АІВА-ның қолдауымен WSB бокс турнирі жаңа маусымын бастады. Өкінішке қарай, Қазақстанның «Астана арландары» бұл маусымды жеңіліспен бастады.
Естеріңізде болар, жақында елордамызда Қазақстан бокс федерациясының алқалы жиыны өтіп, сол кезде федерация басшысы Тимур Құлыбаев команда басшыларына қатаң ескерту жасаған болатын. Бірінші маусымда бас жүлдеге қол жеткізе алмағандарын масқараға балап, егер алдағы маусымда ең биіктен көрінбесе, қаржыдан қағылатындықтарын да айтқан. «Командадан қаржы аяп жатқан жоқпыз. Ал осынша қолдау көріп отырып, жеңіске жете алмасаңыздар, онда жағдай басқаша болады. Сіздерге құйған қаржыны әуесқой боксқа аударатын боламыз», — деп кесіп айтқан болатын Тимур Асқарұлы.
Алайда бұл ескерту «арландарға» сабақ болмаған секілді. Рас, жаңа маусым алдында құрамын біраз талантты боксшылармен күшейтті. Әділет Егізеков, Дәурен Елеусінов, Данияр Үстембаев, Досжан Оспанов сынды сайыпқырандарды қатарына алдыртты. Бірақ сонда да бірінші жекпе-жек кеші сәтті болмады. АҚШ-та «Лос-Анджелес матадорларымен» жұдырықтасу кешін өткізген жерлестеріміз 2:3 есебімен жеңіліп қалды. Тек командаға жаңа қосылған дарынды боксшы Әділет Егізеков пен таныстыруды қажет етпейтін Қанат Ислам ғана өз айқастарын жеңіспен аяқтай алды. Алғашқы екі раундта қарсыласына баппен соққы жасап жүрген Қанатты төрешілер де ұпайдан қаққан жоқ. Тек үшінші раундтан кейін ғана бір төреші Қанатқа аз ұпай беріп қойды. Сол-ақ екен, төртінші раундқа адуынмен шыққан жерлесіміз қарсыласын бірден нокаутқа жіберді. Ал қалған үш боксшымыз жеңіліп қалды.
«Лос-Анджелес матадорлары» (АҚШ) – «Астана арландары» (Қазақстан) – 3:2
Роуш Варрен – Хабибулла Исмаил-Ахунов – 3:0
Эрик Фаулер – Әділет Егізеков – 1:2
Рассэлл Лямур – Қанат Ислам – :+ (нокаут)
Вячеслав Шабанский – Рамжон Ахмедов – 3:0
Хавьер Торрес – Досжан Оспанов – 2:1
«Арландар» алғашқы айқасында жеңіліп қалды
Последние статьи автора