Кеше Астанада көркем гимнастикадан IV Азия чемпионатының алғашқы медаль жиынтығы сарапқа салынды.
Командалық сайыста Қазақстан құрамасына тең келер ешкім болмады. Тал шыбықтай мың бұралған қыздарымыз өзгелерден қара үзіп, алғашқы алтынды «қалпақпен ұрып» алды. Ел намысын Әлия Юсупова, Анна Алябьева, Марина Петракова, Мизина Исмаилова сынды гимнасшы қыздарымыз қорғады.
Екінші орынды Корея қыздары иеленіп, Өзбекстан құрамасы үшінші орынды өңгеріп кетті. Өзбекстан қыздарының бағына орай, іріктеу сынында үшінші орынды иеленген Жапония қыздары кеше финалдық сайыста қателік жіберіп, қола жүлдеден айырылып қалды.