Жұмыссыздық. Жоғары жалақы қай салада?
Жастар арасындағы жұмыссыздықтың басым бөлігі Алматыда. Ресми дерекке сәйкес Алматыда 14 мыңнан аса жас маман еңбек нарығында өз орнын таппаған, деп хабарлайды «Хабар 24».
Республика бойынша әрбір бесінші жұмыссыз адам Алматыда тұрады. Оған негіз де жоқ емес. Еліміздегі жоғары оқу орындарының 30 проценті оңтүстік астанада орналасқандықтан, оқуын бітірген жас мамандардың көпшілігі еліне қайтпай, Алматыда қалып қояды. Себебі мұнда қызмет көрсету саласында еңбек етуге мүмкіндік бар.
Дамир Дайырбек, IT маманы: – ІТ мамандығын бітірген соң техника сататын дүкенде жұмыс істедім. Сондай-ақ колл орталықта да еңбек еттім. Достарымның көбі осындай жұмыстарды істеді. Жеткізу қызметінде жүргендер де бар. Қазір негізінен онлайн жұмыстарды жөн көреді көбі. Инстаграмнан, тик-токтан көп пайда табуға болады.
Ресми түрде жұмыссыз саналғанымен, олардың табысы жаман емес. Кеңседе отырған кейбір азаматтардан көп табады екен. Көпшілігі аз уақытта аяққа тұрып, жағдайларын жақсартып алуды қалайды. Жастар арасындағы бұл үрдісті жұмыс берушілер мен жұмыс іздеушілердің арасын байланыстыратын рекрутингтік агенттік өкілдері де жоққа шығармайды.
Рахима Махмудова, рекрутингтік агенттіктің менеджері: – Бұл жаһандық тренд, жастар қазір оны жақсы түсінеді. Табан аудармай бір жерде 10 жыл қызмет етсең, бөлім басшысы боласың деген түсінік ескірген. Жастар жалақы қайда көп, сол жаққа қарай мойын бұруда. Ол жерде қабілетің болса жеткілікті, тез төселіп, табысқа жетуің оңай. Әрі дамып, өсуге де, қосымша білімді жетілдіруге де мүмкіндік мол.
Дегенмен еңбек нарығында дипломды мамандарға сұраныс жоғары. Осы жылдың екінші жартысында жұмыс берушілер тарапынан түскен ұсыныс 16 процентке өскен. Әсіресе ІТ саласының мамандары ауадай қажет. Ең бастысы, жастардың өз біліктілігін көрсетіп, бастапқы тәжірибе жинауына мүмкіндік беру керек. Бұл бағытта Алматыда 6 жұмыспен қамту бағдарламасы жүзеге асырылуда. Әсіресе оқымаған, дипломы жоқ жұмыссыз азаматтарға басымдық берілмек.
Қайыржан Меңдіғалиев, қалалық жастар саясаты басқармасының басшысы: – Біз азаматтардың бұл тобын жұмыспен қамту үшін арнайы механизм әзірлеп жатырмыз. Мәселен, Алматы қаласы әкімдігінде түрлі бағыттағы мемлекеттік тапсырысты орындайтын бөлім бар. Әкімдіктің тапсырысы бойынша жолдардың, ғимараттардың және басқа да нысандардың құрылыс жұмыстарында қанша жұмыс орындарының ашылып жатқанын анықтап, осы жобаларға Алматы қаласының жұмыссыз жастарының қатысуын қамтамасыз етпекпіз. Бұған дейін мердігер компания жұмыс күші ретінде басқа аймақтардан азаматтарды алып келетін.
Сарапшылардың пікірінше, бүгінде еңбек нарығында веб-дизайнер, IT, жалпы гейм-индустрияның мамандары ерекше сұранысқа ие. Жастар көздеген мол табыс та осы салада.
Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Әбен Нарымбаев, Эдуард Кон