Ел біріншілігінің қола жүлдегерлері анықталды
Атырауда бокстан ерлер арасындағы Қазақстан чемпионаты мәресіне жетті. Кеше газетіміздің осы саны баспаға жіберілгенде, 2013 жылғы чемпиондарымыз да анықталды.
Чемпиондар жайлы ертең жазамыз. Бүгін жартылай финалдық жекпе-жектердің нәтижелеріне тоқтала кетпекпіз. Ел чемпионаты дулығасыз (шлемсіз) өтіп жатқандықтан, мерзімінен бұрын аяқталып жатқан жекпе-жектер саны аз емес. Мысалы, жартылай финалдың өзінде екі жекпе-жек бір боксшының қабағы жарылғандықтан тоқтатылса, енді біреуінде техникалық нокаут тіркелді. Ал енді бір жекпе-жекте боксшы нокдаунға түсіп қалып, жеңіс айқын басымдылықпен қарсыласына берілді.
Біз кеше бокстан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Мырзағали Айтжановпен хабарласып, ел біріншілігін бастан-аяқ жіті қадағалап отырған маманның пікірін білдік.
– Ел чемпионаты жоғары деңгейде өтуде. Жақында ғана Алматыда өткен әлем чемпионатының қазақ боксына айрықша серпін бергені байқалып тұр. Біздің жігіттер әлем чемпионатын өз көздерімен тамашалады. Барлық боксшылардың шама-шарықтары мен әлеуеттерін бағамдап, әлем чемпионатының аурасымен тыныстады. Әрі олардың бәрімен айқасуға болатындықтарын сезіп, бәрі де ой түйді. Қазір енді көздері от шашып, бәрі де жұлқынып тұр. Құлшыныстары мен талпыныстарына адам қызығады.
Бұл чемпионаттағы байқағанымыз, бізде талантты жастар қаптап өсіп келеді. Ең бастысы, резерв бар. Соған қуаныштымыз. Әрине, тәжірибелері әлі толыса қоймаған, бірақ талапты таланттар баршылық. Әр облыста сондай екі-үш баладан бар. 18-19 жастағы таланттар тісқаққан тәжірибелі боксшылардың өздерімен тайталасып, ел біріншілігінің көрігін қыздыруда – деп, ел біріншілігі барысында біраз мәселені саралап жүргендігін сездірді.
Қазақстан чемпионаты. Жартылай финалдық айқастар
49 келі
Теміртас Жүсіпов (Ақмола обл.) – Рашид Салауатов (Атырау) – 3:0
Жомарт Ержан (ОҚО) – Әділет Қапезов (Қарағанды) – 3:0
52 келі
Ілияс Сүлейменов (Астана) – Ерлан Тәмемов (Павлодар) – 3:0
Әділет Құрметов (ШҚО) – Нұрғазы Жүсіпов (ОҚО) – 2:1
56 келі
Ержан Ордабаев (Атырау) – Азамат Жансарбай (ВКО) – 3:0
Жанболат Тілегенұлы (Алматы) – Дастан Әшірәлі (ОҚО) – 2:1
60 келі
Дархан Жұмсақбаев (Астана) – Ғани Жайлауов (Жамбыл обл.) – 2:1
Закир Сафиуллин (ОҚО) – Бекман Сойлыбаев (Алматы обл.) – TD, R2, 0:53
64 келі
Асланбек Шымбергенов (Жамбыл обл.) – Азамат Досмағамбетов (Атырау) – 2:1
Алмасбек Әлібеков (ОҚО) – Әсет Қасымов (ШҚО) – TD, R1, 1:24
69 келі
Алмасбек Орынғалиев (БҚО) – Айтжан Шілеев (Жамбыл обл.) – 2:1
Сағадат Рахманқұлов (Жамбыл обл.) – Манат Өмірзақов (ШҚО) – 2:1
75 келі
Рустам Сыбаев (Қызылорда) – Айдос Ербосынұлы (Алматы обл.) – 2:1
Сапарбай Айдаров (Алматы) – Нұрбол Алтаев (ОҚО) – 2:1
81 келі
Дәурен Елеусінов (Астана) – Алмат Серімов (Қарағанды) – R3, 1:30
Нұрдәулет Жарманов (Ақмола обл.) – Әліби Нұрматов (Алматы) – 2:0
91 келі
Антон Пинчук (Қостанай) – Алексей Севостьянов (Қарағанды) – 3:0
Асқар Абдуллаев (ОҚО) – Нұрлан Нұрсейітов (Атырау) – TKO, R1, 2:01
+ 91 келі
Жан Кособуцкий (Ақмола обл.) – Олжас Букаев (Павлодар) – 3:0
Нұржан Бекзатов (ОҚО) – Қамшыбек Қоңқабаев (Қызылорда) – 3:0