Ақтық айқастағы тепе-теңдіктер
Талдықорғанда бокстан жасөспірімдер арасындағы Қазақстан чемпионаты аяқталды.
Финалдық жекпе-жектер өте шиеленісті өтіп, төрт кездесуде тең ұпай тіркеліп, жеңімпаз төрешілердің ұйғарымы бойынша аяқталды. Ал үш жекпе-жекте жеңімпаз бір ұпай айырмашылығымен ғана басым түсті. Осыған қарап, «біздің елде ізбасарлар арасындағы бокс қайта жанданып келе жатыр ма» деп қуанып қалдық.
Алайда былтыр Астанада өткен әлем чемпионатында жалғыз алтын әперіп, көңілімізді жабырқатқан. Сондықтан өрендерімізге алдағы додаларда бұдан жоғары жетістіктерге қол жеткізу тапсырылып отыр. Осы біріншіліктің қорытындысы бойынша жасөспірімдер арасындағы құрама жаңадан жасақталады. Былтырғы әлем чемпионатында ел намысын қорғаған бірнеше былғары қолғап шебері Жетісудың бас қаласында бақ сынап, солардың екеуі ел чемпионы болды.
Сонымен ең жеңіл салмақта қарағандылық Абылайхан Тұрмаханбет пен шымкенттік Иван Ковалев бас жүлдені сарапқа салған. Жекпе-жек 10:10 есебімен тең аяқталып, төрешілер жеңісті қарағандылық былғары қолғап шеберіне берді. Сол секілді 46 келіде де Петропавлдан келген Диас Әлімбай мен кеншілер қаласының тағы бір өкілі Максим Гончаров арасындағы айқас та 8:8 есебімен аяқталып, төреші солтүстіктің боксшысының қолын көтерді. 54 келі салмақта есеп 13:13 болып тіркелді. Әлем чемпионатында бақ сынаған шымкенттік Рауан Затулла мен қарағандылық Абылайхан Жүсіпов кездесуінде төрешілердің бүйрегі Затуллаға бұрды. 75 келі салмақтағы алматылық Дәурен Өтепбай мен қостанайлық Темірлан Қабиев арасындағы айқаста қостанайлық боксшының мерейі үстем болды. Қалған салмақтарда Азамат Нұркенов (48 келі), Қуаныш Нұрмұханов (50 келі), Нұрзат Қамысбек (52 келі), Саят Мұратбеков (57 келі), Жалғасбай Қазыбай (60 келі), Аян Қалыбеков (63 келі), Бекболат Есен (66 келі), Рамазан Тәуекел (70 келі), Мадияр Нұрғалиев (80 келі) жеңімпаз атанды. Аса ауыр салмақтағы ақтық сында жергілікті боксшы Қуаныш Мырзаханов бірнеше мәрте жекпе-жек ережесін бұзғаны үшін шаршы алаңнан шеттетіліп, жеңіс мерзімінен бұрын қостанайлық Евгений Слободенюкқа берілді.