншіден, бас салып мақтай жөнелу үшін де көптеген қисын қажет. Мысалы, ол команда жақсы ойнап жатуы тиіс, есеп санынан өзің де жаңылыса жаздайсың. Бірде-бір қателік жібермей, тура белгілі бір бағдарламаны жүзеге асырып жатқандай тебуі керек допты. Ал ондай команда бүкіл әлемде бір-екеу ғана. Үшіншіден, біреуге бүйрек бұрамын деушілерді жазалаудың да жөні жоқ. Оларды не елден аластаймыз ба, әлде арттарына шала байлаймыз ба? Өреден ештеңе аспайды, әркім өз биігінде комментаторлық құрады. Диас ағам: «Кеңес мектебінде біреуді жақтау – болмайтын іс», – дегенді айтатын. Қазір жүргізудің не сан түрі пайда болды ғой. Өзіне ұнайтын команда жанкүйері атану – дүниежүзінде бар үрдіс.
– Біздің телеарналарда дүбірлі додадан репортаж жүргізу бұл ғана емес. Сонда байқағанымыз, орыстілді комментаторлар Ресей құрамасын, тіпті командаларын ашық қолдайды. «Наша команда», «наша сборная», «наши футболисты» деп қытығыңа тиеді. Соларға қой деуге болмай ма, әлде ешкім әлі «байқамай» келе ме мұны?
– Өзі, қосамжарласып футбол жүргізетін ел – біз ғанамыз. Өзбектер де тек өз тілінде сөйлейді. Өзбектер дегенде бұрын ала тақиялылар, кешегі Кеңес заманында өзбекше мен орысшаны қатар жіберетін, қазір қойды. Бізде де қазақ тілінде ғана репортаж жүрсін. Қойдың кезегін күткендей, орыстілді сөйлеп болғанша тамағыңды кенеп отырасың. Ол айтып отырғанда ойыңа келген оралым сетінеп, кезегің тиіп, енді сөзді дұрыстай бастасаң, дәуренің өтіп кеткен, қайта әріптесіңе жол беруге тиіссің. Ұят емес пе, орыс түсінбей қала ма деп ойлаймыз ба? Олар үшін мың арна бар ғой. Әрине, орыстарға Ресей – Отан, біздің команда деп айту мүмкіндіктері бар. Егер қытай немесе моңғол жерінде арналар қазақша жүргіздіріп қойса, өзіміз де ышқынар едік, ой, мынау біздің жақтың жігіті ғой деп. Нұрбол Жұмасқалиевті, тіпті жиені мен нағашысынан танимын деп, қосар едім. Дұрыс қой, қанына тартпағанның, не деуші еді? Аузына сөз, қолына микрофон тигізген соң, олар, орыс-тілділер, аяқты солай салады. «Ей, Рома немесе ей, Паша, ол сенікі емес» деп қалай айтасың? Өз орманы, өз орысы. Ал орыс тілі қазақ тілімен қатар шаба бере ме? Міне, мәселе қайда жатыр...