Жүрек тұсына оқ тиген: Әйел мен баланы ажалдан құтқарған офицер
Қазақстан Республикасының Конституция күніне орай ІІМ мұражайында арнайы экскурсия өткізілді, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Қазақстан полициясының негізгі міндеті – адамның және азаматтардың өмірін, денсаулығын, құқықтары мен бостандығын, қоғам мен мемлекеттің мүдделерін құқыққа қарсы қолсұғушылықтардан қорғау.
Іс-шараға Астана қаласы полиция департаментінің учаскелік полиция инспекторлары қатысты.
ІІМ мұражайының меңгерушісі Алмагүл Сатмағанбетова қонақтарды жәдігерлердің тарихымен таныстырды. Ішкі істер органдарында өз өмірлерін қиып, азаматтарды аман алып қалған қызметкерлер жетерлік. Солардың бірі – 40 жылдан астам уақыт бұрын қызмет бабында қаза тапқан милиция лейтенанты Қалқаман Сембаев.
Ол Целиноград облысы ІІБ Атбасар ауданының ішкі істер бөлімінің учаскелік полиция инспекторы болып жұмыс істеді.
Офицер 1982 жылы 22 қыркүйекте әйел мен баланы мылтықпен қаруланған ер адамнан құтқарамын деп көз жұмды.
Жастардың назарына ержүрек полицейді еске алуға арналған жаңа экспозиция ұсынылды.
Қаза тапқан батырдың жесірі Екатерина Сембаева мұражайға құнды жәдігер – оқ ізі қалған китель, бас киім, Қалқаманның әріптестерінің әсерлі хатын, ескі фотосуреттерін, Алматы милиция мектебін бітіргені туралы дипломын тапсырды.
Полиция қызметкерлері Екатерина Капарқызының әңгімесін ерекше ықыласпен тыңдады. Оның марқұм күйеуіне Мемлекет басшысының Жарлығымен “Ерлігі үшін” медалі табысталды. Әйел марапатты 7 мамырда ішкі істер министрінің қолынан алды.
Іс-шараға батырдың қызы Армангүл Сембаева, немерелері Арлан мен Нұржамал қатысты.
Әкесінің даңқты жолын жалғастыра отырып, қызы бүгінде көліктегі полиция департаментінде қызмет етіп келеді.
Мұражайға келген жас қызметкерлердің арасында учаскелік полиция инспекторы Азамат Өтегенов те болды. Ол 2020 жылы пәтерде тұншығып қалған қызды құтқарды. Үйден газдың иісі шығып жатқанын полицияға көршілері хабарлаған. Тәртіп сақшысы иістің қайдан шығып жатқанын анықтап, үйге терезеден кіріп, адам өмірін ажалдан арашалап қалған.
Соңғы сағатта көп оқылған жаңалықтар осында Massaget.kz