Халықта «күш атасын танымас» деген сөз бар. Мұндай тіркес жауырыны тоқпақтай, апайтөс, бура сан, ат жілікті балуандармен жүрексінбей айқасатын, бәкене бойлы, кішкене денелі, шымыр жігіттерге қарата айтылса керек-ті. Қазақ даласында шағын бойына қара күшті сыйдырған талай мықты «мен» деген алыптардың өзін алып ұрған ғой. Шүкір, соңғы жылдары ұлтымызға ғана тән қазақ күресі қанатын кеңге жайып келеді. Бүгінде жалпыхалықтық додаға айналған «Қазақстан барысы» республикалық турнирі ел ішінде жүрген талай балуанның бағын ашып, жаңа есімдерді жаңғыртуда. Былтыр төртінші рет ұйымдастырылған дүбірлі додада көрермендер көзайымы атанған жамбылдық жампоз Дәулетхан Жақыповтың бозкілемде көрсеткен өнеріне тәнті болған ағайынның қарасы қалың болды. Салмағы небәрі 82 келі тартатын жас балуан қазақ күресінің шебері әрі дзюдодан ұлттық құраманың мүшесі. Бүгінде шолпан жұлдыздай жарқырап келе жатқан, болашағынан зор үміт күттіретін сақа спортшыны патша көңілді оқырманға етене таныстыруды жөн көрдік…
– Дәулетхан, әңгімемізді спорттың бекзат түрі – күрестен, балуандық өнерден бастасақ. Жалпы, өзің туып-өскен Талас топырағы талай талантты түлеткен киелі өлке ғой…
– Бала күнімнен спортқа өте бейім болдым. Оның үстіне, ауылдың қара шаңына аунап-қунап, ауыр жұмысқа әбден ысылып, мал бағып, көкпар шауып өстік. Әлбетте, балуандық өнер әкенің қанымен, ананың ақ сүтімен келетіні тағы бар. Әкем Қуаныш Бөпетаев жас күнінде есімі елге белгілі, әккі балуан атанған. Кеңес дәуірінде талай байрақты бәсекеде бағын сынап, жүлделі орындарды еншілеген.
Перзент ретінде әкеммен мақтанамын, өнегелі өмірін үлгі тұтамын. Қазір ауылда мал шаруашылығымен айналысып, өз кәсібін дөңгелетіп жүр. Әкем қаланың емес, даланың адамы. Алтын ұясы ауылын қимай, сонда қоңыр тіршілік кешіп жатыр. Менің спортта жүргеніме 10 жылдай уақыт болыпты. Шынтуайына келгенде, ауылда күрес секциясы болған да жоқ. Бірақ әрбір иігілікті іске Жаратушы бір себепші жібереді ғой. Әпкем тұрмысқа шығып, жездем жаттықтырушы болып кезікті. Сонымен, қазіргі бапкерім Пархат Қылышпаев күрес өнерінің қыр-сырына қанықтырып, Тараздағы облыстық мамандандырылған спорт мектеп-интернатына қолымнан жетектеп әкелді. Міне, содан бері бозкілемде тер төгіп келемін.
Ал отбасым туралы айтатын болсам, Құдайға шүкір, бес ағайындымыз. Үш ұл, екі қыз. Кәсіби спортты қуған Шыңғысхан есімді інім екеуіміз ғана. Бауырымның бағындырған белестерін, қол жеткізген жетістіктерін ауыз толтырып айтуға әбден болады. Самбо күресінен республика, Азия ойындары және әлем чемпионатының жүлдегері, дзюдодан жасөспірімдер арасындағы ел біріншілігінің алтын медалін жеңіп алған. Жуырда ғана ересектер құрамасына өтті. Бір қызығы, екеуіміз де бір салмақта, яғни 82 келіде белдесеміз. Бұйыртса, інім дзюдодан ұлттық құрамаға алынып жатса, өзімнің басты қарсыласым болуы бек мүмкін (күліп).
– Өткен жылы «Қазақстан барысы» жобасында жартылай финалға дейін алқынбай жеттің. Өкінішке қарай, қола жүлдеге таласта Руслан Әбдіразақовқа есе жіберіп, төртінші орынды місе тұттың. Соңғы белдесуде саған сәттілік жетіспеді ме, әлде салмақтың аздығы кедергі болды ма?
– Бұған нақты жауап беру қиын. Бірақ әу бастан турнирдің финалына шығу жоспарда болды. Мақсатқа жету үшін барымды салдым. Десе де, Құдайсыз қурайдың да сынбайтыны аян дүние ғой. Бәлкім, бұйырғаны, маңдайыма жазылғаны осы шығар. Шүкірден басқа айтарым жоқ. Бір шетінен, Руслан Әбдіразақов мен үшін өте ыңғайсыз қарсылас болғанын жасырмаймын.
– Былтыр кеткен есені биыл қайтарып, өз мықтылығыңды дәлелдеп беру ойда бар шығар?
– Өзіңіз білесіз, биыл күзде елордасы Астанада дзюдодан әлем чемпионаты өтеді. Расын айтқанда, бар күш-жігерімді осы жарысқа салуды көздеп отырмын. Алдын ала іріктеу бәсекелерінде бақ сынап, сол жерде үздік шықсам, әлем біріншілігінде өнер көрсетемін. «Қазақстан барысына» қатысу яки қатыспау туралы нақты тоқтамға келген жоқпыз. Жеке бапкеріммен ақылдаса келе, бір шешім қабылдаймыз. «Неге қатыспайсың?» деген сауал қоятыныңызды ішім сезіп те отыр. Қазақ күресінде салмақтары жоғары, кіл алып жігіттер белдеседі. Есесіне, мен секілді салмағы аз балуандардың жарақаты көп болады. Бір шетінен, осындай олқылықтарға жол бермеу үшін де бәсекеден шет қалуым мүмкін. Бәрі уақыттың еншісінде. Қазақ күресі өзіміздің ұлттық спортымыз ғой. Оның үстіне, жыл сайын тұрақты ұйымдастырылатын дода. Бүгінгі таңдағы басты арманым – дзюдодан жоғары нәтижеге қол жеткізу.
– Сенің күресіңді тамашалаған білікті спорт мамандары «Дәулетхан – өте мінезді, бір тістеген жерінен айырылмайтын, қайтпайтын балуан» деп жоғары бағалап жатты. Бұл бапкерің Пархат Қылышпаевтың тактикасы ма, әлде мінезден бе?
– Біріншіден, әкемнің берген тәлім-тәрбиесі деп білемін. Екіншіден, бапкердің ерен еңбегі, үйреткен айрықша әдіс-тәсілдерін жоққа шығармаймын. Бәрінен бұрын кеудемде намыстың оты бар. Бозкілемде біреу сені алып ұрып, аяғыңнан шалып жатса, қалай ашуға булығып, намысқа тырыспайсың. Меніңше, әрбір спортшыны жеңіске «қазақ» деп соққан жүрегіндегі ұлттық рухы жетелейді.
– Дәулетхан, жуырда ғана Шымкентте дзюдодан өткен республика чемпионатында топ жардың. Бүгінге дейін күрестің бұл түрінен 2013 жылы Жазғы Универсиада ойындарына, Бразилияда өткен әлем чемпионатына қатыстың. Бірақ байрақты бәсекелердің медалі қоржынға неге түспей жатыр?
– Мен 2013 жылы ғана ұлттық құрамаға қабылдандым. Бірден, өзіңіз атап өткендей, үлкен дүниежүзілік додаларға топ ете қалдым. Ол жерде тісқаққан, әбден ширыққан балуандармен иық тірестіріп күресу оңайға түспеді. Жеңістің кермек дәмі тым ащы болады ғой. Несін жасырайын, бірден өзіме деген сенімділікті жоғалтып, психологиялық тұрғыдан соққы алдым. Сөйтіп қазақ күресіне бет бұрдым. Бірақ біраз уақыт өткен соң жеңілістің өзі спортшыға мол тәжірбие әрі сабақ екенін түсініп, татами кілеміне қайта мықтап ден қойдым. Алла қаласа, бәрі жақсы болады деп сенемін…
– Күзде Павлодарда тұңғыш рет ұйымдастырылған «Әлем барысының» ізін ала Таразда екінші рет «Еуразия барысы» турнирі өтті. Екі халықаралық жарыста елдің намысын «Қазақ барысының» жеңімпаздары мен жүлдегерлері қорғады. Оның ішінде өзің де болдың. Әйткенмен, біздің жігіттер алтыннан қағылып, жанкүйерлерді қынжылтты. Оның себебін қалай түсіндірер едің?
– Біздің дайындығымыз көңіл-көншітерліктей болған жоқ. Бір сөзбен айтқанда, қазақ күресінің балуандары әлем және Олимпиада ойындарында топ жарып жүрген шетелдік спортшылармен күресуге дайын болмай шықты. Мәселен, «Әлем барысы» атанған кубалық Оскар Рена Брайсон Видал – Бейжің Олимпиадасының қола жүлдегері. Қарап тұрсаңыз, көбісінің аттарынан ат үркеді. Мұндай балуандарды шақырған соң дайындыққа жіті назар аудару керек еді. Қазақ күресі балуандары арасында ішкі бәсеке қалыптасып қалған, сыртқы қарсыластарға қасқайып қарсы тұру үшін физикалық, писихикалық жағынан да көп жұмыс жасалуы тиіс. Бұл жеңілістер ешкімге оңай тиген жоқ. «Ауызы күйген үрлеп ішеді» демекші, алдағы уақытта бәрі ойдағыдай болсын деп тілейік.
– Спортшыны жеңіске жетелейтін бірден бір қасиет ол – ұлттық рух, намыс деп айтып отырсың. Кейбір әріптестерің жекпе-жек алдында делебесін қоздыру үшін батырлар туралы кітап оқимыз десе, енді бірі патриоттық ән тыңдаймыз дейді. Өзің ше?
– Мен іштей, рухани тұрғыдан дайындаламын. Көбінесе жалғыз қалып, ойымды жинақтап, жеңіске деген жігерімді қамшылаймын.
– Қара күштің иелеріне айрықша күтім қажет. Бүгінде бәріміз денсаулыққа зияны басым тамақтарды тұтынамыз. Түрлі фаст-фуд өнімдерін, газдалған сусындар дегендей. Балуандар қандай тағамдарды пайдаланады?
– Мүмкіндігінше, сыртта тез әзірленетін химиялық қоспасы бар, жартылай дайын тағамдарды, газдалған сусындарды, соның ішінде, Кока кола мен Пепсиді ішпеуге тырысамын. Батыр бабаларымыз секілді таза табиғи өніммен қорықтеніп, қымыз бен шұбат, жылқының еті мен қазыны жақсы көремін. Балуан құнарлы тағам жемесе, күресе алмайды. Оған қоса, ас мәзірімізде спортшыларға арналған тиісті дәрумендер де бар. Денсаулығыма жіті көңіл бөлемін. Спирттік ішімдік пен темекіге мүлде жоламаймын.
– Жақында жазушы Қалмақан Әбдіқадіровтың «Қажымұқан» атты кітабын оқып шықтым. Жауырыны жерге тимеген батыр бабамыз туралы түрлі қызықты деректерге қанықтым. Бір қызығы, ешбір қарсыласына дес бермеген балуан үй тышқанынан қатты жүрексінген екен. Ал сенің фобияң не?
– Мен жыланнан қорқамын (күліп).
– Мұсылманның бес парызының бірі – Қажылық сапары. Жақында өзің Мекке жеріне аяқ басып, қажылық парызыңды өтеп қайттың. Қасиетті жерден алған әсерің қандай?
– Қажылық сапарға аттанып, мұсылмандық парызын өтеу, әрбір адамның арманы ғой. Киелі мекенде 22 күн болып келдім. Құдды бір басқа әлемге тап болғандай, ғажап күй кешеді екенсің. Тіпті, алған әсерімді тілмен жеткізуге, суреттеуге шамам жетпес. Меніңше, мұндай керемет сезімді иісі мұсылман баласы жан жүрегінен өткізуі керек. Алла Тағала бар қазаққа қажылықтың рахатын, ләззатын сезінуді жазсын…
– Қазір жассың, нағыз жігіттік сауық-сайран құратын шағың. Көп спортшы «спорттың жолына түсіп, жиі қыдыра алмадық» деп өкініштерін білдіріп жатады. Өзің бұл жағынан қалайсың? Жалпы, сен үшін бұл өмірдің мәні неде?
– Енді анда-санда достарымызбен бас қосып, ішкі күйзелістерді сыртқа шығару үшін қыдырып тұрамыз. Айына жоқ дегенде бір рет өзіме еркіндік беремін (күлді). Ал өмірдің мәні адам болып өмір сүруде емес пе? Ешкімнің ала жібін аттамай, адал ғұмыр кешу. Ертеңгі күнім қалай болатынын білмеймін. Әлбетте, спортта үлкен жетістіктерге жету жолында бар күшімді сарп етемін. Бірақ қол жеткізе алмаған күннің өзінде болашақ ұрпағыма арқа сүйер азамат болғым келеді. «Адам ұрпағымен мың жасайды» дейміз ғой. Құдайға құлшылық етсек, үбірлі-шүбірлі болсақ, бұдан басқа мына жалғанда қандай бақыт болуы мүмкін?!
– Дәулетхан, спорттың ғұмыры ұзақ болмайтынын білесің. Амандық болса, келешекте сені қай саладан көре аламыз?
– Болашағымыз бір Алланың қолында. Спорттан қол үзген соң бапкерлік қызметті атқаруым да мүмкін. Дәл қазір Құқықтану мамандығы бойынша білім алып жатырмын. Қай салада жүрсем де, нанымды таза маңдай теріммен тауып, елге еңбек етсем деймін…
– Лайым, ниетіңе жет!
Индира БАЙҚОНЫСОВА, «Sport» газеті