Наурызда басталған Қазақстан чемпионатының бірінші кезеңі аяқталды. Екі айналымнан тұрған бұл кезеңде ««Ақтөбе» командасы үздік шықты. Жалпы, біріншіліктің ережесі бойынша қос алтылықты анықтап алдық. Жүлдеге таласатын алғашқы алты команданың қатарында «Ақтөбе», «Қайрат», «Астана», «Шахтер», «Қайсар», «Ордабасы» клубтары бар. Ал «Атырау», «Жетісу», «Ертіс», «Тобыл», «Тараз», «Спартак» енді Премьер–лигадағы орындарын сақтап қалуға тырысатын болады. Осы орайда бірінші кезеңдегі жағдайларды бір саралап алсақ.
Бізде де үлкен төрттік бар
Ағылшын Премьер-лигасындағы «Манчестер Юнайтед», «Ливерпуль», «Челси», «Арсенал» командаларын бұрындары «үлкен төрттік» деп атайтын. Сол секілді біздің біріншілікте де соңғы жылдары төрт команда алдыға суырылып шыға бастады. Олар: ««Ақтөбе», «Қайрат», «Астана», «Шахтер». Бұл төртеуі былтыр алғашқы төрт орынға жайғасқан еді. Биылғы маусымның бірінші кезеңнің қорытындысы бойынша да алғашқы төртікте тұр.
Орта жолда бапкер ауыстырғандар
Маусымның алғашқы кезеңінде 12 команданың сегізі бапкер ауыстырды. «Ақтөбе» Никитенконың орнына 34 жастағы ресейлік маман Владимир Газзаевты тағайындады. «Атырау» Анатолий Юревич пен Владимир Белявскийді еліне қайтарып, «Ақтөбенің» экс-бапкері Никитенкомен келісімшарт жасады. «Астана» болгар Станимир Стойловқа сенім артып отыр. «Тараз» Пайперсті қызметінен кетіріп, орнына Олимпиада чемпионы Евгений Яровенконы алдырды. «Тобыл» Армения құрамасының ойын деңгейін көтерген Вардан Минасянге сенім білдіргенімен, бұл бапкер де команданы үздік алтылыққа енгізе алмады. Дегенмен Вардан мырза қызметін жалғастырып жатыр. Сол секілді «Ертісте» Эстония құрамасының экс-бапкері Тармо Рюютлиді әкелген еді. Алайда Тармо Кереку клубының ойынын жандандыра алмады. Қазіргі кезде команда тізгіні Ойрат Сәдуовтің қолында. Есесіне, «Ордабасының» жаңа бапкері Саулюс Ширмялис команданы үздік алтылыққа қайта қосты. Литвалық маман әзірге сенім үдесінен шығып тұр.
«Қайсардың» қайсар қылығы
Қызылорданың «Қайсар» клубы осыдан бір жыл бұрын бірінші лигада доп теуіп жүрген еді. Ал қазіргі кезде үздік алтылыққа еніп отыр. Жаңа маусымда облыс әкімі Қырымбек Көшербаев бас болып, клубтың басшылары, бапкерлер құрамы, футболшылары толық жаңарды десек болады. Команданы қазіргі кезде еліміздегі ең танымал бапкерлердің бірі Дмитрий Огай жаттықтырады. Бұл маманның бай тәжірибесінің арқасында қызылордалықтар үздік алтылыққа кірді. Енді жүлдеге таласатын болады. Басшылар тарапынан көңіл бөлініп жатса, спорттың өрістейтіні белгілі емес пе? Қызылорда тек «Қайсардың» қамын ғана ойлап қоймай, балалар футболын да қолға алып жатыр. Инфрақұрлымға да баса назар аударып жатқанын соңғы кездегі жұмыстарынан байқап жүрміз.
Бразилиядан да футболшылар да келе бастады
Қазақстан чемпионатында осыған дейін Бразилиядан келген екі футболшы қайтыс болған еді. Алдымен 2006 жылы сол кездегі ең үздік легионерлердің бірі Нилтон Мендестің жүрегі тоқтап қалған. Бұл шабуылшы 2000 жылы Қазақстан чемпионатының ең үздік мергені атанған болатын. Одан соң 2010 жылы «Ертіс» сапында бір ғана ойын өткізген Даниэль Роберт те Павлодарда қайтыс болды. Футболшы «Қайратпен» ойнар алдында есінен танып қалған еді. Жоғарыда аталған қос футболшы өмірден өткеннен кейін «Ордабасы» сапында Вагнер Перейра деген бір шабуылшы болды. Бірақ аса жарытып ойнай қойған жоқ. 2012 жылы «Тобыл» Джоннес Маркес Де Соузамен, 2013 жылы «Астана» Зелао деген қорғаушымен келісімшартқа отырған еді. Бірақ екеуі де Қазақстанда көп тұрақтамады. Тіпті, соңғысы былтырғы жылғы еліміздегі ең қымбат трансфер болған. Биыл Бразилия футболымен тыныстаған ойыншылардың жаңа толқыны келе бастады. Атап айтар болсақ, Маркос Пиццели мен Данило Неко, Андерсон Сантана «Ақтөбенің» негізгі құрамынан ойып тұрып орын алды. Бұл ойыншылар өз нанын адал тауып жүр десек, өтірік болмас. Бразилияда туып-өскенімен кейіннен Беларусь азаматтығын алған Ренан Брессан өз шеберлігін көрсете алмады. Жақында «Астанамен» келісімшартын бұзып, Португалия чемпионатына ойысты.
Қанша легионер бар?
Қазақстан клубтарының еурододалардағы табысын сырттан келген легионерлермен байланыстыратындар көп. Бүгінгі күні Премьер-лигада доп теуіп жүрген шетелдік аяқдопшылардың саны 84-ке жетіп отыр. Сонымен қатар Қазақстан азаматтығын алған тағы 53 ойыншы бар. Сонда барлығы –137 легионер.
Тоневті ақыры қуып тындық
Қостанайдың «Тобыл» клубында өнер көрсетіп келген македониялық футболшы Никола Тонев осыдан біраз уақыт бұрын өзінің әлеуметтік желідегі парақшасына Қазақстан азаматтығын алғанын дәлелдейтін төлқұжаттың суреттің салған болатын. Осыдан кейін журналистер қауымы тиісті органдарға хат жазып, бұл істің ақ-қарасын анықтауды сұраған еді (оның арасында біз де бармыз.
Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі Тоневтің Қазақстан азаматы емес, суреттегі төлқұжаттың жалған екендігін анықтап, жауап хат жазды.
Осыдан соң Қазақстан футбол федерациясы арнайы комиссия құрып, бұл іске соңғы нүктені қойды. Бұл комиссияны ҚФФ вице-президенті Олжас Абраевтың өзі басқарды. Комиссия бірнеше жиын өткізіп, соның біріне «Тобыл» футбол клубының директоры Талғат Баймұратов пен осы клубтың ойыншысы Никола Тоневті шақыртқан. Алайда футболшы комиссия отырысына келмеген. Ал «Тобыл» клубының өкілдері дәл қазір Тоневтің команда сапында жоқ екендігін хабарлап отыр.
Түптің-түбінде Тәртіптік бақылау комитеті Тоневке қатысты нақты шешім қабылдады. Македониялық фуболшы Қазақстан чемпионатынан өмір бойы аластатылып, 500 000 теңге көлемінде айыппұл төлейтін болды. Ал футболшыны заңсыз тіркегені үшін «Тобыл» 700 000 теңге айыппұлмен қатар үш ұпайынан айырылатын болды.
Су ішкен құдығына түкіргені ме...
«Шахтер» сапында жарты маусым өткізіп, түк бітірмеген португалиялық Яго Фернандес еліне барған соң тілшілерге Қазақстан біріншілігін сынап сұхбат беріпті.
– Қазақстанда спорттық инфроқұрылым мүлде жоқ. Ол жақта өмір сүрудің өзі қиын. Мен Қазақстанда өткізген уақытымды өкінішпен еске алып, португалиялық футболшыларға ол жаққа бармауға кеңес беремін. Ол елге тек ақша табу үшін ғана баруға болады. Өйткені футболшыларға жалақы жақсы төленеді.
Фернандес бұл сөзіне ҚР Спорт және дене шынықтыру істері агенттігінің төрағасы Тастанбек Есентаев өз жауабын берген.
– Қазақстан футболы дамып келе жатыр деген ойдамын. Бүгінгі күні елімізде 480 мың адам әлемнің №1 спорт түрімен айналысады. Қазақстан чемпионаты тәуелсіздік алғаннан бері тұрақты түрде еш үзіліссіз өткізіліп келеді. Бірнеше лигамыз бар. Әрине, бұл кемшілік жоқ дегенді білдірмейді. Ол әрбір менеджердің немесе бапкердің өз міндетіне қалай қарайтынына байланысты.
Әркімнің өзінің жеке пікірі болғаны дұрыс. Дегенмен португалиялық футболшының қаншалықты дәйекті пікір келтіргенін қазір нақты айта алмаймын. Ол үшін алдымен талдау жүргіземіз. Содан кейін өз жауабымызды беретін боламыз, – деді Тастанбек мырза.
Алдымен таяқ жеді, артынан сотталды
Биылғы біріншіліктің алғашқы кезеңінде небір қызықтар болды. «Ертіс» футбол клубының директоры болған Халимжан Ержановты белгісіз біреулер сабап кеткен еді.
«Ертіс» клубының директоры жалға алып тұратын пәтердің жанында беттерін тұмшалап алған белгісіз екеу клуб директоры Халимжан Ержанов пен спорт директоры Болат Ысқақовты арнайы темір құрылғымен бірнеше қайтара ұрады.
Осыдан соң Ысқақов мырза жедел түрде ауруханаға жеткізіліп, операция жасалды. Ал Халимжан Ержанов болса, басы жарылып, қан тамырлары ісіп кетсе де, ауруханаға жатпаған еді.
«Бір айналдырғанды, шыр айналдырады» деген, Халимжан мырзаның басына түкен іс мұнымен де тоқтамады. Қостанайда 2012-2013 жылдары спорт бөлімін басқарғанда 85 миллион теңгені орынсыз жұмсапты. Сол істің ақ-қарасын тексерем деген қаржы полициясы Ержановтан жауап алмақшы болады. Тергеу барысында мырзамыз тергеушіге 6 мың АҚШ доллары көлемінде пара ұсынады. Бірақ тергеуші бұл параны алмай, Халимжанды сол жерде тұтқындады. Кейіннен іс сотта қаралып, үкім шығарылды. Дегенмен кесілген жаза көп адамның көңілінен шықпай тұр. Қылмыскерге жеңілдік жасалып, тек алты жылға шартты түрде сотталды. Іс осымен тәмәм. Негізі мұндай жағдайда бас бостандығынан айыратын еді, Халимжан мырза несімен жақты екен?!
Голды көп соғатын команда
Бірінші кезеңнің қорытындысы бойынша ең көп гол соққан команда «Қайрат». Алматылық ұжым қарсыластар қақпасына 41 доп соғыпты. Біріншіліктің алғашқы үш турында еш нәтиже көрсетпеген Вайсс шәкірттері бірте–бірте бауырларын жаза түссе керек. Әсіресе, ««Ақтөбемен» болған матчта «аспаннан жауған» гол команданы көтеріп кетті. Ал Семейдің «Спартагы» керсінші өз қақпасына 41 гол жіберіп алды.
Голды көп соққан командалар:
1. «Қайрат» – 41
2-3. «Ақтөбе» – 34
2-3. «Астана» – 34
4. «Шахтер» – 33.
Мерген шабуылшылар
Жылда жаңа маусым басталған кезде қазақстандық шабуылшылардан қайсысы мергендер көшіне ілесе екен деп тақым қысып отыратынымыз жасырын емес. Бірақ соңғы жылдары ондай ойыншыны көзіміз көріп жүрген жоқ. 2009 жылы Мұрат Тілешев «Ақтөбеде» жүргенде Александр Голбанмен бірге 20 доп соғып еді. Одан бергі жылдары Ұлықбек Бақаев пен Игорь Зенькович үздік шықты. Кешегі Олег Литвиненко, Андрей Мирошниченко, Нүркен Мәзбаев, Виктор Антонов, Мұрат Тілешевтердің ізін басатын мергендер көрінбейді. Қайта сол Мұрат 7 доп соғып, легионерлермен тайталасып жүр. Жастардан Бауыржан Жолшиев пен Аслан Дарабаев 6 гол енгізген.
Ал бірінші кезеңнің қорытындысы бойынша сұрмергендер:
1. Константин Дудченко («Ертіс») – 10 гол
2. Милош Трифунович («Атырау») – 9
3. Римо Хунт («Қайсар»), Фокси Кетевоама («Астана»), Михрет Топчагич («Шахтер») – 8.
Бірінші кезеңнің қорытындысы
Турнир кестесі 1–6 орындар
7–12 орындар
Екінші айналым кестесі:
23–тур
23 тамыз
«Ақтөбе» – «Ордабасы»
«Спартак» – «Тараз»
«Тобыл» «Атырау»
«Ертіс» – «Жетісу»
24 тамыз
««Астана» » – «Қайрат»
«Шахтер» – «Қайсар»
24–тур
29 тамыз
«Ордабасы» – «Қайсар»
«Қайрат» – «Шахтер»
«Тараз» – «Жетісу»
«Атырау» – «Ертіс»
«Спартак» – «Тобыл»
31 тамыз
«Ақтөбе» – «Астана»
25–тур
14 қыркүйек
«Астана» – «Ордабасы»
«Шахтер» – «Ақтөбе»
«Қайсар» – «Қайрат»
«Тобыл» – «Тараз»
«Ертіс» – «Спартак»
«Жетісу» – «Атырау»
26–тур
20 қыркүйек
«Ордабасы» – «Қайрат»
«Ақтөбе» – «Қайсар»
«Астана» – «Шахтер»
«Тараз» – «Атырау»
«Спартак» – «Жетісу»
«Тобыл» – «Ертіс»
27–тур
28 қыркүйек
«Шахтер» – «Ордабасы»
«Қайсар» – «Астана»
«Қайрат» – «Ақтөбе»
«Ертіс» – «Тараз»
«Жетісу» – «Тобыл»
«Атырау» – «Спартак»
28–тур
3 қазан
«Жетісу» – «Тараз»
4 қазан
«Қайсар» – «Ордабасы»
«Шахтер» – «Қайрат»
«Астана» – «Ақтөбе»
«Ертіс»– «Атырау»
«Тобыл» – «Спартак»
29–тур
18 қазан
«Ордабасы» – «Астана»
Ақтөбе – «Шахтер»
«Қайрат» – «Қайсар»
19 қазан
Тараз – «Тобыл»
«Спартак» – «Ертіс»
«Атырау» – «Жетісу»
30–тур
25 қазан
«Атырау» – «Тараз»
«Ертіс» – «Тобыл»
26 қазан
«Жетісу» – «Спартак»
«Қайрат» – «Ордабасы»
«Қайсар» – «Ақтөбе»
«Шахтер» – «Астана»
31–тур
1 қараша
«Ордабасы» – «Шахтер»
«Астана» – «Қайсар»
«Ақтөбе» – «Қайрат»
Тараз – «Ертіс»
«Тобыл» – «Жетісу»
«Спартак» – «Атырау»
32–тур
9 қараша
«Ордабасы» – «Ақтөбе»
«Қайрат» – «Астана»
«Қайсар» – «Шахтер»
«Тараз» – «Спартак»
«Атырау» – «Тобыл»
«Жетісу» – «Ертіс»