Бүгінде қазақтың жүйкесі сыр беріп тұр. Онсыз да саны аз халқымыздың екі пайызына жуығы психоневрологиялық диспансерлерде тіркеуге алынған, бұл – 300 мыңның үстіндегі адам. Дертке шалдыққандарды дер кезінде оқшауламаса қоғам үшін қауіпті екені белгілі. Бірақ қазақтың жалпақ тілінде «жындыхана» аталып кеткен психоневрологиялық ауруларға арналған интернат-үйлер жетіспей жатыр бүгінде.
Психикасы бұзылған адамдардың нақты санын білу әлемнің қай елін алып қарасаңыз да мүмкін емес. Әркім әртүрлі жолмен есептейді. Бұрынғы кеңестік елдер құрамында болған мемлекеттер сырқаттардың санын психоневрологиялық диспансерлерде тіркеуде тұрғандардың тізіміне қарап шығаратыны белгілі. Дегенмен емханаға ауруы асқынғандар ғана келетіні белгілі, ал психикалық сырқаттың жеңіл түрімен ауыратындар назардан тыс қалып отыр. Дегенмен де 17 миллионға жетер-жетпес халқымыздың төрт пайызы жүйке ауруына шалдығып, тіркеуге алынғанының өзі көпті ойландыруы қажет. Ал тіркелмегені қанша?
Аталмыш аурулардың саны ғана емес, дерттің қалай және неден пайда болатыны да нақты мәлім болмай тұр. Медицина қанша жерден дамып кетті дегенімізбен дәрігерлерге әзірге ақыл-ес ауытқуларының бірнеше себептері ғана белгілі. Ал нақты дерек жоқ.
Игорь ЛАНДА, Солтүстік Қазақстан облыстық психоневрологиялық диспансерінің бас дәрігері:
– Дәрігерлер психикалық аурулардың нақты неден пайда болатынын білмейді. Тек бірнеше себептері ғана анық. Мысалы, генетикалық жолмен таралатыны анық, әке-шешесі осындай жүйке ауруына шалдыққан болса баласында да кездеседі. Сәбидің дүниеге келу сәтінде алған жарақатынан немесе адамдардың басынан алған жарақаты да психикалық ауруға әкеліп соғатыны белгілі. Және экологияның да жүйкеге тигізер әсері мол екені анықталып отыр. Оған жоқшылықтың зардабын ұзақ уақыт тартқандарды қосыңыз. Бүгінде ел арасында көбейіп кеткен суицид те осы психика ауытқуының салдары дер едім.
Дәрігерлер әсіресе жүйке ауруының балалар арасында соңғы жылдары кең етек алып бара жатқанына алаңдаулы. Облыстық психоневрологиялық диспансердегі 225 орынның 25-і сәбилерге арналған және ол орындардың бір күн де бос қалған кезі болған емес. Диспансерден бөлек Қызылжардағы балаларға арналған психоневрологиялық интернатта да күндізгі стационар ашылып, күніне 35 балаға ем-дом көрсетілуде.
Жүйке ауруының артып бара жатқанын осы интернат-үйлердің санына қарап та аңғаруға болатындай. Солтүстік Қазақстан сияқты шағын облыстың өзінде төрт бірдей психоневрологиялық интернат-үйі бар екен. Жүйкесі сыр берген жандар қоғам үшін қауіпті, ал оларды оқшау ұстауға интернаттар соңғы жылдары тарлық ете бастады. Сондықтан Қызылжарда тағы бір осындай мекеме ашу қажеттілігі туындап отыр.
Асқар САҚЫПКЕРЕЕВ, Солтүстік Қазақстан облыстық еңбекпен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының бастығы:
– Біздің облыста барлығы сегіз интернат-үйі болса соның тең жартысында психоневрологиялық ауруларға шалдыққан жандар тұрады. Біреуі балаларға арналған, онда 85 бала жатыр, ал тағы 35 орын күндізгі стационарда. Соңғы кезде аталмыш дертке шалдыққандардың саны артқаны аңғарылады, себебі біздің қарамағымыздағы мекемелерге кезекке тұру мәселесі күрделеніп барады. Тайынша ауданындағы 400 орындық интернатты кеңейтіп, 500 адамға дейін қабылдадық. Айыртау ауданындағыны 10 адамға кеңейттік, енді тағы 15 кісіге арттырмақпыз. Бірақ бұл да аздық етуде. Бұл да проблеманы шеше алар емес.. Сондықтан жүйке ауруларына арналған тағы бірнеше интернат-үйін ашу жөнінде ұсыныс жасап жатырмыз. Тиісті ғимарат табылып, қаржыландыру мәселесі шешілсе ашылады да.
Қазаққа баспана жетпей жатса жас отаулардың көбейгені, сәбилеріміз балабақшаға бара алмай жүрсе дүниеге келген нәрестелердің артқаны. Бұған бір жағынан қуану керек. Ал «жындыханаға» деген қажеттіліктің пайда болғаны қазақтың басына түскен қасірет емей немене? Кеңес үкіметі тұсында «жындыханалар» құпия мекеме ретінде болатын. Империя саясатына қарсы пікірдегілерді осында әкеліп тәрбиелейтінін жұрт әлі ұмыта қойған жоқ. Қазақтың да талай ұлдарын «жынды» атандырған. Ал бүгінде саясат өзгерді, бірақ «жындылардың» саны азаюдың орнына артып барады. Неге?
«Жындыхана» жетпей жатыр
Последние статьи автора