Футболдан дүниежүзіндегі жас жеткіншектер үшін Еуропа алаңдарында доп тебу арман болса, қазақ жастарының бірталайына төл чемпионатымызда бақ сынап көрудің өзі асқақ арман болып тұр, деп жазады «Алаш айнасы» газеті.
Жас футболшының хаты
Түсінікті болу үшін рет-ретімен бастайық. Жақында бір жас жігіт әлеуметтік желі арқылы хабарласып, өз жағдайын айтты. Бәлкім, мұңын шақты деген де дұрыс болар...
Тоқетері, жас жігіт футбол ойнайды екен. Арманы – Қазақстан чемпионатында доп тебу. Енді оның хатына көз жүгіртейік:
«Мен, Сатыбалды Самиғоллаұлы Тәжиев 21қыркүйекте 1991жылы Атырау қаласында туғанмын. Қазiр Құлсары қаласында тұрамын. Осы Құлсарыдағы балалар мен жасөспірімдер спорт мектебiнiң түлегiмiн. Анам 14 жасымда футбол мектебiне берген. Содан берi Құлсары футбол командасының жартылай қорғаушысымын. Кiшкентай кезiмде «Былғары доп Кока-кола» турнирлеріне қатыстым. 17 жасымда өз командаммен дәл осы «Былғары доп Кока-кола» додасында 3-орынға ие болғанмын. Ал қазiр Құлсары командасымен «Атырау лигасында» өнер көрсетемiн. Одан да басқа көптеген доп додаларына қатыстым. Біздің командамыз осы жылы Қазақстан чемпионатының бiрiншi лигасында ойнауы керек болатын. Бірақ кейбір жағдайларға байланысты Атырау басшылары оған мүмкіндік бермеді. Менің арманым – өз елімде өнер көрсету. Бiреулер үшiн Еуропада доп тебу арман болса, мен үшін өз елімде төл чемпионатымызға қатысудың өзі мұң болып жүр... Менің де өз қатарластарым, достарым сияқты ел чемпионатында ойнап, танылғым келедi. Бар арманым – спорттық карьерамды жоғары деңгейде жалғастыру. Командам ел чемпионатына қатыса алмаса да, басқа команда сапында өнер көрсете алар едім. Басты арманым – Қазақстан премьер-лигасында доп тебу», деп аяқтапты өз хатын жас футболшы.
Бұдан кейін жас футболшы Құлсары біріншілігінде додаға түсіп жүрген командалар тізімін жазған («Мерей», «Олжа», «НГДУ», «КРНУ», «Қаратон», «Қосшағыл», «Майкөмген», «Қуан», «Өмірзақ», «Құлсары»).
Одан соң жеке өзінің және өз командасының жетістіктерін тізіп шыққан. Атап айтқанда, Сатыбалдының командасы екі рет қалалық әкім кубогының жеңімпазы (2004, 2008), екі мәрте Құлсары біріншілігінің жеңімпазы (2005, 2007) атанған. Облыс біріншілігінде үш мәрте күміс (2005, 2008, 2010), бір рет қола (2006) жүлдегері болған екен. Ал 2009 жылы Қарағандыда республикалық «Былғары доп Кока-кола» додасында 3-орын еншілегендерін өзі жоғарыда жазған. Сондай-ақ үш рет Құлсары біріншілігінің үздік ойыншысы атаныпты.
Легионерлер жастардың бағы байлап отыр ма?
Мұны жариялап отырған себебіміз – ауылдағы балалардың жоғары деңгейдегі додаға шыға алмай отырғандарын білдіру. Мұндайлар жалғыз Сатыбалды емес.
Біріншіден, қайсыбірінің командасы қаржы тапшылығы мен басқадай мәселелерге (мәселен, инфрақұрылымдық жүйелеріне) байланысты Қазақстан чемпионатына қатыса алмай отыр.
Екіншіден, олардың командалары Қазақстан чемпионатының бірінші лигасында ойнаған күннің өзінде, бәріне қарадомалақтарымыздың бәріне негізгі құрамнан орын табылмайды. Бапкерлер бірінші лигадан бірден түсіп қалмау үшін команда құрамын нығайтқанды жақсы көреді. Сөйтіп, шеттен футболшы шақырта бастайды.
Үшіншіден, бізде Қазақстан чемпионатының деңгейін тезірек көтеру үшін, шет елден тәжірибелі легионерлер шақыру үрдісі қарқын алған. Оларға тіпті Қазақстан азаматтығын алып беру де жиілеп бара жатқанын отандық басылымдар жиі жазып жүр. Міне, сол легионерлер көптеген қарадомалақтарымыздың бақтарын байлап жүр десек, асыра сілтегендігіміз емес. Мысалы, бізде легионерлерге шектеу күшейтіліп, олардың саны азайтылса, онда олардың орындарын бірінші лигада доп теуіп жүрген футболшыларымыз басар еді. Ал бірінші лигадан келген футболшылардың орындарын осы Сатыбалды сияқты талабы таудай жігітттер баспай ма?!
Ал бізде бірінші лигада тәп-тәуір ойыншылар баршылық. Премьер-лига клубтары сапында ойнауға жарап қалғандары баршылық. Бұл ретте, «Ертіс» футбол клубындағы Қуаныш Бегалинді атап өтуге болады. Ол былтыр жиі-жиі гол соғып, мамандар көзіне түсті. Тіпті Қазақстан жастар құрамасының сапына шақыртылды да.
«Бұлақ көзін аршитын» бапкер қайда?
«Тұлпарды тай кезінен танитын» көзі қарақты мамандар болса, осындай талантты жастарымыз жоқ емес, әрине. Бірақ бар мәселе, бар түйін сол «бұлақ көзін» аршуда болып тұр ғой. Біле білсек, Бразилияның өзінде талай талант аула футболынан келген. Оларды көзі қарақты мамандар байқап қалып, футбол клубтарына жетелеп әкелген. Алысқа барып қайтеміз, қазақ футболының атасы Тимур Сегізбаевты да марқұм Георгий Козелько деген жаттықтырушы көп ішінен байқап қалып, тәрбиелеген.
Өкінішке қарай қазір сондай мамандар жоққа тән. Қазір таланттарды аула футболы мен ауыл-ауылдан іздегеннен гөрі, шет елден дайын футболшы әкелген ұтымды болып тұр.
Бізде Сатыбалдыдай жастар көп пе...
Бұл біз ашып отырған жаңалық емес. Айта-айта, жаза-жаза жауыр болған – күрмеуі күрделі мәселе. Бұл – біздің футболды ғана емес, әлем футболын дендеп бара жатқан дерт. Себебі шалғайдағы ауылдан немесе аула футболынан бір талантты жазбай танып, оны бірнеше жыл тәрбиелеп шығаратын төленетін ақша – мардымсыз. Тіпті ештеңе төленбеуі де мүмкін. Ал шетелдік бір футболшыны бір командаға тауып беретін, келісімшартқа отырғызатын делдалдардың санаулы күнде табатын қаржысы – қыруар ақша.
Біз мұның бәрін тектен-тек жазып отырған жоқпыз. Оқырман қауымның пікірін білгіміз келеді. «Көп түкірсе, көл болар» дегендей, сіздердің пікірлеріңіз көпшілікке ой салар. Басшыларды толғантар.
Ең бастысы, Қазақстан чемпионатында ойнауды армандайтын жалғыз Сатыбалды емес екендігін паш еткіміз келеді. Егер ондай жастар болса, біздің газетіміздің редакциясына хабарласыңыздар.
Сіздерден хат күтеміз, жас футболшылар...
Редакцияға хат жолдасаңыз: info@alashainasy.kz
Авторға хат жолдасаңыз: kaumen66@mail.ru