«Су жаңа жекпе-жек түрінен республикалық федерация құрылды» деген соң, «Түгел» баспасөз клубына жетіп бардық. Жаңа жекпе-жек өнері «Алаш алыспағы» деп аталады екен. Негізін қалаушы – Аманжол Түберов. Пір Бекет жерінде, Маңғыстау облысында пайда болған жекпе-жектің бұл түрінен жарыс өткізу лицензиясы әзірге облыстық деңгейде ғана. Ендігі мақсаттары – республикалық деңгейде лицензия алып, осы спорт бойынша ел чемпионаттарын өткізу.
«Алаш алыспағы» деп аталған жекпе-жек спортын 1995 жылы ашқан болатынбыз. 2006 жылы Әділет министрлігінде ресми түрде тіркедік. Атауын да қазақ дүниетанымына жақын етіп «Алаш» дедік. Ал «алыспақ» деген сөзді орыстың «рукопашный» деген сөзіне жақын келген соң алдық», – дейді Аманжол Түберов. Оның айтуынша, бұл тек ұлттық спорт болады. Спорт киімін де ұлттық нақышта жасаған. Қазақтың иісі аңқысын деп шалбарларына ою салып, жейдесіне еліміздің туын және «Алаш алыспағы» спортының таңбасын қойыпты. Тіпті жекпе-жек алаңы да ұлттық сарындағы жасалған шеңбер түрінде. Жекпе-жекке түсер алдында қарсыластар бір-бірімен қазақ дәстүрімен амандасады екен. «Қазір шығыс жекпе-жек мектебінің қай түрін алсаң да, сәлемдесуіне дейін өздерінің наным-сенімдеріне сай жасаған. Біз де қазақыландырып жібердік», – дейді Аманжол Жұмабайұлы.
Кемшіліксіз дүние болмайды, сол жерге жиналғандар «Алаш алыспағы» спортының таңбасына (эмблемасына) бір ауыздан қарсылықтарын білдірді. Ондағы ру-тайпаларға тән таңбаларды басқа дүниемен алмастыру жайында ұсыныс тасталды. Мәселен, «Алаш дүниетанымына жақын шаңырақтың да таңбада көрініс табуы қажет» деген пікірлер айтылды. Сосын эмблемадағы ою да қазаққа жат. «Қазақтың емес, будданың оюына көбірек ұқсайды екен» дегендер де болды.
Ең сорақысы, таңбадағы жазудың «Тюркское боевое искусство – стиль Алаш» деп орыс тілінде болуы жұрттың ашуын туғызды. «Спорттан қазақы иіс аңқып тұруы керек» дегендердің сөзі мен ісі эмблемада көрініс таппағаны ыңғайсыз екен. А.Түберов осы кемшіліктің бәрін түзетуге уәде берді.
Ал, негізінен, «Алаш алыспағы» спорты қолдауға тұрарлық дүние екеніне дау жоқ. Тек жетілдірсе болғаны. Қазіргі күні Маңғыстау облысында спорттың осы түрінен бірнеше рет жарыс та ұйымдастырылған. Жаңа жекпе-жек өнерінің бастауында тұрғандар әлі-ақ әлемдік деңгейге көтерілетіндеріне сенімді.
«Алаш алыспағы» – жаңа жекпе-жек түрі
Последние статьи автора