Алматыда Амангелді Сейітханов атындағы турнир өтіп жатыр
Алматыда журналист, спорт комментаторы, айтыскер ақын, публицист, Амангелді Сейітхановты еске алуға арналған футболдан республикалық турнир өтіп жатыр, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.
Биыл Амангелді Сейітхановты еске алуға арналған спорттық шарасы екінші рет ұйымдастырылып отыр. Республика деңгейіндегі шағын футбол турнирін ұйымдастырушы – «Хабар» Агенттігі» АҚ ұжымы.
Турнирге Талдықорған, Алматы, Астана, Тараз, Шымкент, Түркістан, Қызылорда және Атырау қаласынан командалар келуге өтініш берді. Жалпы он алты команда қатысты.
Біздің басты мақсатымыз - журналистердің басын қосып, ағамызды еске алу. Бұл жарысты журналистер асыға күтті. Қазіргі уақытта іріктеу ойындары болып жатыр. Жеңімпаздар іріктеліп, өзара сынға түспек. Биыл ұтыс қоры қомақты. Бас жүлде алғандар 500 000 теңге еншілейді. 4-ші орын алған командаларға да жүлде тағайындалып отыр. Жартылай финалға шыққан команда құр қайтпайды. 200 000 теңге сыйлықақы алады. Болашақта бұл турнирді халықаралық деңгейде ұйымдастырсақ деген ойымыз бар. Алыс-жақын шет елден әріптестеріміз қатысады деген ойдамыз, – дейді Амангелді Сейітхановтың шәкірті Жандос Айтбайұлы.
Турнир жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне қаржылай сыйлық беріліп, арнаулы кубок пен медальдар табысталады.