Италияның Трентино қаласында өтіп жатқан XXVI қысқы Универсиада ойындары шарықтау шегіне жетіп қалды. Ертең дүбірлі доданың ресми түрде шымылдығы жабылады. Ал Қазақстан құрамасының еншісінде әзірге екі медаль бар. Біреуі алтын болса, екіншісі – күміс. Әлбетте, аз немесе көп деп айта алмаймыз. Өйткені Универсиада ойындарынан қоржынымызды қомпайтып та, аузымызды қу шөппен сүртіп те қайтқан кездеріміз болған. Дегенмен ертеңге дейін әлі де еншімізге екі-үш медаль бұйырып қалуы әбден мүмкін.
Жалпы, Альпі тауы – біздің студент спортшылар үшін құтты жер. 2003 жылы қысқы Универсиада Италияның Тарвизио қаласында өтіп, жерлестеріміз медальдің әр түрінен елге екі жүлдеден әкелген. 2005 жылы Аустрияның Инсбрук қаласында өткен дүбірлі додада 4 алтын, 1 күміс, 2 қола медальды еншіледік. Ал 2007 жылы Торинода өткен Универсиададан 2 алтын, 1 күміс, 2 қола иеленіп қайттық. Өкінішке қарай, 2009 жылы студенттеріміздің жолдары болмады ма, әйтеуір, Қытайдың Харбин қаласынан дымсыз қайтқанбыз. 2011 жылы қысқы Универсиада елімізде өткен ақ Азиадамен тұспа-тұс келіп, Түркияның Эрзурум қаласынан бір алтынды қанағат қылып қайттық. Енді, міне, тағы да – Альпі тауы, тағы да – Италия. Жақсыға ниет қылатын халықпыз ғой, бәлкім, осы жолы да студент спортшыларымыз елге кем дегенде екі алтынмен оралар.
Негізі, биыл Универсиада ойындары Трентинода емес, Словенияның Марибор қаласында өтуі тиіс болатын. Бірақ қаржыдан қағажу көрген мариборлықтар соңғы сәтте дүбірлі додадан бас тартып, Универсиада ойындары шұғыл түрде Аппенин түбегіне алмастырылған. Ал трентинолықтар өздеріне жүктелген міндетті абыроймен атқарып жатыр. Ресми өкілдері мен туристерді қоспағанда 50-ден астам елден 1740 спортшыны қабылдады. Жапония, Канада, АҚШ, Ресей сияқты додаға жүзден астам спортшысын қосқан елдер де, Бразилия, Тайланд, Монако секілді бір ғана саңлағына сенім артып отырған мемлекеттер де бар. Спорттың 12 түрінен 78 медаль жиынтығы сарапқа салынуда.
Қазақстан құрамасы Трентиноға 57 спортшысын апарыпты. Әзірге жүлдеге іліккені – екеу ғана. Екеуі де бір күнде атой салған. Екеуі де – шаңғышы. 7,5 шақырымға созылған жарыста жерлесіміз Марк Старостин ресейлік Рауль Шакирзяновтан небәрі алты-ақ миллисекундқа қалып қойып, күміспен күптелді. Үшінші орынға Ресейдің тағы бір спортшысы Павел Султанов орналасты. Негізі, Старостиннен бөлек бұл сында Қазақстанның тағы бірнеше шаңғышысы сынға түскен. Евгений Величко үздік бестіктен, Сергей Малышев үздік жетіліктен көрінсе, Александр Малышев пен Ганндий Матвиенко сәйкесінше, 17-нші және 18-орындарды иеленіп, Александр Осипов 31-орынға тұрақтады.
Есесіне, қыздар арасында 5 шақырымдық классикалық жарысқа түскен Татьяна Оссипова қарсыластарын қар қаптырып, мәре сызығын бірінші болып қиды. Әлгі қашықтықты жарты сағатқа жеткізбей жүріп өткен жерлесіміздің басты бәсекелестері украиналық Катерина Григоренко мен финляндиялық Маржаана Питканен болған. Алғашқысы бір секундқа қалып қойса, екіншісі 2,5 секундқа артта келді. Негізі, Питканеннің орнында тағы бір жерлесіміз Марина Матросова болуы керек еді, өкінішке қарай, соңғы сәтте жылдамдығын бәсеңдетіп алған Марина төртінші орынды қанағат қылды. Бесінші орын да біздікі. Нақты айтсақ, жеңімпаздан 4 секундқа қалып қойған Виктория Ланчакова үздік бестіктен көрінді.
Сонымен қатар хоккейшілерімізге де мол үміт артамыз. «С» тобында өнер көрсеткен Қазақстан ұлттық құрамасы алдымен украиналықтарды жеңді. Есеп – 4:2. Одан кейін 3:1 есебімен жапондардан басым түсіп, топтық кезеңді 4:2 есебімен қорытындылады. Бұл жолы жерлестеріміз «Үйеңкі жапырағы» елінің студенттерін тізе бүктірді. Ал ширек финалда Латвияны 6:1 есебімен ойсырата жеңіп, жартылай финалға жолдама алды. Алғашқы кезеңде қарсылас қақпасына жауапсыз үш шайба соғып үлгерген жерлестеріміз екінші кезеңде тағы бір голмен басымдықты арттыра түсті. Тіпті осы кезеңде латвиялықтардың соққан бір голы да қорытынды есепке әсер ете алған жоқ. Ал соңғы кезеңде біздің құрама тағы да екі шайба соғып, Латвия құрамасына еш айла қалдырмады. Енді бүгін жерлестеріміз АҚШ құрамасымен кездеседі. Өз кезегінде америкалықтар ширек финалда дода қожайындары Италия студенттерімен кездесіп, 5:0 есебімен ойсырата жеңген. Екінші жартылай финал Канада мен Ресейдің арасында өтеді.
Жалпы, бүгін – 13, ертең 4 медаль жиынтығы өз иелерін таппақ. Арасында Қазақстан спортшылары да болады деп үміттенеміз.