Бозкілемдегі жампоз балуандарымыз
Күрес – өткен дәуірдегі ежелгі Олимпиада ойындары бағдарламасына жүгіруден кейін енген екінші спорт түрі. Әрі қазіргі заманғы, яғни сонау 1896 жылы өткен бірінші Олимпиада ойындары бағдарламасына енген тоғыз спорт түрінің бірі болған. Қысқаша айтқанда, күрес – бағзы заманнан келе жатқан һәм төрткүл дүниеге кең тараған спорт түрі.
Қазақ халқы да белдесу өнеріне ерте заманнан ерекше көңіл бөлген. «Қазақ күресі» деген ұлттық құндылығымыз, төл өнеріміз де бар. Қазақ күресінің Орта Азия мен Кавказ халықтарының, сондай-ақ басқа де елдердің ұлттық белдесулерінің әдіс-тәсілдерін, айла-амалдарын қамтуы – оның жан-жақтылығын, шежіресі терең екендігін көрсетеді. Мәселен, қазақ күресінде балуандар негізінен түрегеп тұрып белдеседі. Бұл оның жауынгерлік өнерге тән екендігін меңзейді. Осы ұлттық өнерімізді мейлінше зерттеген ғалымдарымыз бен ойшылдарымыз «қазақ күресін жетік меңгерген балуан ешбір елдің белдесу және жекпе-жек түрлерінің хас шеберлеріне есе жібермейді, жеңілмейді» деседі.
Әлгі сөздердің тектен-тек айтылмағандығын, күш атасы Қажымұқан атамыз дәлелдеген. Грек-рим күресінен де, еркін күрестен де халықаралық турнирлерге қатысып, жеңімпаз атанған. Жүлдеге іліккен кездері де көп. Цирк өнерін де тез меңгеріп кетіп, талайларды тамсандырған. Атлетикалық мектептен дәріс алған. Күншығыс елі өкілдерімен жапонша да күрескен. 1909 жылы Швецияда кәсіпқой балуандар арасында әлем чемпионы атанған.
Қазақ даласында Қажымұқан Мұңайтпасұлына дейін де білекті балуандарымыз көп болған. Бұл тұрғыда Балуан Шолақ бабамызды, ағайынды Сәрсекей және Сентай балуандарды, Қызылбас балуанды, Боранқұл балуанды, Тәжі балуанды атап өтуге болады. Одан кейінірек те Битабар балуан, Таңатқан балуан, Шеріпбай балуан, Байғабыл балуан сынды аталарымыз да жойқын қара күштерімен ел есінде қалған. Ал Василий Ярков Қажымұқан атамызбен де, Иван Поддубныймен де күрескен.
Кеңес үкіметі тұсында да бозкілемде еліміздің абыройын асқақтатқан бозкілем шеберлері аз болған жоқ. Әбілсейіт Айханов ағамыз Олимпиада ойындары мен әлем біріншіліктерінің бірнеше дүркін чемпиондарын, есімдері төрткүл дүниеге мәшһүр даңқты балуандарды жеңіп, қазақтың қайсар халық екендігін шартарапқа паш етті. 1963 жылы Кеңес Одағының чемпионы болды. Амангелді Ғапсаттаров және Аманжол Бұғыбаев ағаларымыз да КСРО чемпиондары атанып, Кеңес Одағының спорт тарихына өз есімдерін алтын әріппен жаза білді. Өкінішке қарай, аты-жөндері аталған әйгілі ағаларымыз бен басқа да жампоз балуандарымыз әртүрлі себептермен Олимпиада ойындарына қатыса алмады. Әйтпесе төрт жылда бір өтетін дүбірлі додада топ жарып, жүлдеге іліккен қазақ балуандарының саны қазіргіден әлдеқайда көп болар да ма еді? Десек те, Кеңес Үкіметінің құрамында жүрген кезеңнің өзінде қазақ топырағынан шыққан таланттар тоқырау заманғы саясатқа бой бермей, халықаралық маңызды додаларда жеңіс тұғырына көтеріле бастады. Анатолий Колесов пен Анатолий Назаренко сынды жерлестеріміз бастаған жеңісті жолдарды біздің елдің намысын жыртқан Анатолий Быков, Валерий Резанцев, Владимир Бакулин сынды білекті балуандар іліп әкетті.
Осыдан кейін қазақ жігіттері де Олимп шыңын бағындырды. 1980 жылы Мәскеу Олимпиадасында грек-рим күресінен тұңғыш рет Жақсылық Үшкемпіров Олимпиада чемпионы атанып, қазақ халқын қуанышқа бөлесе, іле-шала Шәміл Серіков те осы ерен жетістікті қайталады. Әрі екеуі де әлем чемпионы атанып, мерейімізді тасытқан.
Бұдан соң Дәулет Тұрлыхановтың дәуірі басталды. Дәулет Болатұлы 1988 жылы Сеул Олимпиадасында күміспен күптелсе, 1992 жылы Барселона Олимпиадасында қола медаль жеңіп алды. Осылайша, Тәуелсіз Қазақстан қоржынына алғаш болып Олимпиада жүлдесін салған саңлақтарымыздың бірі атанды. Екі мәрте әлем чемпионатында топ жарып, КСРО чемпионатын жеті рет жеңіп алды. Сондай-ақ Еуропа мен Азияны да бағындырды.
Бақтияр Байсейітов 1995 жылы Прагада өткен әлем чемпионатында күміспен күптеліп, үш жылдан кейін, яғни 1998 жылы Швецияда алтынмен апталып, күллі қазақты қуантты.
Кеңес Үкіметі тұсында қазақ балуандарының ерен жетістіктерге қол жеткізулеріне Қабден Байдосов, Петр Матущак, Вадим Псарев, Владимир Угрениниов, Меркіжан Қошаев, Таңат Сағындықов сынды білікті бапкерлердің қосқан үлестері орасан зор болды.
1991 жылдан бастап күрес әлемінде де Тәуелсіз Қазақстан дәуірі басталып, бозкілемге балуандарымызды егеменді ел ретінде шығара бастадық.
1992 жылы Каталония жеріндегі жазғы Олимпиада ойындарының ашылу салтанатында қазақтың көк байрағын ұстап шыққан Дәулет Тұрлыхановтың грек-рим күресінен бір қола еншілегенін жоғарыда жаздық. Одан кейін 1996 жылы Атлантада өткен Олимпиада ойындарында Тәуелсіз қазақ еліне екі медаль бұйырды. Юрий Мельниченко грек-рим күресінен саф алтынға қол жеткізсе, Мәулен Мамыров еркін күрестен қола медаль жеңіп алды.
Негізі, Мәуленнің қола жүлдесінің алтынға бергісіздей маңызы зор болды. Себебі сол жылдары еркін күресімізде Ресейден келген балуандар көп еді. Солардың арасынан маңдайы жарқырап, жеңіс тұғырына көтерілген – жалғыз Мәулен бауырымыз. Әрі бұл Қазақстан балуандары үшін еркін күрестегі алғашқы Олимпиада жүлдесі болатын. Осылайша, Әбілсейіт, Амангелді, Аманжол сынды алдыңғы буын ағалары салған сара жолды Мәулен бауырымыз Олимп төрінде сабақтады.
Бір қызығы, күрестен алғаш рет Олимпиада чемпионы атанған грек-рим күресі шебері Жақсылық Үшкемпіров ағамыз да, еркін күрестен алғаш рет Олимпиада жүлдегері атанған Мәулен Мамыров бауырымыз да – жеңіл салмақта бақ сынаған саңлақтарымыз.
2000 жылы «Жасыл құрлықта» өткен Олимпиада ойындарында Ислам Байрамуковтың бағы жанып, күміс медаль олжалады. Ал 2004 жылы Афиныда өткен Олимпиада ойындарында үш балуанымыз үмітімізді ақтап шықты. Грек-рим күресінен Георгий Цурцумия, ал еркін күрестен Геннадий Лалиев күміс медаль иеленсе, Мкхитар Манукян (грек-рим күресі) қола жүлдегер атанды. 2008 жылы Қытайда жалауы желбіреген жазғы Олимпиада ойындары Қазақстан балуандары үшін аса сәтті дүбірлі дода болды. Нақтырақ айтар болсақ, Бейжің бозкілемінен Тәуелсіз қазақ еліне бес медаль бұйырды. Нұрбақыт Теңізбаев пен Әсет Мәмбетов грек-рим күресінен қола медаль еншілеп, егеменді еліміздің ерлерінің де жетіліп келе жатқандығын сомдай білді. Яғни бұлар – Тәуелсіз Қазақстанның өз қырандары мен төл тарландары. Жергілікті бапкерлердің тәрбиелеп шығарған жеке шәкірттері, шүмектетіп төккен терінің тырнақалды жемістері. Сол жолы Бейжің Олимпиадасында еркін күрес шеберлері де жоғары нәтижеге қол жеткізіп, Таймураз Тигиев күміс жүлдені, ал Марид Муталимов қола жүлдені қанағат тұтты. Әйелдер арасындағы еркін күресте Елена Шалыгина қола медаль иемденіп, қазақ спорты тарихында тың жетістікке түрен тартты.
Бозкілемдегі тартысты белдесулерден алар жүлделеріміз бен қол жеткізер жетістіктеріміз әлі де алда деп білеміз. Бұйыртса, келесі жылы Ұлыбритания төріндегі ХХХ жазғы Олимпиада ойындарында Нұрмахан Тынәлиев бастаған талантты балуандарымыз сенім үдесінен шығып, ел намысын абыроймен қорғайды деген үміттеміз. Соған жеткізсін...