Белградты бағындырған балуан
Қазақ дзюдошылары Бейжің Олимпиадасынан бері қарай жанкүйерлерін жеңістерімен қуантып келеді. Алынбай жүрген асулардың бірін Асхат Жіткеев бағындырған. Сол Асхат салып кеткен жеңісті жолды бүгінде оның лайықты ізбасарлары жалғастыруда. Солардың бірі – Бақытжан Төребеков. Жастайынан күрес түрлеріне ынтасы ауған ол жеткіншектер арасында да біршама жетістіктерге қол жеткізді. Ересектер арасында енді ғана томағасын сыпырған Бақытжан осынау байрақты бәсекеде азулы қарсыластардай тайсалмай, финалға дейін жетті. Универсиаданы мамандар Олимпиада ойындарынан кейінгі екінші дәрежелі дода ретінде бағалайды. Сондықтан да Бақытжанның қол жеткізген күмісі көңіл қуантарлықтай. Айта кетейік, Белград татамиінде 35 елдің дзюдошылары өнер көрсеткен болатын. Сербия жеріндегі универсиада ойындарының күміс жүлдегерімен аз-кем сұхбаттасқан едік.
Бақытжан ТӨРЕБЕКОВ
Туған жері: Түркістан қаласы
Ұлты: Қазақ
Салмақ дәрежесі: 60 келі
– Бақытжан, боз кілемге келуің қалай болды?
– Мен өзі оңтүстіктің киелі жері Түркістанда дүниеге келдім. Мектеп жасынан күреске аңсарым ауып, сол жердегі Қайрат Жұпарбеков ағамыз дайындайтын күрес үйірмесінің табалдырығын 10 жасымда аттадым. Негізі, біздің аймақта қазақша күрес пен самбо кең қанат жайған. Алайда аңсарым дзюдоға ауды. Сол мақсатпен күрестің осы түрімен түбегейлі айналысуды ұйғардым.
– Дегенмен біздің білуімізше, бүгінде сен Алматыда тұрасың. Түркістандық бозбала оңтүстік астанаға қалай тап болды?
– Ел ішіндегі турнирлер мен байрақты бәсекелерде жүлдеге ілініп, көзге түсіп жүрдім. Алайда өз жерімде жүрсем, сол қалпымда қалып қоятынымды түсініп, Алматыға көшуді мақсат тұттым. Сөйтіп Алатау баурайындағы Каркен Ахметов атындағы дарынды балаларға арналған спорт колледжіне құжат тапсырдым. Іріктеу емтихандарынан сүрінбей өттім де, бірден колледжге қабылдандым. Сөйтсем, сол кездегі дзюдо бөлімінің аға бапкері Самат Жылқыбаев ағай мені сыртымнан таниды екен. Бұрындары белдесулерімді көріп жүріпті. Сондықтан да сол кісінің қол астында шеберлігіміді ары қарай шыңдай бастадым. Самат ағайымыз бұл күндері ұлттық құрама сапында жақсы өнер көрсетіп жүрген Ринат Ибрагимов, Ұлан Рысқұл секілді белгілі балуандардың бапкері ғой.
– Содан бері белгілі бапкер Самат Жылқыбаевтың қол астындасың ғой?
– Толассыз еңбек пен жаттығу өз жемісін беріп жатыр деп ойлаймын. Бұл үшін Самат ағамыз да өлшеусіз еңбегін сіңірді. Алдымен жасөспірімдер арасында бағым ашылды. Артынша жастар арасында Қазақстан чемпионаттарында топ жарып, әртүрлі жүлделерге ілініп жүрдім. Ал биылдан бастап ересектер арасында белдесіп жүрмін. Алғашқы нәтижем, міне, өздеріңіз куә болғандай, күміс жүлде. Бірақ бұл бірінші баспалдақ қана деп сенемін. Бұдан да биік асуларды бағындыруым керек.
– Бақытжан, енді универсиададағы кездесулерге тоқтала кетсек. Бір қарағанда, сіз финалдық кездесудің басында ширақ қимылдап жүрдіңіз. Алайда кездесу ортасынан ауа басымдылықты қарсыласыңызға беріп қойдыңыз. Жарақат алып қалған жоқсыз ба?
– Шынын айту керек, тәжірибем аздық етті. Жастық жалынмен басында қарсыласымды бір-екі мәрте лақтыруға талпынып едім. Артынша оның оңайлықпен жеңісті бермейтіндігін түсіндім. Бірақ кездесу соңына дейін бар күшімді салып белдестім. Өкінішке қарай, талай халықаралық сындарда жүлде алып, тәжірибе жинақтаған қызғалдақтар елінің өкілі Жерон Мурен алдырмады.
– Ал Белградтағы басқа қарсыластарыңыз жайлы не айтасыз?
– Финалға дейінгі қарсыластарым да өте күшті болды. Мәселен, ширек финалда жақында ғана аяқталған Азия чемпионатының күміс жүлдегері, өте тәжірибелі оңтүстіккореялық Ванг Хион Чоймен белдестім. Тек соңғы сәтте одан бұрын қимылдап, ұпай алып үлгердім. Кездесу уақыты аяқталмағанда, кім біледі, кәріске жол беріп қоюым ғажап емес еді. Армениялық Артур Срапянмен жартылай финалда жолықтым. Тау халқы өкілдерінің қара күшке бейім келетіндігі белгілі ғой. Ол да сақ қимылдап жүр. Алайда кездесудің орта тұсынан ауа бергенде өзіме қарай ұмтылып келе жатқан Срапянды жағасынан ұстадым да, басымнан асыра лақтырып жібердім. Төреші «иппон» деп айғай салды. Сол сәтте риза болған көрермендер де ерекше ықыласпен қол соқты.
– Алға қойған мақсатыңыз қандай?
– Ол біреу-ақ. Әлем және Олимпиада шыңдарын бағындырсам деймін. Жақында Роттердамда әлем чемпионаты өтеді. Менің салмағымда белдесетін Саламат Отарбаев ескі жарақатынан айығып үлгермепті. Бас бапкер Ербол Қырғызбаев 60 келі салмақта қосалқы құрамдағы бірнеше балуанды Қарағандыдағы жиынға шақырды. Қайсымыздың шеберлігіміз басым болса, сонымыз ұлттық құрама сапында әлем чемпионатына барамыз. Егер де Роттердам татамиінде белдесудің сәті түсіп жатса, онда ұлт абыройы үшін бар күш-жігерімді аямаймын.