Дене шынықтыру пәніне реформа қажет

Дене шынықтыру пәніне реформа қажет

Міне, сендерге доп, алаңға барыңдар да футбол ойнай беріңдер. Мен қазір арттарыңнан барам.
– Ағай, қайта берейікші. Осыдан кейін бәрібір сабағымыз жоқ.
– Онда ешкімнің көзіне түсіп қалмай, «тайып» тұрыңдар. Біреуіңді де бұл жерден көрмейтін болайын.
Біздің кезімізде мектепте дене шынықтыру сабағы осылай өтетін. Бұл пән көбінесе соңғы сабақта өтетіндіктен бе, бес сағат бойы шаршаған оқушылар сабақтан қашып кететін немесе жоғарыдағыдай сценарий бойынша сұрана салатын. Өкінішке қарай, қазіргі таңда да еліміздің көптеген мектептері бұл жүйеден арыла алмай келеді.
Рас, аздап ілгерілеушілік бар. Бұрын аптасына екі-ақ сабақ болатын дене шынықтыру пәні бұл күндері үш рет өтетін болған. Бұрын тек соңғы сабақтарға ғана қойылатын бұл пән бүгіндері аптасына ең болмаса бір рет екінші не үшінші сабаққа қойылып жүр. Дегенмен әлі де болса, дене шынықтыру сабағының өтуінде олқылықтар өте көп.
Оқушылардың білетіні – доп пен алаң ғана
Асыра сілтегендігіміз емес, расында да солай сияқты. Әйтеуір бәрінің білетіні – доп пен алаң. Қыста спорт залда, жазда көгалда доп қуып жүргені. Көгал дейміз-ау, кейбір қалалық мектептерде ғана болмаса, көпшілік ауылдарда жасыл алаң дегенің атымен жоқ. Қиыршық тас үстінде шаңға бөгіліп, үйіне қайтады немесе келесі сабақта тер сасып отырады. Мұғалімдер де үйреніп қалған. «Дш-дан шықтыңдар ма?», – деп бейқам сабақтарын жалғастыра береді. Әлбетте, көпшілік мектептерде алғашында арнайы жуынатын бөлме болған. Алайда бертін келе душтарының барлығы да істен шығып, жарамай қалған­дықтан ол бөлме не киім ауыстыратын орынға, не мектептің қоймасына айналып шыға келген. Расымен де, осындай күйді кешіп отырған мектептеріміз аз емес. Киім шешетін бөлме де көп жағдайда ұлдар мен қыздардікі ортақ болып жатады. Яғни ұлдар киімдерін ауыстырып болғанша қыздар күтеді де, бәрі дайын болғанша сабақтың тең жартысы өтіп кетеді. Ал 45 минуттан тұратын сабақтың жарты сағаты оқушыларға жетпейтіні айдан анық. Сондықтан жоғары оқу орындарында қол­­данылатын жүйені мектептерде де қол­дану керек сияқты. Анығын айтсақ, дене шынықтыру пәніне аптасына бүгін­гідей үш сағат емес, одан да көп, төрт сағат бөлу керек секілді. Универ­ситеттер­дегідей оны екіге бөліп, екі сағаттан апта­сына екі рет өткізсек, бәріне де жеткілікті болар еді. «Аптасына төрт сағат бөлсек, барлық сыныптарға сағат жетпей қалады ғой», – дейтіндер де табылатын шығар. Бірақ дене шынықтыру пәнінде екі, тіпті үш сыныптың оқушыларын да біріктіріп жіберсе болады емес пе?! Ең бастысы, мұғалім жетсе бол­ғаны және спорт зал да кең болуы қажет.
Мектеп бағдарламасындағы тағы бір кемшіліктің бірі – дене шынықтыру пәнінде түлектердің тек доп соғуды ғана меңгеріп шығатындығы. Оны жоғарыда да айттық. Ал негізінде әлем чемпиондары мен Олимпиада ойындары мектеп қабыр­ғасынан бастап қалыптасуы керек емес пе?! Айтпағымыз, дене шынықтыру пәнінде оқушылар қабілеттеріне қарай бірнеше топқа бөлініп, бірі футболмен айналы­сатындай, бірі бокспен шұғыл­данатындай, бірі жеңіл атлетиканы серік ететіндей болулары керек. Сонда ғана болашақта спортшыларымыздың «былғары қолғапты қолыма 15 жасымнан бастап кигенмін немесе алғаш рет конькиді 16 жасымда тепкенмін» деген сұхбаттарын оқымайтын боламыз. Иә, рас, ол үшін айтып өткені­міздей, «жүздеген оқушыны бір спорт залға қала сыйдырамыз?» деген сұрақ туын­дамауы үшін, спорт залдың да кең болуы басты шарт екенін түсінеміз. Деген­мен шындап кірісер болсақ, ары кетсе екі жылда-ақ спорт залдардың құрылысын аяқтауға болады емес пе?!
Оқушыларымыздың санасына ұлттық ойындарымызды да сіңірсек
«Мектептерде ұлттық ойындарымыз насихатталмай жүр» деуден аулақпыз. «Ақ серек пен көк серек», «Қызыл ту» деген ойындарымызды білмейтін қазақ баласы кемде-кем. Бірақ бастауыш сынып оқушы­ларына осы ойындармен қоса «Тоғыз­құмалақ», «Хан дойбысы», «Жаяу жарыс», «Тауық күрес», «Қара бие» секілді бұрын­нан келе жатқан ойындарымызды да үйретсек дұрыс болар еді. Әйтпесе, бүгін­гі қазақ жастарының төл спортымыз тоғызқұмалақты білмеуіне бірден-бір кі­нәлі мектеп бағдарламасы мен мұғалім­дер екеніне ешкім де қарсы шыға қоймас. Сон­дықтан ұлттық ойындары­мыздың де­не шынықтыру пәнінде өтілуін мектеп бағ­дарламасына енгізілуі кезек күттірмей­тін басты шаруалардың бірі екені жасырын емес.
Ермахан ЫБРАИМОВ, Олимпиада жеңімпазы, Бокстан Олимпиадалық даярлау орталығының директоры:
– Біздің кезімізде дене шынықтыру пәндері кеңестік жүйе бойынша өтетін еді ғой. Қазір де сол жүйеден арыла ал­май жүрген сияқтымыз. Олимпиада ойын­дарында бір-екі спортшымыз чемпион атанып жатса, бөркімізді ас­панға атып қуа­натынымыз да сондық­тан. Неліктен біз­ден де бес-алты, тіпті он Олимпиада чемпионы шықпасқа?! Спортқа шындап көңіл бөлсек, оған біздің әлеуетіміз жетеді ғой. Өз басым көптеген елде болдым. Олардың спортқа қалай ден қоятындарын зерт­тедім. Мәселен, Кубада дене шынық­тыру пәндерінде оқушылар бірнеше топқа бөлінеді екен. Әр топ әртүрлі спортпен айналысады. Еліне еңбегі сіңген жаттықтырушылар мектептерде дене шынықтыру пән­дерінен сабақ береді. Сондықтан олар­да бокс, жеңіл атлетика сияқты спорт түрлерінен Олимпиада жеңім­паздары көптеп шы­ғып отырады. Яғни оқушы кезінен-ақ бала спортты өзіне серік етеді. Егер спорт­тық держава болғымыз келсе, біз де мектептердегі дене шынықтыру пәніне реформа жүргізуіміз керек. Бұл тұрғыда Кубадан үлгі алсақ, жаман болмаймыз. Тіпті спорттық держава бол­маған күннің өзінде салауатты өмір салтын басты орынға қоюымыз қажет. Кез келген экономист, саясаткер бол­масын, тым құрығанда спорттың бір түрімен айналысуы керек. Бүгінде «Жол картасы» бойынша «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы жүзеге асып жатыр. Түсінбейтінім, сонда Қазақстан аурулардың елі ме? Неге 100 ауруха­на­ның елуін спорттық сауықтандыру орта­лықтары етіп, аурудың алдын алудың жолдарын қарастырмаймыз? Жалпы, дені сау ұрпақ мектеп қабыр­ғасынан тәрбиеленетінін ұмытпайық.

Тақырыпқа тұздық
Ресейдің Приморский өлкесіндегі жергілікті Атымтай жомарттардың бірі мектепке үлкен ролик алаңын салып берген. Сондай-ақ роликтерді де тегін пайдалануға беріпті. Жазда ролик, қыста коньки тебуге болатын бұл алаңның қожайыны, «бәлкім, ертең осы оқушылардың ішінен конькимен жүгіруден немесе мәнерлеп сырғанаудан әлем чемпиондары шығып қалар», – деген үмітін жасырмайды. Біздің атқамінерлеріміз де солардан үлгі алса, шіркін!

Түйін
Әлбетте, жоғарыда жазылған жайттар бір қарағанда қолдан келмес қиын, утопиялық шаруа секілді болып көрінуі мүмкін. Бірақ «көз қорқақ, қол батыр» деп өскен халық емеспіз бе?! Оның үстіне, Елбасымыздың Жолдауында айтылғандай, 2020 жылға дейін халықтың 30 пайызын бұқаралық спортқа тартуымыз керек болса, жоғарыда жазылған мәселе­лерге де ден қойғанымыз жөн секілді. Оның үстіне, енді 10 жылдан кейін халықтың 30 пайызын бүгінгі мектеп оқушылары құрайтынын да ұмытпайық.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста