Чемпиондар ауылдан шығады
Бокстан әлем чемпиондарын ұлықтау еліміздің әр өңірінде жалғасып жатыр. Осы демалыста өз чемпионы Жәнібек Әлімханұлын Жыланды ауылы да күтіп алып, құрмет көрсетті. Ат мінгізіп, темір тұлпардың кілтін қолына ұстатты. Әлі де қошеметтер біткен жоқ.
Чемпион шыққан ауылдың тыныс-тіршілігімен танысып қайту мақсатында Алматыдан бір топ журналист жолға шықтық. Алакөл ауданының орталығы Үшаралдан 80 шақырымдай беріде жатқан аядай ғана ауыл екен. Көршілес жатқан төрт ауылды біріктіріп, округтің орталығы болып тұр. Халқының саны 2000-нан сәл ғана асады. Жыланды деп аталуы да бекер емес. Бұл жайында ел аузында аңызға бергісіз небір деректер айтылып жүр. Соның шындыққа жанасатыны мынау болса керек: кезінде осы жерден жыландар көшетін болған көрінеді. Олардың көп болғаны соншалық – кейін осында мекен еткен адамдар жерге «Жыланды» деген атау беріпті. Ал ауылдың іргесімен Шынжылы өзені ағып жатыр. Өзге өзендерден айырмашылығын атынан-ақ байқап отырған боларсыздар, шынымен де бір температураны сақтап тұр. Суы қысы-жазы жып-жылы. «Күн суықта да осында шомылатындар табылады», – дейді жергілікті тұрғындар. Сол өзеннің бастауында ордалы жыландар әлі күнге дейін мекен ететін көрінеді. Бірақ зиянын шеккен ешкім болмапты. Негізі, Жыландының табиғаты да тамаша. Қысы жылы, жазы салқын. Қанша қар жауса да, аяқтан ызғар өтпейді екен. Кейде оқушылардың мектепке костюммен шығып кете беретіні де сондықтан болса керек. Жалпы, Әлімханұлынан бөлек, талай мықты спортшыларды шығарған аталмыш ауыл Мұхамеджан Тынышпаевымен мақтанады. «ЖерСу» корпорациясының басшысы, Алматы облысы бокс федерациясының президенті Бауыржан Оспанов та осы ауылда Жәнібекпен көршілес тұрады екен.
Сонымен не керек, Жыландыға да жетіп, халықтың Жәнібекке деген қошеметін бірден байқадық. Чемпион оқыған мектепті, жаттыққан спортзалын араладық. Ауылы алақанына салып, көтеріп жүр. Бәрі де құшақ жая амандасып, қаумалап суретке түсіп жатыр. «Сенің түбі әлем чемпионы болатыныңды баяғыда-ақ білген ем», – деп арқасынан қағып жатқандары да жетерлік. Немерелерін ертіп ақсақалдар жүр. «Балам, мына бауырыңа ырымын жасап, қолын алып қойшы, сен секілді чемпион болсын», – деп өбектеп жүр. «Айналайын, балам, осы бетіңнен тайма! Биіктерді бағындыра бер! Рақмет, саған», – деп Жәнібектің маңдайынан иіскеп, ауылдың әжелері де ақ тілектерін жаудыруда. Чемпионның әкесі Әлімхан мен шешесі Зәуре де бүгін өте бақытты. Сыр білдірмеуге тырысса да, ауылдастары «Әлөшка, Зәуреш, балаларың жарады. Осындай ұлды өсірген сендерден айналайын», – деген сайын төбелері көкке бір елі ғана жетпей тұрғандай.
– Үш ұлым бар. Солардың ішінде ортаншым Жәнібек спортқа бейім болды. Кішкентайынан былғары қолғабын қолынан шешпейтін. Бокспен бірінші сыныптан бастап айналысты. Енді, міне, чемпион атанып, халқын қуанышқа бөлеп жатыр. Мына кездесуі оңай болды, мынауы қиын болды деп айта алмаймын. Ешқайсысы оңай болған жоқ. Әр жекпе-жегін жүрегімді ұстап отырып тамашаладым. Көптің тілегі қабыл болып, ұлым әлем чемпионы атанды. Бұл – менің ғана емес, барша Алаш жұртының қуанышы. Жыландының ғана емес, бүкіл Қазақстанның жеңісі, – деп ағынан жарылған Әлімхан ағамызға Алматы облысы бокс федерациясының президенті су жаңа «Нива» автокөлігінің кілтін ұстатты. Жәнібекті «Тойота Прадо» көлігіне мінгізді. Жеке бапкері Мұрат Қисымбаев та сыйақыдан құр қалмады. Оспанов оған «Тойота Камридің» соңғы үлгісіндегі көлігін табыстады. Ауыл әкімшілігінің де чемпионға дайындаған өз сыйы бар екен, аудандық, облыстық аламан бәйгелерде топ жарып жүрген сәйгүлікті атады. Шаршы алаңда талай мықтыны тырп еткізбеген боксшының мысы асау атты бірден жуасытып жіберген сияқты. Үзеңгіге оң аяғын салып, жалынан ұстап ыршып мінген Жәнібек тебінген күйі шауып кетті. Иә, қайсыбірін айтайық, шапан да жабылды, аймақтағы атымтай жомарттар да небір сәйгүліктердің тізгінін ұстатып жатты. Бірақ чемпионымыз өзінің бәз қалпын жоғалтқан жоқ. Әлем біріншілігіне дейін қандай болса, қазір де сондай қарапайым көрінді.
– Ауылда әлі біраз уақыт боламын. Атырауда өтетін Қазақстан біріншілігіне де бармайтын шығармын. Бауыржан аға «ауылда жатып, таза ауада демал» дейді. Осында бір ай боламын да, Мұрат аға екеуміз жаттығуға қайта кірісеміз. Ендігі жылы бізді Азия ойындары күтіп тұр. Одан кейін көзді ашып-жұмғанша Рио Олимпиадасы да келіп қалады. Сол жерде атой салуым керек, – деп қысқа ғана қайырды.
Жалпы, жақсының жақсылығын атап өтуіміз керек, Жыландының Алматы облысындағы алдыңғы қатарлы ауылдардың біріне айналуына «ЖерСу» корпорациясы президентінің тікелей қатысы бар. Кезінде құлдырап, құрдымға кетуге шақ қалған ауылды сақтап қалған да осы Оспанов. Жаңа ғасырдың басында ауыл балаларына арнап спорт клубын ашып берген. Алматы, Талдықорған қалаларынан білікті бапкерлерді арнайы шақырып, жағдайларын жасап, ауылға тартқан. Соның арқасында бокс, күрес, дзюдо, самбо сынды спорт түрлерінен талай мықтылар шығыпты. Олардың арасында халықаралық турнирлерді айтпағанда, ел чемпиондары атанғандары да жетерлік. Жәнібек те бокстың қыр-сырын сол клубта үйреніпті. Бұл – Бауыржан Кеңесбекұлының спортқа қатысты жасап жатқан жақсылықтары ғана. Одан бөлек, ауылға мәдениет клубын салып берген. Жастарға арнап саябақ ашып беріпті. Біз барардың алдында ғана ауылда физика-математика мектебінің ашылғанын естідік. Мұнда Алматы мен Талдықорған қалаларының жоғары оқу орталықтарында ұстаздық еткен профессорлар сабақ беруде. «Біздің ауылда 30 жасқа дейінгілер темекі шекпейді. Бәрі спортпен айналысады. Дүкендерде арақ, темекі дегендерің сатылмайды. Оған тыйым салынған», – дегенде, шыны керек, алғашында сенбеген едік, сөрелерден арақ түгіл, сыраны көрмегенімізде көзіміз жетті. Қысқасын айтқанда, халықтың Оспановқа деген ілтипаты зор. Оны халықтың Әлімханұлына айтқан тілектерінен-ақ байқадық. Нақты айтсақ, Жәнібекке тілек арнағанда міндетті түрде Бауыржан Кеңесбекұлының атын қосып жатты.
Иә, әлем чемпионы осындай ауылдан шықпағанда қайдан шығады?! Асыра сілтегеніміз емес, егер еліміздің әрбір аймағында, әрбір ауылында спортқа деген көзқарас Жыландыдай болса, онда Қазақстан құрамасын бүкіл республикадан емес, бір ғана ауданнан-ақ жасақтап шығаруға болар еді.