Гамлет ҚАЙНАРБЕКОВ: Ат спортын дамыту өте қымбатқа түседі
Жақында Жамбыл облысы әкімдігінің Туризм, денешынықтыру және спорт басқармасының бастығы Гамлет Қайнарбековпен тілдесудің сәті түсіп еді.
– Елді бұқаралық спортқа тартуға Елбасының өзі тапсырма бергені мәлім. Жамбыл облысы бойынша қарапайым халықты бұқаралық спортқа тарту қандай қарқынмен жүргізілуде?
– Өңірдегі спорт саласының басына өткен жылдың басында ғана келдім. Мен келгенге дейін бәрі де құлдырап тұрды деп айта алмаймын. Әйтсе де әлі де жасалатын шаруа шаш етектен еді. Жамбыл облысынан шыққан Жақсылық Үшкемпіров, Серік Қонақбаев, Болат Жұмаділов, Ермахан Ибрагимов сияқты қаншама Олимпиада жеңімпазы болса да, өлкеде арнайы жабдықталған спорттық базалар мүлде жоқ еді. Тек қана жоғары оқу орындары мен мектептердің спорт залдары ғана болды. Мұндай жағдайда жоғары спорт жетістіктерін айтпағанда, жалпы спорттың өзі қайтіп дамиды? Ал спорт мектебінің залы қандай дейсіз бе? Бұрынғы ауыл шаруашылығы жетістіктерінің көрмесін өткізетін жердегі (ВДНХ) шошқа, сиыр ұстайтын орындар жаттығу алаңына айналдырылған. Біздегі біраз мектеп өзінің қасындағы балабақшаны спорт залы еткен. Спорт залының салыну стандарты бойынша оның биіктігі – 4 метрден, ені – 12 метрден, ұзындығы 18 метрден кем болмауы тиіс. Онда қыздарға бір бөлек, ұлдарға бір бөлек шешінетін, жуынатын орын болуы керек. Тіпті кейбір спорттық ғимараттың ішінде дәретхана да жоқ. Осындай жағдайда жұмыс істеп келдік. Облыста стандартқа сәйкес спорт залдары кездеседі. Бірақ оның бәрі жекеменшік. Мемлекеттік спорт мектептері бұл спорт залдарын жалға алуға мәжбүр. Облыс әкімі Қанат Бозымбаевтың тапсырмасы бойынша спорттық нысандардың барлығына сараптама жасап, өз ұсыныстарымызды басшылыққа ұсындық. Біздің ұсыныстарымызды әкім қолдап, Тараз қаласында үш бірдей спорт залының құрылысы басталып кетті. Бұл нысандар осы жылдың аяғында немесе келер жылдың басында пайдалануға беріледі деп күтілуде. Бұған қоса Жаңатас шағын қаласында 160 көрермен орындығы бар кешеннің құрылысы жүргізіліп жатыр. 2011 жылы Тараз қаласында халықаралық стандартқа сәйкес спорт сарайының құрылысы басталды. Ол келер жылдың маусым айында пайдалануға беріледі. Астана мен Алматыны айтпағанда, мұндай алып спорт сарайы ешбір облыс орталығында жоқ деп батыл айтуға болады. Мұндай үлкен кешен Шымкентте ғана бар, бірақ ол – мұзайдын. Біздегі спорт сарайының құрылымын айтсақ, оның ішкі бөлінісі 13 спорт түріне арналған бірнеше залға жіктеледі. Онда спорттың 18 түрінен бес ауысымда 2600 адам жаттығу жасап, дене шынықтырумен айналыса алады. Мойынқұм, Жуалы аудан орталықтарында спорт және мәдениет кешендерін салу жоспарланып отыр.
– Гамлет аға, бір-екі жыл бұрын аймақтағы командалық ойын түрлерінің құлдырап кеткендігі байқалатын. Қазіргі жағдай қалай?
– Расында, Тараз футбол құрамасы кейінгі 16 жылда 8-орыннан көтерілмепті. 1996 жылы республика бойынша чемпион болғаны белгілі. Сербия құрама командасын чемпион еткен белгілі жаттықтырушы Любомир Петровичпен келісімшарт жасасып, біздің футболшылардың тізгінін соған тапсырған едік. Соның арқасында біздің құрама ел біріншілігінде 4-орынға қол жеткізді. Келесі алғашқы үштіктен көрінуді мақсат тұтудамыз. 2010 жылы «Айша бибі» әйелдер су добы командасын құрдық. Бұл команда биыл Ресейдің чемпионатына қатысып, 7-орынға ие болды. Қыздарымыз неге Ресей жарысына қатысып жүр? Өйткені Қазақстанда оларға төтеп беретін бірде-бір әйелдерден құралған су добы командасын таппайсыз. Екі жыл қатарынан үздіктер қатарынан көрініп келеді. Су добы бойынша жасөспірім қыздарымыз да Азия чемпионатында чемпион атанды. Бізде регбиден қыздар командасы, көгалдағы хоккей тәрізді командалық спорт түрлері дамып келеді. Айта кету керек, облыс әкімі Қанат Алдабергенұлы – өзі бокстан спорт шеберлігіне үміткер. Сол себепті ол кісі басшылыққа келе сала 20 бокс залын ашуға тапсырма берді. Сөйтіп, бокс залдары ашылып қана қоймады, толыққанды жабдықталды. Рингтер қойылып, қапшықтар ілініп, кәсіби бапкерлер көмегімен қазір 1600-ге жуық бала бокспен шұғылдануда. Сондай-ақ облыста 20 футбол алаңы ашылды. Алаңдарда арнайы голландиялық төсеніш төселген. Ені 22 метр, ұзындығы 42 метр етіп жасалған футбол алаңқайы биік қоршаумен қоршалды. Енді бұдан былай темекі шегіп, ішімдік ішіп, бұрыш-бұрышта төбелесіп жүретін жастар бос уақытын осында өткізуде.
– Спортшыларды ынталандыру жағы жолға қойылған ба?
– Біз былтыр Жоғарғы спорт шеберлігі мектебі деген мемлекеттік коммуналдық мекеме аштық. Сонымен бірге Жамбыл бокс клубын өмірге әкелдік. Жасы 18-ден асқан, болашағынан үміт күттіретін жас спортшыларды немесе аймақтың абыройын аспандатқан мықтыларымызды Жоғарғы спорт шеберлігі мектебіне тіркеп, жалақы төлеп тұрамыз. Жалақы спортшының жетістігіне орай жүйеленіп төленеді. Былтыр спортшылар қаражатын 50-60 пайызға көтердік. Жақсы жетістікке жеткен жасөспірімдерге облыс әкімінің арнайы шәкіртақысы тағайындалады.
– Облыста ұлттық спорт түрлеріне қаншалықты көңіл бөлінуде?
– Тараз топырағында ұлттық спорттарымыздың бірі – қазақ күресінің қаншалықты дамып жатқандығын Астанада Елбасының жүлдесі үшін өткен «Қазақстан барысындағы» Бейбіт Ыстыбаевтың жеңісінен-ақ бажайлай беріңіз. Көкпар, бәйге, теңге алу, қыз қуу, аударыспақ сияқты ат спортымен қатар, тоғызқұмалақ, кір көтеру сияқты ұлттық спорт түрлеріне жіті көңіл бөлудеміз. Алдағы жылы Әулие ата ат спорты клубына жобалық смета әзірлеп, үлкен база салдырмақпыз. Онда арнайы көкпар алаңы, бәйге стадионы болады. Ат спортын дамыту өте қымбатқа түседі.