Дәулеттің арманы – Олимпиада алтыны

Жұртшылық күресті қазақтың оң жамбасына келетін спорт түріне санайды. Оның да жөні бар секілді. Талай саңлағымыз төрткіл дүниедегі дарабоздар арасында топ жарды. Алайда есеміз кетіп жүрген тұстары да жоқ емес. Дүбірлі додада дүйім елдің делебесін қоздырып жүрген балуандар үшін дүниежүзілік біріншіліктерде топ жару – басты мақсаттың бірі. Әсіресе олар Олимпиада және әлем чемпионатында жүлдеге ие болуға жанын салады. Арман кейде орындалады, кейде орындалмай, сарғайтады. Атап айтқанда, еркін күрестен әлем чемпионатындағы соңғы жүлде ел қоржынына осыдан 15 жыл бұрын түскен екен. Жанкүйер қауым көптен күткен арманына қол жеткізді. Таяуда ғана Түркияның төріндегі Стамбул шаһарында өткен әлем чемпионатында Алаш елінің ұланы Дәулет Ниязбеков қола жүлдегер атанды. Сыр елінің үкілі үміті осылайша жер жүзінің үздік балуанының біріне айналды. Жерлестері оны үлкен қошеметпен қарсы алды. Қуаныш үстінде Дәулетпен аз-кем әңгімелестік. Шағын денелі шымыр жігіт сөзге шорқақ екен. Ә дегеннен шешіліп сала берген жоқ.

– Бұл – менің ересектер арасындағы әлем чемпионатына алғаш рет қатысуым. Спорттық жолымдағы алғашқы бәсекеме тыңғылықты дайындық жасадым. Ел намысын қорғағаннан кейін оған жүрдім-бардым қарауға болмайды. Мен өзіме осылайша жігер қостым. Басты мақсатым алтын алу еді. Оған жетуге қол созым қалды. Әрине, спортта ойлағанның бәріне қол жеткізе бермейсің ғой. Бастысы, Олимпиада жолдамасына ие болдым. Енді келер жылы Англияда өтетін дүбірлі до­дада алтыннан алқа тақсам деймін.
– Жеңімпаздар тұғырында тұр­ған­да ең алдымен ойыңа не оралды?
– Менен бұрын еркін күрестен Мәулен Мамыр­ов ағамыз әлем чемпионатында қола медальға ие болған. 1997 жылы Ресейдің Красноярск қаласында осындай жетістікке қол жеткізген. Араға 14 жыл салып мен сол жетістікті қайталадым. Ойы­ма алдымен осы оралды. Аспан түстес Туы­мыз көкте желбіреп тұрғанда ерекше сезімге бөлендім. Алайда алтын медаль алмағаныма қынжылдым. Қазақ елінің Әнұранын қалықтатсам деп едім. Енді оның орнын Олимпиадада толтыруға ты­рысамын.
– Қай қарсыласыңмен белдесу қиынға соқты?
– Мен бес белдесу өткіздім. Әрбірі де оңайға соққан жоқ. Алдымен грек Иоаннис Иваниспен күрестім. Оны тізе бүктіру аса қиын болмады. Одан кейін әзірбайжан жігіті Махмуд Магомедов жолықты. Ол – Еуропа чемпионы, мықты балуан. Спорттық жолын Ресейде бастаған. Кейіннен тарихи Отанының намысын қорғап жүр. Осы белдесу мен үшін біршама қиынға соқты. Тіпті алдын ала оның жеңіске жететіні жайында жорамал айтқандарды құлағым шалды. Қайта бұл сөз маған ерекше қайрат берді де, қарсыласымды қапы қалдыруға бар күшімді салдым. Қырғыз елінен барған әріптесім Нұрлан Мәкенәлиев те мықты еді. Азия біріншілігінде алтын алған. Одан да айламды асырдым. Жартылай финалда ресейлік Максим Лебедевке жол беріп қойдым. Қола жүлде үшін белдескенде армян Михрян Жоварянды айқын басым­дықпен жеңдім.
– Орыс балуанын жеңуге не жетіспеді деп ойлайсың?
– Ол бұдан бұрын да әлем чемпионы атағын жеңіп алған. Бір сөзбен айтқанда, күреске әбден ысылған спортшы. Ол жартылай финалға менен ертерек шықты. Ал мен Н.Мәкенәлиевті жеңгеннен кейін көп демалған жоқпын. Бірден М.Лебе­девпен белдестім. Қателікке жол беріп қойдым. Қарсыласым осындай қателікті пайдаланды.
– Армян спортшысы да оңай қарсылас емес секілді...
– Оныңыз рас, біз екеуміз бұдан бұрын да кездескенбіз. Украина жерінде халық­аралық турнир өткен еді. Онда М.Жаворян алтыннан алқа тақты. Мен қола жүлдені қанағат тұттым. Сол жолы кеткен есені осы жолы қайтаруға күш салдым. Ойлағаным іске асты. Қола жүлде маған бұйырды.
– Олимпиадада алтын алсам дейсің. Оған сенімдісің бе?
– Спортшының өзіне сенімі болмаса, ешқан­дай нәтижеге қол соза алмайды. Мен әлем чемпионатында олардың осал тұстарын көрдім. Өзімнің де қателігімнен сабақ алдым. Енді оны қайталамауға тырысамын. Әрине, оған уақыт төреші. Олимпиада алауы жағылғанша бір жылға жуық уақыт бар. Маңдай терімді аямай­мын. Дайындыққа көп көңіл бөлемін.
– Жалпы, спортқа қалай келдің? Алғашқы бапкерің кім?
– Қызылорда облысы Жаңақорған ауда­нының тумасымын. Күреске келуім кездейсоқ болды. Анам аудан орталы­ғын­дағы спорт мектебінде қызмет жасайтын. Анам­мен еріп, мектепке жиі келіп тұра­тын­мын. Спортқа қызыға бастадым. Әсіресе күрестің қыр-сырын меңгеруге құмарттым. Жаңақорғанда еркін күрес жақсы дамыған. Жергілікті бапкер Әбутәліп Аманов мені өзіне шәкірт етіп алды. Ол кісіден күрестің әліппесін үйрендім. Он екі жасымда Қы­зыл­орда қаласында орын тепкен Жалаңтөс баһа­дүр атындағы спорттағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернатқа келдім. Осыдан төрт жыл бұрын Алматы қаласындағы әскерилердің спорт клубына қарасты колледжге оқуға түстім. Қазір Ал­маты мемлекеттік университетінің дене шы­нықтыру факультетінің төртінші кур­сында білім алып жүрмін.
– Отбасыңда өзіңнен басқа кім спорт­пен айналысады?
– Әкем Шора – қарапайым еңбек адамы. Спортқа еш қатысы жоқ. Дегенмен менің әрбір белдесуімді қызыға тамашалайды. Ақыл-кеңесін айтып тұрады. Анам Гүлнар Шайдарова әлі күнге дейін спорт мек­тебінде еңбек етеді. Отбасында жалғыз ұл­мын, қалғаны қыз.
– Сенің есіміңді белгілі балуан Дәу­лет Тұрлыханов секілді азамат болсын деп ырымдап қойған шығар?..
– Дәулет ағамыз кезінде біздің ұлтымыздың мақтанышына айналды емес пе? Ата-анам сол кісідей азамат болсын деген шығар. Белгілі балуан секілді үлкен белестерді бағындырсам деймін мен де...

Өмірбаян
 Дәулет Шораұлы Ниязбеков 1989 жылы 12 ақпанда дүниеге келген. Еркін күреспен он жасынан бері айналысады. Спорт ше­бері. 2005 жылғы мектеп-интернат оқу­шы­лары арасындағы Қазақстан чемпио­на­тының күміс жүлдегері. Сол жылы жасөс­пірім­дер арасындағы ел біріншілігінде қола медаль алды. 2006 жылы мектеп оқу­шы­лары арасындағы спартакиадада күміс алды. 2008, 2009 жылдары Шымкент қаласында өткен Кеңес Одағының батыры, генерал Сабыр Рахымов атындағы халық­ара­лық турнирде топ жарды. 2009 жылғы жастар арасындағы Азия чемпионатында қола жүлдегер атанды. 2010 жылғы ел біріншілігінде чемпион болды. Биыл үшінші жазғы спартакиадада еркін күрестен бас бәйгені қанжығаға байлады.

P.S.
Осыдан екі күн бұрын Дәулет Ниязбековті облыс әкімі Болатбек Қуандықов арнайы қабылдап, сый-сияпат көрсетті.
Жүздесуде облыс басшысы Дәулеттің жетістігі аймақ жұртшылығы үшін толағай табыс екенін айтып өтті. Сыр спортшысы аймақтағы талантты жастардың алдында Олимпиадаға берілген алғашқы жолдамаға ие болып отыр. 2008 жылғы Бейжіңдегі дүбірлі додада облыстан оннан астам үкілі үміттер бақ сынап қайтқан болатын. Енді Тұманды Альбиондағы жазғы Олимпиа­дада Дәулет үздік жетістігімен тілеулес елді ерекше қуанышқа бөлейді деген сенім бар. Облыс басшысы Дәулетке ризашылығын білдіріп, судай жаңа «темір тұлпардың» кілтін табыс етті.
Балуан да өз кезегінде жерлестеріне жылы лебізін білдірді. Олимпиадаға дайын­дық­ты қазірден-ақ бастап кеткенін айтты. Басты мақсаты Олимпиадада елдің атын шығарып, қазақтың аспан түстес жалауын көкте желбіретуге күш салу екенін жет­кізді.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста