Бүгін Алматы қаласының Республика сарайында «Қазақстан спортшылары Үндістан құрамасына қарсы» айдарымен ережесіз жекпе-жек кеші өтеді. Соған байланысты кеше кештің басты ұйымдастырушысы Ардақ Назаров бұқаралық ақпарат құралдарына арнап баспасөз мәслихатын өткізген еді.
Баспасөз мәслихатына Ардақ Назаров, Бекнар Аманбаев, «Бейбарыс» кәсіпқой спорт клубының бас бапкері Сағатбек Мұсаханов, бүкіләлемдік ережесіз жекпе-жек федерациясының президенті Георгий Кобылянский, панкратионнан Азия федерациясының президенті Суреш Гопи және Үндістан құрамасының өкілдері қатысты. Естеріңізге сала кетейік, бұл жолы кештің басты жекпе-жегі 60 келі салмақ дәрежесіндегі жерлесіміз Бекнар Аманбаев пен үндістандық Кумар Ануп арасындағы айқас болмақ. Осы екеуінің жеңіске жеткені өз салмағында бүкіләлемдік чемпиондыққа таласуға мүмкіндік алады.
– Кумар Ануп маған лайықты қарсылас атанады деп ойлаймын. Қалай дегенмен, ережесіз жекпе-жектен Үндістанның ең мықты спортшысы ғой. Азияда да алдыңғы қатарда жүрген көрінеді. Дегенмен өз жанкүйерлерімнің алдында мен де қарап қалмаспын. Кумар екеуміз көрермендердің құмарын қандырамыз, – деп ағынан жарылды Бекнар Аманбаев.
Сондай-ақ 63,5 келі салмақ дәрежесінде жұдырықтасатын кәсіпқой боксшымыз Жанқош Тұраровтың да қарсыласы анықталды. Ол – екі дүркін Олимпиада чемпионы ресейлік Алексей Тищенконың спаринг серіктесі болған Станислав Бельников деген боксшы. Әлбетте, Тищенконың жанында жүрген боксшының әлсіз болмайтыны белгілі. Яғни, бұл – Жанқош пен Бельников арасындағы жекпе-жек те тартысты өтеді деген сөз.
Сөзімізді түйіндей келе айтарымыз, бүгінгі ережесіз жекпе-жек кешінің билеттері 1000 теңге мен 5 мың теңге аралығын құрайды. Ал түскен қаржының барлығы балалар үйлеріне аударылады.