Алматы әкімдігі ArtSport бағдарламасын іске асыру тетігін жетілдірді. Ол үшін Damubala.kz жаңа платформасы әзірленді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бұл туралы қала әкімі Ерболат Досаев елордада орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде айтты.
«Қоғамда әлеуметтік шиеленіс тудырған artsport.edu.kz платформасындағы проблемаларды ескере отырып, жаңа платформаны белгілеу үшін конкурстар өткізілді. Ашық конкурспен жаңа www.damubala.kz. платформасы белгіленді. Сабаққа қатысу ата-аналардың электрондық цифрлық қолтаңбасы арқылы балалардың деректерін растап, QR-код бойынша жүргізіледі. Бұл «тізімде жоқ адамдардың» болуы және сабаққа қатысудың бұрмалану фактілерін барынша жоюға мүмкіндік берді», - деді Ерболат Досаев.
Қала әкімінің айтуынша, енгізілген «1 бала = 1 ваучер» принципі балаларды тегін үйірме және секциямен қамтуды барынша арттыруға мүмкіндік береді.
2023 жылғы 5 айда 65,1 мың ваучер берілген.
Сонымен бірге, 2023 жылы мемлекеттік шығармашылық және спорттық тапсырыстарды қаржыландыруды іске асыруға 16,2 млрд теңге бөлінген.
Бұған дейін ArtSport бағдарламасы Алматыда басқа атаумен жүзеге асатыны хабарланған еді.