Жүйке-жүйе ауруларын емдейтін дәрігерлер неге жетіспейді?
Қазіргі таңда дәрігерлердің жетіспеушілігі еліміздің барлық аймағында асқынып тұрғаны рас. Кез келген емхана мен ауруханаларда сарылып кезек күтіп тұрған халық. Бастары ауырып, балтыры сыздап тұрса да, емхана дәрігерлерінің есігінің алдында сағаттап отырады. Тіпті, бір ай бұрын кезекке жазылып барып қаралатын жағдайлар бар. Денсаулық зор байлық десек ақ халаттылардың аздығын қалай тоқтатуға болады. Бүгін біз қасқалдақтың қанынан қат болып кеткен невропотолог дәрігерлер туралы мәселе қозғамақпыз...
Иә, ертеректе әжелеріміз айтып отырушы еді. «Шамаң келсе, ауырма, бақсы мен дәрігерге күніңді қаратпасын», - деп. Сол айтқандай, дәрігерге қаралу жағдайы қазір аса қиындап кетті. Кезек күтуден жалыққан халық қазіргі таңда қаптап кеткен жекеменшік емдеу мекемелеріне барып қаралатын болған. Мұндағы жағдай басқаша. Ақшаға болғандықтан анау айтқандай сарыла күтетін кезек те жоқ. Бір-екі адамнан кейін кезек келіп, кассаға қажетті ақшаны төлеп, ем-домыңды алып жүре бересің. Әсіресе, сәбилер дәрігерлерінің саны аздық етеді.
Ал мемлекеттік емдеу мекемелері баяғы кеңестер заманындағы уақыттан әлі қозғалмағандай. Ұзынсонар кезектің соңы жоқ. Еліміздің барлық өңірінде нөмірі бірінші мәселеде Ақмола облысы да алдына қара салмай тұр. Әсіресе, балалар невропотолог дәрігерінің жетіспеушілігі асқынып тұр.
Жансая Өтемұратова, Көкшетау қаласының тұрғыны, жас ата-ана.
Баламды дәрігерге қарату барып тұрған азап. Кезектің шеті мен шегі болмайды. Невропотолог дәрігеріне баланы қарату тіпті машақаты көп іс. Бір-екі ай бұрын кезекке жазылу қажет. Жазылу үшін де жұмалап күтуге тура келеді. Ал жаңа туған баланың ағзасы мұндайды көтермейді ғой. Сондықтан қиын болса да қауіптеніп қаражатты көбірек шығындасақ та жекеменшік дәрігерге көрсетуді жөн деп шештік.
Расында да, емдеу мекемелеріндегі дәрігер мамандарының жетіспеушілігі еліміздің барлық аймағы сияқты ақмолалықтарды да әбігерге салған. Бұл өз кезегінде бесіктен белі шықпаған балалардың да ми қысымының ауруларына ұшырауына ықпал ете бастапты. Сондай-ақ қан айналымы бұзылған балалардың қатары жиілеп кеткен. Ресми статистикалық деректер қазір еліміздегі әрбір туған баланың 80 пайызы ішкі ми қысымы ауруларына тап болғанын растап берді.
Ақмола облысында да невропотолог мамандарының жетіспеушілігін денсаулық сақтау басқармасы да растап берді.
Қасымжан Тәшметов, Ақмола облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы.
Өңірде барлық дәрігерлердің жетіспеушілігі айқын сезіліп тұр. Атап айтқанда дәл қазір Ақмола облысына 239 дәрігер маманы жетіспейді. Соның ішінде невропотолог дәрігерлері аса тапшы. Мәселен, дәл қазір Ақмола облысына сегіз бірдей невропотолог мамандары қажет. Олардың басым бөлігі яғни бесеуі ауылды жерге қажет болып тұр. Бұдан соң бірнеше айлық кезексіз қалай жұмыс істейміз?
Дәрігер маманының тапшылығы бір жағынан қолдан жасалған ба деген де ой келеді. Себебі, қаражаттан қиналмас үшін дәрігерлердің көпшілігі жұмыс күнінің жарты күнін жұмыс орнына жұмсаса, қалғанын жекеменшік мекемелерде жұмыс істейтін көрінеді. Яғни мемлекеттік емханаларда белгіленген уақытта 2-,5 сағат қана жұмыс істесе, қалған алты сағат уақыты жекеменшік мекемеде науқастарды қабылдайды. Ал еліміздің денсаулық сақтау министрлігі бекіткен заңдылыққа сәйкес бір емделушінің қаралуына 15 минут шамасында уақыт бөлінуі тиіс. Есептеп жіберсек мемлекеттік емдеу мекемесінде невропотолог маманы бір күнде көп болса 10-12 баланы қарай алады. Ал, қалған уақытында жекеменшік емдеу мекемесіне барып, әр қарауына қып-қызыл ақша алу арқылы бұдан пәленбай есе адамды емдейді.
Сонда қалтасы жұқа қарапайым жұрт қайтіп емделмек деген заңды сұрақ туындайды.
Жібек Еламанова, невропотолог дәрігер (есімі өзгертіліп алынды)
Қазіргі қиын-қыстау заманда өмір сүріп, бала-шағаны асырау үшін осындай амал жасамасақ қалай күн көреміз? Өйткені, қазіргі күні қанша көтерілді десек те дәрігерлердің жалақы көлемі аздық етеді. Мәселен жоғары және бірінші санатты 20-30 жылдан астам уақыт еңбек өтілі бар дәрігерлердің өзі 60 – 70 мыңның айналасында ғана еңбекақы алады. Ал бұл азық-түлік пен киім-кешек, басқа да барлық қажеттіліктер қымбаттаған заманда ештеңеге жетпейтіні айтпаса да түсінікті. Сондықтан, жекеменшік емдеу мекемелерінде жұмыс істеуге мәжбүр боламыз.
Расында да күрделі мәселенің түйінін тарқату еліміздің барлық аймағында аса қиынға соғып тұр. Былай тартса өгіз өліп, былай тарса арба сынбақ.
Бұл қаладағы жағдай. Яғни қала тұрғындары кезек күтіп дәрігерге қолы жетпесе, жекеменшік дәрігерге бара алады. Тіпті, қалтасы жұқа болса да баласы үшін қарызданып-қауғаланса да жекеменшік емдеу мекемелеріне бара алады.
Ал ауылдағы жағдай мүлде басқа. Мұнда ауылдағы жұрт аудандық жалғыз ауруханаға жолға шығындалып, одан кейін таусылмайтын кезекті күтуге мәжбүр болады. Оның өзінде бір ауданға бір көп болса екі дәрігер келеді. Кейбір ауданда бұл да жоқ болуы мүмкін. Өйткені, облыстық денсаулық басқармасының өзі облыста 239 бірдей маманның жетіспейтінін алға тартқан. Оның ішінде невропотолог дәрігерлер де бар.
Жиенбек ЖОЛЫМБЕТОВ, қала тұрғыны
–Менің білуімше әрбір бала туғаннан соң міндетті түрде кейін өскен кезде мүгедектікке, ішкі ми қысымына ұшырамасы үшін бірден қарату қажет. Олай етпеген жағдайда балалар ақыл ойы кеміс, дамуы жетілмей ата-ана мен қатар қоғамға да зор қиындық тудыруы мүмкін. Сондықтан, аталған күрделі мәселені тұтас қоғам болып жөнге келтіруіміз қажет.
Иә, жүйке-жүйесі жұқарған адамдар бүгінгі таңда жетіліп артылады. Ауруы жоқ адамдар да аз. Ал емдеу орындарда дәрігер мамандары жетіспейді. Қайтпек керек? Бірінші байлықты қадағалайтын денсаулық сақшыларын қайтсе көбейтеміз? Түйінді мәселе қашан шешіледі? Оны әрине алдағы уақыт пен жоғары билік шешуі тиіс!