Жұмысшының жалақысы өспесе де, орташа жалақының өсетіні қалай?

Нұрғиса ЕЛЕУБЕКОВ (фото)

Соңғы жылда мемлекеттік қызметкерлердің айлық жалақысы өскен жоқ, ал жекеменшік кәсіпорындардың жұмысшыларының жалақысын арттырғаны жайлы дерек тағы жоқ. Бірақ еліміздегі орташа жалақы көрсеткіші жыл сайын өсіп келеді. Статистика агенттігінің мәліметінше, еліміздегі орташа жалақы көлемі өткен жылы 86 мың теңге көлемінде болса, биыл 105 289 теңгені құрап отыр. Бұл – кеңестік мемлекеттің шекпенінен шыққан елдер арасындағы жоғарғы көрсеткіштің бірі. Алайда бұл көрсеткіштің қайдан алынатыны белгісіз.
Республика бойынша жалақы көлемінің орташа мөлшеріне қатысты сауалнама жасап, зерттеу жүргізген мамандар статис­тикалық мәліметтің шындықтан алшақ еке­нін айтады. Cауалнамаға қатысқан еңбекке қабілетті топ өкілдерінің бәрі биыл  жалақысының өспегенін айт­қан. Зерттеу нәтижесі көрсеткендей, білім және денсаулық саласы маман­дарының жала­қысы 40-70 мың теңге арасында болса, дүкендегі кассирлер мен сатушылардың жалақысы 30-70 мыңды құрайды екен. Ал әкімдік және мемлекеттік мекеме маман­дарының жалақысы 40-100 мың теңге аралығында көрінеді. Ал ауыл­дық жер­лерде жеке кәсіпкерлердің қолын­да қыз­мет ететін жұмысшылар, тіпті 20-30 мың теңге алады. Өйткені ауылды жерлер­де жұмыс орны тапшы. Ал жұмыс беруші­нің 20 мың теңге жалақы тағайындауға толық құқығы бар. Өйткені бүгінгі таңда рес­публикадағы ең төменгі жалақы – 18 660 теңге болып, заңмен бекітілген. Сон­дықтан 19 мың жалақы төлеп отырған­дардың әрекеті заңға қайшы емес.
Десе де, елімізде 105 мыңнан артық жалақы алатын мамандар да бар. Олар, негізінен, ұлттық компаниялардың бас­шылары мен топ-менеджерлері. Алайда олар «коммерциялық құпия» дегенді желеу етіп, жалақы жайлы ақпар бермейді. Сондықтан кейде бейресми дерек көз­деріне жүгінуге тура келеді. Сондай бей­ресми дерек көзі құрылыс компания­лары мамандары мен саяси мемлекеттік қыз­меткерлердің жалақысы жайлы мына­дай дерек айтады. Дерекке сәйкес, құры­лыс компаниясының директоры – 600 мың, бас мамандар – 300 мың, жетекші ма­мандар 230 мың теңге көлемінде жалақы алатын көрінеді. Ал саяси мем­лекеттік қызметтің жоғарғы деңгейін­дегілер – 600-750 мың, төменгі деңгейін­дегілер 250-300 мың теңге табыс табады екен.
Еліміздегі ең ірі қаржылық құрылымның бірі «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры қызметкерлердің жалақысынан мем­­лекеттік құпия жасамай, олардың 2012 жылда алған жалақысын өз сайтында жария етті. Онда компанияның топ-менед­жерінің жалақысы бонустар мен сыйақы­ларды қоспағанда, 1млн 200 мың теңге екені айтылған.
Ал бейресми дерек көздері жұмысшы­лардың жалақысы өспегенімен, топ-менед­­жерлер мен басшылықтың жала­қысы, бонустары мен сыйақылары өсіп отыратынын жеткізеді. Соның нәтижесінде еліміздегі орташа жалақы мөлшері ауық-ауық артып отыратын көрінеді.
Байыптап қарасақ, еліміздегі орташа жалақы мөлшері осылай, екі топ-менед­жері мен жүз балабақша тәрбиешісінің жа­лақысынан құралады екен.
Төменгі жалақы мөлшерін өсіру қажет
Қазақстандық тағамтану академиясы маман­дарының айтуына қарағанда, ере­сек адам организмі қалыпты жұмыс істеуі үшін азық-түлік себетінің ең төменгі құны 15-16 мың теңге болуы қажет. Бұл – ең төменгі күнкөріс деңгейінің 45 пайы­зы. Ал ең төменгі күнкөріс деңгейінің қал­ған 55 пайызын коммуналдық, меди­ци­налық және басқа да қызмет түрлеріне кететін шығындар құрайды. Сондықтан бүгінгі таңда ең төменгі күнкөріс деңгейі 18 660 теңге емес, шамамен 35-36 мың теңге болуы тиіс.
Жалпы, ҚР Еңбек және халықты әлеу­меттік қорғау министрлігі мамандары да бүгінгі таңдағы ең төменгі күнкөріс деңгейі мөлшерінің төмен екендігін мойындап отыр. Министрлік мамандарының есебін­ше, халықтың еңбекке жарамды тобына белгіленген ең төменгі күнкөріс деңгейі жалпы халықтың жан басына шаққандағы сондай көрсеткіштен 30 пайызға артық болуы тиіс. Яғни ең төменгі жалақы мөл­шері 18 660 теңге емес, 24 258 теңге болуы керек. Сондықтан да қазіргі уақытта министрлік мамандары ең төменгі күнкөріс деңгейінің көлемін арттыруды қайта қарап жатқан жайы бар.
Жалақы мөлшері жыл сайын қаралуы керек
Әлемдік тәжірибеге көз салсақ, на­рықтық қатынастармен дамып жатқан елдерде жалақы мөлшері елдегі инфляция деңгейін ескере отырып, жыл сайын қайта қаралады екен. Жалақы мөлшері жұмыс беруші, кәсіподақ және мемлекет өкіл­дері­нің қатысуымен үшжақты келісім негізінде белгіленеді. Кейбір Еуропа елдерінде жекеменшік кәсіпорындар үшін мемлекет жалақы мөлшеріне тарифтік автономия жариялаған. Мұндай елдерде жалақы мөлшері жұмыс беруші мен кәсіподақ арасындағы келісім негізінде бекітілетін көрінеді. Мысалы, болжам бойынша алдағы жылы инфляция 3 пайыз болады деп күтілсе, жұмыс беруші жалақыны 5 пайызға өсіруді ұсынады, ал кәсіподақ 7 пайызға арттыруды қолдайды. Келісім нәтижесінде тараптар бір ортақ мәмілеге келіп, келесі жылға жалақы мөлшерін 6 пайызға өсіруге уағдаласады.
Өкінішке қарай, біздің елде ондай жүйе жоқ. Сондықтан да жалақы мөлшерін жұмыс беруші өз қалауымен белгілейді. Сол себепті қарапайым жұмысшы мен басшылардың жалақысы арасындағы ал­шақтық 10-15 есеге артқан. Мысалы, жұ­мысшы 100 мың теңге жалақы алса, топ-менеджерлер мен басшылардың жал­ақысы 1,2-1,8 млн теңге. Оған қоса, бас­шылар мен топ-менеджерлерге сыйақы мен бонус қарастырылған. Себебі жеке­меншік кәсіпорындардың жалақы саясаты­на мемлекет араласпайды, ал кәсіподақтың шама-шарқы жоқ.
Жалақының төмен болуы мемлекет үшін де тиімсіз
«Жалақының төмен болуы ел эконо­микасы үшін де тиімсіз» дейді мамандар. Өйткені жалақы аз болса, бюджетке түсетін салықтық түсім мөлшері де азаяды екен. Сонымен қоса, мамандар айлық жалақы аз болған жерде жұмыс сапасы да соған сәйкес болатынын айтады. Олардың пайым­дауынша жалақы ол – жұмыскерді ынта­лан­дыру құралы. Яғни жалақысы жоғары болса, қызметкер барынша сол жұмыс орнын жоғалтпау үшін сапалы еңбек етуге тырысады. Демек, жалақының жоғары болуы мемлекет үшін де, жұмыс беруші үшін де, жұмысшы үшін де тиімді болмақ. Алайда қазіргі кезде мұның бірі де ескеріліп жатқан жоқ. Жұмыс беруші үшін ең бастысы сапа емес – қомақты табыс. Біздің жұмыс берушілер ол межеге жал­ақыны аз төлеу, салықтан жалтару арқылы жеткенді жөн көреді. Ал оған мемлекеттік бақылау да қазір әлсіз болып тұр.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста