Ержан Мусафиров: Биыл бас жүлде біздікі болады

Ержан Мусафиров: Биыл бас жүлде біздікі болады

Әу бастан-ақ команданың көшбасшыларының бірі болған Ержан Мусафиров биыл WSB жүйесіндегі үшінші маусымын бастамақ. Бүгінде жерлесіміз – «Астана арландары» командасының ардагер боксшыларының бірі. Клубқа қосылған талай саңлақтарды көрді, талай боксшыларды шығарып та салды. Небір қызықты айқастардың да куәсі болды. Бір сөзбен айтқанда, «арландардың» ішкі тіршілігін жақсы білетіндердің бірі. Сондықтан команданың жаңа маусымға дайындығын, жаттығу процесіндегі өзгешеліктерді, клубқа қатысты басқа да жайттар жайлы Мусафировтан сұрауды жөн көрдік.

Ержан Мусафиров
Жасы: 27
Бойы: 168 см
С/д: 61 келі
WSB жүйесіндегі жекпе-жектері: 13 (8 жеңіс, 5 жеңіліс).
WSB рейтингі: Бірінші маусым – 1-орын, екінші маусым – 25-орын.
– Ержан, жаңа бапкер, жаңа бокс­шы­лар, жалпы,  команданың тұтас дер­­лік жа­ңар­ғанын көріп отырмыз. Легио­нер­лерге қазақ жері ұнап жатыр ма?
– Көбінің Қазақстанға келуі бірінші рет емес екен. Бұрын да бір-екі күнге болса да келіп, Алматыны көріп тамсанып кеткендері бар. Бәрі де біздегі жағдайдың жақсы еке­нін айтып жатыр. «Етті көп жейді екенсің­дер. Әсіресе жылқы етіне қарық болып жатырмыз. Салмағымыз артып барады», – деп әзілдеп жүр.
– Жігіттердің де мінездері әртүрлі шығар?
– Әлбетте, мысалға украиндерден кел­ген Сергей Деревянченко мен Леонид Малков өте байсалды көрінді. Артық ауыз сөйлемейді. Хорваттар да сондай. Парсы жігіті Эхсан Роузбахани де байсалды жігіт. Әлбетте, бәрі де қалжыңды түсінеді. Ал Роман Капитоненко, Израильден келген Константин Снигур әзілқой екен. Жатырқау деген жоқ. Ақырындап араласып, үйренісіп жатырмыз ғой. Әлі де бір-бірімізді жақы­нырақ біле түсерміз. Дегенмен адамгер­шіліктері мол, жақсы жігіттер. Бастысы, командаға пайда әкеліп жатса болды емес пе?!
– Жаңа бапкер жайлы не айтасыз? Негізі, басшылар секілді жаттықтыру­шылар да демократ немесе дик­татор болып бөлінеді ғой. Сергей Кор­чинскийді қайсысына жатқызасыз?
– Қалай жауап берсем дұрыс бола­тынын білмей отырғаным. Өйткені де­мократ емесі анық. Сіз айтқан топтардың екіншісіне жатқызғаным дұрыс шығар.
– Неліктен ондай ойға келдіңіз?
– Бұрын Бейбіт Бүркітұлы бас бапкер болған кезінде біз онымен әзілдесіп, қал­жыңдасып, тіпті әңгіме арасында бір-бірімізді қағытып жүре беретінбіз. Ес­жановпен әке мен бала, аға мен іні сияқты болатынбыз. Қазір Сергей Анатольевичпен бұлай қалжыңдаса алмайсың. Ол шәкірт­теріне тым жақын болуды қаламайды. Ара­қашықтықты сақтайды. Таза бапкер мен шәкірт болып жүрміз. Жаттығу кезінде де қаталдау. Тәртіпке берік, артық сыл­бырды құптамайды. Рас, кейде күтпеген жерден қалжыңдап қояды. Бірақ қал­жы­ңына енді әзіл қоса берейін десең, дереу езуін жинап алады.
– Ал жаттығу процесінде өзгерістер бар ма?
– Әлбетте, айырмашылық жер мен көктей. Негізі, маған Есжановтың да, Кор­чинс­кий­дің де методикалары ұнайды. Бұрын біз техникаға көбірек көңіл бөлетін едік. Қазір украин маманы физикаға на­зар аударып жүр. Бес раундқа да түгелдей дайын болуы­мызды талап етеді. «Милан найзағайында» қолданған методикасын бізге де алып келді ғой. Нәтижесі болар.
– Ержан, өткен жылы командамыз­дың көш­басшысы да, капитаны да Қанат Ислам болған еді. Бүгінде оның жоқтығы сезіле ме?
– Иә, адам ретінде, боксшы ретінде Қанат «арлан­дарға» өте қажет саңлақ­тар­дың бірі еді. Енді ондай боксшыны таба аламыз ба, жоқ па, белгісіз. Дегенмен спорт­та бір адамға байланып қалуға бол­майды. Кетем деген екен, өзінің шешімі. Клуб басшылығы оны қуған жоқ қой. Кәсіпқой боксқа ауысуды шешті. Біз оның бұл шешімін құрметтеу керекпіз. Есесіне, Қанаттың орнына 73 келі салмақта шаршы алаңда одан кем түспейтін боксшы келді. Спорттық тұрғыда Деревьянченко Ислам­ның орнын баса алады деп ойлай­мын.
– Енді өзіңіз жайлы айтып өтсеңіз... 2013 жылы Алматы әлем чемпионатын қабылдайды. Осыған байланысты «арландар» сапындағы кейбір бокс­шылар ұлттық құрамадан орын алу үшін әуесқой боксқа қайта ауысты...
– Иә, Рүстем Сыбай, Мерей Ақшалов сынды боксшылар қайтадан әуесқой боксқа ауысуды жөн көрді. Әлем чем­пио­натына кімнің қатысқысы келмейді дейсіз. Оның үстіне, «арландар» сапында олар­дың салмақтары WSB салмақтарымен сәйкес­пей жатты да, жұдырықтасулар қиын бол­ды. Дегенмен мен оларға сене­мін. Қа­рымдарын өз көзіммен көрдім ғой. Ұлттық құрамадан орын алу қол­да­рынан келеді. Ал өз басым әуесқой боксқа қайта баруға батпадым. Өткен жұдырық­тасу­ла­рымның барлығын ой елегінен өткізіп, сараптай келе, өзімнің кәсіпқой боксқа бір та­бан жақын екенімді байқа­дым. Оның үстіне, болашақта АІВА ая­сындағы бокстың барлығы WSB жүйе­сіндегі жұдырық­та­суларға жақын болады емес пе?! Сон­дықтан алдағы уақытта да әуесқой боксқа бара қоймаспын.
– «Астана арландарының» сапында бірінші маусымды сәтті өткізген едіңіз, өткен маусымдағы өнеріңіз көпшіліктің көңілінен шықпағандай...
– Иә, алғашқы жылы бұл жобаға құл­шыныспен кіріскенмін. Бар күшімді сарқып қойғанымды келесі маусымда ғана бай­қадым. Әбден шаршап қалыппын. Сөйтіп, өткен жылды көбінесе тынығумен өткіздім. Қазір шаршы алаңға қайта шығуға дайын­мын. Ертерек жекпе-жекке шықсам екен.
– Ал алғашқы екі жылда жеңімпаз атана алмаған командамыздың биыл бұл биіктікті бағындыруға шамасы жете ме?
– Өткен жылды, шынымен де, сыл­бырлау өткіздік. Оны мойындауымыз ке­рек. Ал бірінші жылы біз жеңіске лайық­ты едік. Сол кезде шамасы саясат араласып кетті-ау. Біздің жеңіске жеткеніміз біреу­лерге тиімсіз болған сияқты. «Қайдағы бір азиаттар чемпион болмақ па?» деп ортаға бөлек, бұла күш кірген сияқты. Әйтпесе «Париж юнайтедке» қарсы өткізген ай­қастарымызды көрдік қой. «Астана арлан­дары» мықты болған. Дегенмен осы мау­сымда бас жүлде біздікі болады. Мен бұған сенемін.
– Айтпақшы, Ержан, сіздің тегіңіз баспасөз бетінде әртүрлі жазылып жүр. Дұрысы қалай?
– Мусафиров деген дұрыс қой. Атам­ның аты Мусафир болған екен. Араб тілінен енген сөз. Шамасы, қонақ деген мағынаны білдірсе керек.
– Сұхбатыңызға рақмет! Жеңіске жете бергейсіз!

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста