Бүгін Алматыдағы орталық Циркте «Жерсу» корпорациясы мен Марат Мәзімбаевтың промоутерлік орталығы кәсіпқой бокс кешін өткізеді. Бүгінгі шаршы алаң бәсекесінің ең басты жаңалығы, кәсіпқой бокстан аса ауыр салмақта тұңғыш рет «Қазақстан чемпионы» деген атақ сарапқа салынады.
Чемпиондық атақ алматылық Қанат Алтаев пен шымкенттік Талғат Досанов арасындағы жекпе-жекте сарапқа салынады. Ал чемпиондық белбеу арнайы тапсырыс бойынша Тайландта жасатылыпты. Бұл жекпе-жек 10 раундтан тұрады. Салмақ өлшеу рәсімінде Қанат Алтаев қарсыласы Талғат Досановтан 24 келіге ауыр шықты.
Марат Мәзімбаев, промоутер:
– Қанат Алтаев пен Талғат Досановтың қайсысына «алтын белбеу» бұйыратындығын кесіп айту өте қиын. Екеуі де – шеберліктерін біршама шыңдаған жігіттер. Әрі екеуі де осы айқасқа жан-жақты дайындалды. Талғаттың кәсіпқой бокс рингінде өнер көрсетіп жүргеніне 10 жылға жуық уақыт болды. Оның алдында әуесқой бокста да біршама жетістіктерге қол жеткізген. Шетел шаршы алаңында өнер көрсетіп, мол тәжірибе жинақтаған. Ал Қанат еліміздегі әлеуеті мол жас боксшылардың қатарына жатады. Жасы 21-де, Талғаттан 10 жас кіші. Бірақ оның бойында кәсіпқойларға тән қимыл бар. Сол жағынан да біз оған сенім артып отырмыз. АҚШ-тың әйгілі кәсіпқой клубтарында жаттығу жұмыстарын өткізді. Өзіне тән айла-тәсілдер қалыптастырды. Сондықтан екеуінің арасындағы төбелес жанкүйер қауым үшін өте қызықты болады.
Талғат Досанов
Шаршы алаңда 23 жекпе-жек өткізіп, оның 12-сінде жеңіп, 11-інде жеңіліске ұшыраған. Бір жекпе-жекті тең аяқтаған.
Қанат Алтаев
Рингте алты жекпе-жек өткізіп, оның төртеуін жеңіспен аяқтаған. Екі жекпе-жекте тең нәтижеге ризашылық білдірді.
Бұл күні сондай-ақ тағы сегіз салмақта дәреже көтеру жекпе-жектері өтеді. Оның үшеуінде жерлестеріміз Ресей боксшыларына, енді үшеуінде таиландтық былғары қолғап шеберлеріне қарсылас атанбақ. Қалған екі жекпе-жекте қазақ-эстон және қазақ-қырғыз боксшылары жұдырықтасады.
Бүгінгі кеште рингке шығатын боксшылар жұбы төмендегідей:
55,3 келі
Тұрсынбек Сыдықов (Қазақстан) – Равиль Мухамадияров (Ресей), 4 раунд
Ерсін Жайлауов (Қазақстан) – Наронной Ор Муанланг (Таиланд), 6 раунд
53,5 келі
Жанат Жақиянов (Қазақстан) – Александр Федоров (Ресей), 8 раунд
57,2 келі
Міржан Жақсылықов (Қазақстан) – Едмонкол Синманасак (Таиланд), 6 раунд
61 келі
Берік Қалиев (Қазақстан) – Александр Салтыков (Ресей), 6 раунд
66,6 келі
Әсет Айсин (Қазақстан) – Леонтий Ворончук (Эстония), 6 раунд
Владислав Савченко (Қазақстан) – Сомачай Накбали (Таиланд), 8 раунд
69 келі
Ғалымжан Мырзабаев (Қазақстан) – Нурдин Солубеков (Қырғызстан), 4 раунд
Бұлардың ішінде Владислав Савченконың қарсыласы – өте тәжірибелі боксшы. Ол – ПанАзия бокс қауымдастығының чемпионы.
Кәсіпқой бокс тарландары төбелеседі
Последние статьи автора