Бейбіт Шүменов тағы бір бап бойынша жауапқа тартылуы мүмкін
Балалардың құқығын қорғау жөніндегі уәкіл Динара Закиева Астанада төбелескен боксшы Бейбіт Шүменовті тағы бір бап бойынша жауапқа тартуды талап етті, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі "Sputnik Қазақстан"-ға сілтеме жасап.
Омбудсмен ішкі істер министрлігіне боксшының әрекеті бойынша өтініш түсірген. Оның айтуынша, Шүменовті Қылмыстық кодекстің тағы бір бабы бойынша жауапқа тарту керек. Себебі ол жәбірленушінің қолында бала болған.
"Министрлікке жәбірленушінің қолында болған баланың өмірі мен денсаулығына қауіп төнгенін ескеру қажеттілігін жеткіздім. Баланың қауіпсіздігіне қауіп төнгенін әлеуметтік желіде жарияланған видео растайды. Сол себепті бұл жағдайда тұлғаны жауапкершілікке "Қорқыту" атты Қылмыстық кодекстің 115-бабы бойынша тарту қажет", - деп жазды Закиева әлеуметтік желідегі парақшасында.
Оның сөзіне қарағанда, қазіргі заңнамада баланың қауіпсіздігі мен денсаулығына қауіп төндіретін жағдай туғызу үшін жауапкершілік қарастырылмаған. Осыған байланысты мәжіліс депутаты тиісті ұсыныстарды енгіземін деп отыр.
"Жалпы кез келген жағдайда біз, ересектер балалар туралы ойлауымыз керек деп санаймын", - дейді омбдусмен.
Айта кетері, бокстан бұрынғы әлем чемпионы Бейбіт Шүменов Астанадағы сауда орталығында баланы ұстап отырған ер адамды соққыға жықты.