Жүкті әйелдердің жерік асы неге тексерілмейді?
Аяғы ауырлаған аналардың әрдеңеге көңілі ауып, не жерін білмей аласұратыны бар. Апа-әжелеріміз қолынан келсе келінінің жерік асын тауып беруге құмбыл, әрине. Бүгінгі аналар арыстанның жүрегі мен аюдың өтіне жерік болмайды аңыздағыдай. Олардың жерігін бүгінде көшеде жағалай сатылатын бір кесек топырақ пен әктен жасалатын бор яғни тақтаға жазатын кәдімгі бор басып жүр.
Жүкті әйелдердің сүйікті асы бүгінде еліміздегі бүкіл базарларды жаулап алған десек артық айтқандық болмас. Шымкент, Тараз қалаларында 100-200 грамм кесектің құны 25 теңге тұратын еді бұрын, бүгінде ол да қымбатшылықтың құрығына ілікті. 100 теңге. Ал Астана, Алматы сынды ірі қалаларда одан да қымбат әрине. Кәдімгі қатқан топырақты кесек-кесек етіп бөліп, қалташаға әдемілеп салып қойған. Қалтаға ауыр салмақ салмайды, әрине. Тіпті оны облыс орталықтарынан көтерме бағасына сатып алып, мегаполистерге апарып сататын саудагерлер де бар болып шықты. Әрі бұл өте өтімді тауар саналады екен. Дегенмен жеріктікті басқанымен оның ағзаға тигізер әсері қандай? Оны тек жүкті әйелдер ғана емес, кішкентай балалар да сүйсіне жейтін болып шықты. (Әк тас) яғни бор, (саз балшық) яғни кесек жеуге құмарлардың саны неге артып кеткен? Дәрігерлер бұл өнімдердің зиянын айтып зар қақсағанымен оны тыңдар құлақ табылмай тұр әзірге. Олардың айтуынша жүкті әйелдер тек дәріханаларда тегін берілетін дәрумендерді қолданғаны жөн дейді. Дегенмен зиян деген сайын оған құмартушылар көбеймесе азаймай отыр. Еліміз бойынша күмәнді заттың құрамын анықтайтын бірде-бір зертхана жоқ екен. Мамандар бұл асқа деген тәбеттің тартуын ағзаға кальцийдің жетіспеушілігінен деп түсіндіреді. Ал дәріханаларда сатылатын дәл осы затты алмастырушы глюконат кесек пен бордың орнын алмастыра алмайды. Тіпті біреулер оның орнына құрт шайнап құмарды басуға болады дейді. Алайда екеуінің дәмі екі түрлі болған соң құртқа деген құмарлықты арттыра алмай отыр. Бор мен кесекке деген тәуелділікті әркім әрқалай түсіндіреді. Созылмалы қаназдық дертіне ұшырағандардың басым бөлігі кальций глюконатын тұтынады. Бірақ оның дәмі көбінің жеріктігін баса алмайды. Әрине борды канцелярлық тауар сататын дүкендерден алуға болады. Алайда ондағы борлардың дені қытайдыкі. Қытайдың қандай тауары болса да қауіпті екені белгілі. Сондықтан оны тұтынудан бас тартуға тура келеді. Алайда оның алармандары да аз емес. Білетіндер Белгородта жасалған бордың дәмі тіл үйіретінін айтады. Белгородтағы "Лантан" фирмасы шығаратын өнімге сұраныс та көп... Мамандар топырақтың құрамында болатын кремнидің микроэлементтерге өте бай екенін айтады. Оны ас ретінде қолданатын елдер әлі де бар екен. Мәселен Қытай, Үндістан, Египет, Оңтүстік Америкада тұратындар кесекті аурудан айықтыратын дәрі ретінде жейді. Мыңдаған жылдар бұрын Авиценна өзінің «Канон» атты кітабында кесектің құрамын жан -жақты талдап жазып кеткен. 1884 жылы доктор С. Посадский кесек пен балшықты дәстүрлі медицинада пайдалану туралы диссертация қорғады. Сорбционды терапияда кесекті жеу ағзадағы радионуклидтерді «қуып» шығатын қасиеті бар екен. Киев экспериментальді патология, онкология және радиобиология институтының ғалымдары кесекті жеу арқылы ағзадағы стронций, цезийден арылуға болатынын анықтады. В. Кривенконың «Литотерапия» атты кітабында рентген-структуралы зерттеу кезінде кесектің құрамында кремний, алюминий, калий, натрий бары анықталғаны туралы жазылған. Ағзада кремний азайып кетсе анемия, рахит, атеросклероз, тас байлану, полиартрит дерттерінің өршуіне сеп болады екен. Тіпті кесек жеуді зерттейтін ғылымды геофагия деп те атайды. Жапониядағы тауларда «Тенгу наны» деп аталатын кесектерді жейді. Қиыр шығыстағы халықтар ақ кесекті «жердің қаймағы» деп атайды. Ресейде кәдімгі кесектерді арнайы зерттеуден өткізіп тұрады. Ол аймақтық санитарлық эпидемиологиялық басқармалардың қатаң сүзгісінен өтеді. Минералдық зерттеулер ГОСТ талаптарына сай болуы керек. Тіпті осы елде сатылатын «КаИл» деп аталатын кесекке РФ денсаулық сақтау министрлігі рұқсат берген. Тіпті Ресейде осы кесек жегізу арқылы адамның ағзасын тазалайтын орталықтар да бар. Ия Ресейде халықтың аңсары ауып тұрған тағамның бәрін де тексеруден өткізеді. Ал бізде көшелерде көптеп сатылатын осы зат назардан мүлдем тыс қалған. Жүкті әйелдер әрине жетіскенннен жемейтіні белгілі. Ағзаға әлдеқандай заттың жетіспеуінен тамағынан өткізіп жүргені айқын. Бүгінде денсаулығында кінәраты бар балалардың көптеп туылуына да осы кесек пен бордың әсер етпесіне кім кепіл? Саудаға шығарылған әрбір затты қатаң қадағалап, пайдасы болса рұқсат беріп, пайдасы жоғы белгілі болса оны айту аса қажет бүгінде. Алайда тиісті мекемелердің назары кесекке жеткенше тасбақа өрмелеп тал басына шығатын шығар?..
Рита Әмірханқызы, Тараз қалалық санитарлы-қадағалау бөлімінің маманы:
– Көшеде сатылып жатқан кесек, борларды тексеру біздің құзырымызға жатпайды. Тіпті нормативке де кіргізілмеген. Ол құрылыс материалдарына жатады. Оны тексеру кәсіпкерлікті қадағалау басқармасындағылардың міндеті. Ол бей берекет сауда түріне жатады. Ол тексеруден өтіп, арнайы қалтаға салынбаған, оны қалай тексереміз. Сапалы тауарға жатпайды. Сауда жасауға қолында арнайы қағазы барларды ғана тексеру міндетіміз.